Қамшыұстар
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам!
– Қайда барасың?
– Қамшы сапқа барамын.
– Маған да біреу…
– Жарайды…
Күншуақта отырған Қоңырат қария бүгіндікке осы сөзді әлденеше рет қайталады. Бармақ елідей жіңішке тобылғыны қымтып ұстаған күйі, ұзындығын сан мәрте өлшеді. Барлығы алты тұтам, артық-кемі жоқ. Әрбір сөзді айтқан сайын, қолды қамшысаптың бойымен бір тұтамға жылжытып отыру керек. Жанқалтасынан бәкісін шығарып, ақырын кертіп, ен салды. Қарсы алдында жатқан шарыққа бәкісін жанып-жанып жіберіп, тобылғыны кесуге оқталды да, әлдене есіне түскендей кідіріп қалды. Қолымен көзін көлегейлеп, көшеге қарады. Немересі Самғар сабақтан келу керек еді. Қамшыны ұстайтын сол, ендеше соның қолымен өлшеу керек емес пе?!
«Өй, алжыған басым-ай» деп күбірледі, қамшысапты ұзын кесіп қоя жаздаппын ғой…
– Айғанша! Әй, Айғанша! – деп артынша айғай салды.
Қазан-ошақ жақта бүкшеңдеп бірдеңе істеп жатқан кемпірі «мына жазғанға не боп қалды» дегендей басын қылтитты. Бірақ үн қатқан жоқ, тек иек қағып не керек дегендей ишара жасады. Шалының қасына барып сөйлемесе, алыстан естімейтінін біледі.
– Сағат қанша болды?
Кемпірі үндеместен қазан-ошақ тұратын бастырмаға кіріп кетті. Қоңырат анау естімей қалды деп ойлаған болу керек, қайта дауыстады.
– Әй! Әй, Айғанша! Тас керең болғансың ба, сағат қанша болды деймін саған.
– Не, жиналысқа барайын деп пе едің?
Бұ жолы кемпірі бой көрсеткен жоқ, тек кекесінді дауысы ошақтың мұржасынан көкке атылған қою түтінмен ілесе шықты. Бірақ ол дауыс мұржадан шыққан күйі тоз-тозы шығып ауаға таралып жатқан көк түтін секілді, Қоңыратқа жетпесі белгілі. Сондықтан қария дегбірсізденіп, «Әй!» деп үшінші мәрте айқайлай бергені сол еді, өзіне қарай жүгіріп келе жатқан Айғаншаны көріп, сөзінің жартысын жұтып қойды. Әншейінде таяғына сүйеніп әзер жүретін кемпірі алшалғышына сүріне-қабына екі бүктелген күйі еңкілдеп келеді, оң қолында көсеуі, сол қолына қалта сағатты күміс бауын салақтатқан күйі ұстап алыпты. Сырт қараған адамға Айғанша Қоңыратты көсеумен салып қалуға ұмтылғандай көрінер еді. Бірақ Айғаншаның сыры мәлім. Шалына қол көтермек түгіл, елдің көзінше қарсы сөйлемейтін көнбіс. Бұл жолы да күншуақта отырған Қоңыратқа сағатты ұстата салып, ләм деместен қайта кері жүгірді. Жүгіріп бара жатып, күңкілдеді.
– Сағатты не қылады екен тәйірі, «сағат, сағат» деп қақылдап қалыпты ғой бүгін, бір жұмысты істей қояйын десең өстіп маза бермейді-ау осылар. Қазір балалар сабақтан келеді жалақтап. Таңертең нәр сызбай кетіп еді, қарындары ашқан шығар байқұстардың. Кәртөшкемнің асты да күйіп кетті ме екен, мынаның сағатын тасып жүргенімде. Қалта сағатты елдің шалдары жанынан тастамайды, бұл болса жоғалтып алармын деп маған келіп тықпыштайды.
