Шымкент қаласының жаңа әкімі Н.Сауранбаевтың қала ұстаздарымен кездесті.

Шымкент қаласының жаңа әкімі Н.Сауранбаевтың ел алдындағы сөзін бүгін алғаш рет тыңдадым.
Қала ұстаздарымен кездесуде әкім өз әңгімесін білім саласы төңірегінде өрбітті.
Қағазға қарамай сөйлеген әкімнің сөздерінен өте білімді, шешен және алдына нақты мақсаттар қоя білетін адам екені сезіліп тұр. Өз өмірінде із қалдырған ұстаздарын еске алып, қоғам мен тұлғаның дамуындағы мұғалімнің ролін де білетінін байқатты.
Мерекелік жиын болған соң көп әңгіме айтылмады.
Біз пақырыңыз да, сұрақ қойып мерекелік көңіл-күйді бұзғысы келмеді.
Дегенмен, біраз әріптестер өзекті мәселелер бойынша нақты сұрақтар қойды.
Мұғалімдердің жалақысы мәселесін қала әкімі шеше алмайтынын білесіздер…
Сондықтан сұрақ қойғандар оған тоқталып жатпай дұрыс істеді.

Өз көңілімнен шыққан 2-3 мәселеге тоқтала кетейін.

1. Мұғалімге ғана емес, жалпы адамға ең алдымен қажеті баспана болса, баспанаға байланысты сұрақты қателеспесем, №24 орта мектептің директоры Ұлжалғас апай қойды. Ол кісінің айтуынша, қала ұстаздарының арасындағы жас мамандардың 10 %-ға жуығы ғана қалалықтар екен де, өзгелері ауылдан келіп ЖОО бітірген мамандар екен. Яғни, баспанаға зәру.
Қала әкімі жас мамандарға арнап жатақханалар салуды қарастыратынын айтты.

2. Бір үлкен жиында Облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің бірінен естіген мәлімет бойынша облысымызда 18 оқушыға 1 компьютерден тиеді екен. Ол компьютерлердің көпшілігі 2005-2006 жылдары сатып алынған. Яғни, бүгінгі бағдарламаларды көтере алмайды.
Осы сұрақты бір ұстаз қойды.
Нұрлан Ермекұлының Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің вице-министрі қызметін атқарған технократ екендігінен хабарымыз бар. Сондықтан, қала мектептерін АКТ-н жабдықтау жағына баса көңіл аударады деп сенеміз.

3. Тағы бір сұрақ, қалада білім музейін ашу туралы болса, оған әкім музей ғана емес, облыс орталығында Медицина қызметкерлерінің аллеясын ашқан облыс әкімі Ж.Түймебаевтың үлгісімен Мұғалімдер аллеясын да ашуға ойластыратынын жеткізді.

Сөзімнің соңында, қаламыздың білім саласындағы проблемаларды біршама білетін ұстаз ретінде қала әкімінен өтінерім — бүгінгі күні Қалалық білім бөлімінің жетекшісі ретінде Жанат Арысбекқызы Тәжиеваны алмастыра алатын маман жоқ деп білемін. Сондықтан, 1 әріп үшін дау салып кейбір депутаттың етектен тартқылауын тоқтатуыңызды өтінемін. Әркім өз шаруасымен айналыссын. Ол депутаттың да өзінің қыруар шаруасы бар екенін жақсы білеміз.

ЖАҢА ЖЫЛ БӘРІМІЗГЕ ТАБЫС ӘКЕЛСІН!

(Фото Шымкент қаласының әкімдігінің парақшасынан)