Айғаншаның күбір-сыбырының ешбірін Қоңырат естіген жоқ. – Мына кемпірге не көрінген, ары-бері безектеп, – деді де қойды ішінен. Күміс баулы сағатын ашып жіберіп, көзіне жақындатып бір, алыстатып және бір қарады. Он екі болып қалыпты, көшенің арғы басынан сөмке көтерген оқушылардың сұлбасы байқалады. Айзере мен Самғар да келе жатқан болар.
Жалғыз баладан туған қос немере дегенде Қоңырат пен Айғаншаның шығарға жаны бөлек. Бетінен қақпай әлпештеп, барын алдына тосады. Екеуі екеуін иемденіп алған. Жарысып еркелетеді, әке-шешесінің «тістерін бүлдіресіз» дегеніне қоймай, тәтті-мәттісін тығып береді. Өздері де еліктің лағындай сүйкімді. Баладан басқа байлығы қалмаған шал мен кемпірді тәтті қылығымен баурап алған.
Қоңырат атадан жалғыз еді, Құдай бұған да алты қыздың артынан бір ғана ұл сыйлады. Енді баласынан да жалғыз тұяқ қалатын секілді. Келіннің ерте белін буып қойғанына Қоңырат іштей наразы. «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар деген, мәнсап қуып селтеңдемей, немерелерімді көбейтіңдер» деп ұлына да айтты, кемпірі арқылы келінге де естіртті. Бірақ бірінен нәтиже болсайшы. Әрі-беріден соң, ол үшеуі қосылып, мұның мазасыздануын түсінбей, мазақ қылып күлетінді шығарды.
– Нең бар, – деген кемпірі кейіп. Қартайғанда сүйкіміңді кетірмей жайыңа отыр. Құдай берген балалар аман болсын!
Соңғы кезде Қоңырат та бұл тақырыпта әңгіме қозғауды қойды, дегенмен жалғыздықтың зардабын бір адамдай көрген басы, немересінің жалғыздығына қазірден алаңдайды. Ұлдың аты ұл, қыздың аты қыз. Ұл – ырысың, қыз – өрісің. Алты қыздың арқасында арысы Атыраудың Беріші, берісі Сыр бойындағы Төртқара, Нарынқолдың Албандарымен құдаласты. Бас құда болып алты рудың төрінде отырып, бас мүжіп, жағалы киітін киді. Құдайға тәуба! Олардан туған жиендерінің өзі бір қауым ел, тіпті, аттарын да ұмытып жатады сол шуыл-дақтардың. Жылына бір келгенде «нағашы аталап», жаны қалмайды байқұстар. Қоңырат та жиендерін жақсы көреді. Бірақ Бекқожа әулетінің түтінін түтететін, ұрпағын жалғастыратын Самғардың орны бөлек.
Биыл Айзере үшінші сыныпқа көшті, Самғар жаңадан мектеп табалдырығын аттап отыр. Ағайын-туғанды жиып, тілашар жасады ел қатарлы. Сол тойда нағашы жұрты жиеніне тай мінгізіп еді, қазір Самғар мен атасының айналдыратын ермегі сол жирен қасқа жабағы. Екеулеп жүріп жем-шөбін береді. Астын тазалайды. Өзі желіде байланған малға ұқсайды, мінезі жуас. Самғар екі бұтының арасынан өтіп, шабын қытықтап жатса да мыңқ етпей тұра береді. Ана жолы ересек балаларды шақырып, үйретіп алған. Енді Самғардың өзіне мінгізіп, бас білдірту ғана қалды.
***
Қоңырат қария совхоз тарағанша өкіметтің қойын баққан озат шопанның бірі еді. Қарап отырса, өмірінің жартысы қыстау мен жайлау арасында өтіпті. Малды өткізіп бергеннен кейін де, жекешеге сарай алып, үйреншікті кәсібін жалғастырмақ болған. Бірақ жалғыз ұлы көнбеді. Көң ойып, қой құрттаудан жалыққан шығарсыңдар деп, төрт түлігін түгел сатқызып, аудан орталығындағы үйіне түбегейлі көшіріп келген. Келін мен баланың екеуі де мұғалім. Жасынан оқу қуып кеткендікі ме, Қоңыраттың жалғызы малға қырсыздау болып өсті. Бүгінде қорасында екі сауын сиыр мен жиырма шақты саулық қана бар. Оның өзін Қоңыраттың күштеуімен ұстап отыр.
– Ет пен сүтті сатып алған деген не сұмдық, келімді-кетімді қонақ болады. Үйден бата жасап, қан шығармай қалай отырамыз, – деп Қоңырат бойбермеп еді. Енді сол аз-ғантай малдың қатарына жирен жабағы келіп қосылғанда Қоңырат ырыс-несібесі тасып, қорасы төрт түлікке толғандай масаттанған.
– Жарықтық Қамбар ата баласы, малдың сұлтаны ғой, белдеуінде бір қылқұйрық байланып тұрмаған қазақ қазақ па тәйірі? – деп шәй үстінде шіреніп әңгіме айтатынды шығарды. Совхоздың қойын өткізіп бергелі сарайдың бір түкпірінен орын алған ертоқым мен жүгендерін шығарып, сүртіп тазалады. Тек кезінде өзі ұстаған қырғыз өрім дырау қамшы, сүйегі қатпаған тайға ауырлау секілді. Сондықтан сиыршы Тілеуқұлға айтып, таудан тобылғы алдыртқан. Сиыршы әкеп берген бірнеше қамшысаптың ішіндегі безі жоқ, жып-жылтырын таңдап алып, бүгін таң атқалы соны айналдырып әлек. Самғар да сабақтан келе салып, Қоңыратты төңіректеп жүр.
– Ата, не жасап жатырсыз? – деген әуелгіде балалық әуестікпен.
– Қамшы жасап жатырмын.
– Қамшы деген не?
Қоңырат бұл сұрақты немересінен күтпеп еді. Жауап бермес бұрын бажайлап бетіне қарады. Шынымен де қамшыны білмейді екен-ау, балуан Бекқожаның ұрпағы, көкпаршы Қоңыраттың немересі деп кім айтады мына бір шикіөкпені. Бұл қамшының не екенін білмейді, ал болашақта мұның балалары не болады? Қоңыраттың қаны басына шапшыды. Бірақ, баланың не жазығы бар? Көрсетпеген, үйретпеген үлкендер кінәлі. Қалада болса бір жөн, аудан орталығында тұрса да қазақы мәдениеттен мақұрым келін-баласына ренжіді. Әй, өзіме де обал жоқ, солардың ырқына көнген, бір сарайда малымды бағып тып-тыныш отырсам маған кім қой деді. Жазғы демалысқа келгенде тайға мінгізіп, тақымын қатайтып, ағарған ішкізіп, көтен-мойын жегізіп, ішегін майлап жіберіп отырғанымда осындай болар ма еді. Қалайша ескермегенбіз, жалғыз немерені шалақазақ қыла жаздаппыз ғой… Қайда қарап жүрміз?!
Қоңырат осылайша өзін-өзі іштей мүжіп отыра берер ме еді, немересі қайта сұрақ қойып үнсіздікті бұзбағанда.
– Қамшы деген қой айдайтын зат па?
– Жоқ!
Қоңырат өзінің дауысы қалай қатты шығып кеткенін байқамай қалды. Жас баланы шошытып алған жоқпын ба дегендей бірден түсін жылытып, сөзін жұмсарта қойды. – Қой айдайтын зат бишік деп атала-ды, батыр, мынау қамшы. Қазақтың әрбір жігітінің өз қамшысы болу керек. Бұл оның басты қаруы. Баяғыда бір қамшыны құлынды биеге сатып алатын серілер, қамшымен бір салып, құнан өгізді шөгеретін мықты кісілер болған. Мынау – сенің қамшың. Енді жирен қасқаңды мініп, осы қамшыны ұстап, тай жарысына барасың. Тайыңды бәйгеге қосасың. Өскен кезде саған дырау қамшы жасап беремін. Ол кезде жирен тайың үлкен ат болады. Оған мініп алып, көкпар тартасың…
«Сенің қамшың болады» дегенді естігенде, баланың жүзі бал-бұл жанып сала берген. Қамшысаптың сертіне айналған сөзді атасының үйретуі бойынша қайталады.
«– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам!
– Қайда барасың?
– Қамшы сапқа барамын.
– Маған да біреу…
– Жарайды…». Қызық көріп, бір емес, бірнеше мәрте былдырлап айтты, өз қамшысының сабын, осылайша, өз қолымен өлшеді. Тура алты тұтам болған тұстан тобылғы кесілді. Нәтижесінде бала білегіндей шағын ғана қамшысап шықты. Атасы өгіз терісінен иленген таспаны жіңішкелеп тіліп қойған екен, төрт өрім қылып өргенде Самғар шетін ұстап тұрды. Шал мен немересі екі жақтап жүріп, былғарыдан қамшының жүрекше пішіндес алақанын жасады, өрімді тобылғыға қайыспен шандып, шырмауығын байлады. Ең соңында қамшының бүлдіргісін таққан кезде намаздыгер болған еді.
– Ата, қамшым дайын болды ма? – Бағанадан бері осы сәтті күтіп отырған Самғар шыдамсызданып барады.
– Сәл шыдай тұр, батыр, – деді Қоңырат костөмінің қалтасын жалма-жан ақтарып жатып. Анығында ол немересінен бетер тағатсызданып отыр еді.
– Енді не істейсіз? Самғар сұраулы жүзбен атасына қара-ды. Бірақ Қоңырат бұл сұраққа жауап берместен, қалтасынан екі асық алып шықты.
– Мә, ұста, – деген немересіне қамшының сабын ұсынып, өзі әлгі қос асықты алақанына салып, өрімді бойлата жүгіртіп ысқылай бастады. Ара-арасында қолына шырт еткізіп түкіріп, сілекейімен өрімді сулап қояды. Бала атасының бұл әрекетін түсінбей дал. Соны сезгендей Қоңырат:
– Қамшының өрімін осы-лайша ширатпаса, болбырлау шығады балам. Уақыт өте келе тарқатылып кетуі мүмкін. Ал мынандай илеуден өткен өрім берік болады әрі өткір келеді, – деді.
– Ал, Самғар мырза! – деген келер сәтте Қоңырат көтеріңкі дауыспен. Қамшың дайын!
Осы сөзді естуі мұң екен, Самғар атасы жасаған тобылғы қамшыны көз ілеспес шапшаңдықпен іліп алды. Қолына алып, ары-бері төңкерістірді. Шағын ғана бала қамшы, бәйге қамшы. Сабына қарағанда өрімі бір тұтамдай ұзын. Самғар қамшысына сүйсіне қарап, кішкентай алақанымен әрбір жерін сипалап, ұстап көрді. Бүлдіргіні қолына іліп, атқа мінгендей «шу, шулеп» құлдыраңдап шаба жөнелді. Шамасы үйдегілерге көрсетіп, мақтануға асығып барады. Ал Қоңырат үлкен бір шаруаны тындырған жандай разылықпен үсті-басын қағынып, орнынан көтерілді.
«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, бүрлен бүрлен.
Бүрленді аралайды жолын білген.
Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап,
Қызығы бұл жалғанның ойнап-күлген», – деп келетін Кененнің әйгілі әнін ыңылдап айтып, үйіне қарай беттеді. Есік алдына жете бергенде Самғар жүгіріп келіп, мойнына асыла кетті. Атасына рахмет айтқан түрі. Немересінің ыстық құшағынан бәрін сезіп тұрған Қоңырат қарияның да қуаныштан көзі жасаурап, көңілі толқып еді.
– Қамшың қолыңнан түспесін, құлыным! – деп кемсеңдеп баланың орайына тұмсығын тығып, иіскей берді.
Есболат Айдабосын