Елбасы жолдауы: Заң үстемдігіне мән берілді

Бектас БЕКНАЗАРОВ, Сенат төрағасының орынбасары: Заң үстемдігіне мән берілді

Елбасы «Төртінші өнеркәсіп­тік революция жағ­дайындағы да­мудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында ел дамуына қатысты ең негізгі 10 басымдықты атады.
Солардың қатарында заң үстемдігіне ерекше маңыз берілді. 30 жылдан астам судьялық қызметте болған маман ретінде Елбасының заң үстемдігіне үнемі назар аударуының төркінін жақсы түсінемін. Біз 2030-2050 жылдарға стратегиялық даму жоспарын құрып отырған елміз. Осы жылдар ішінде елімізді ең дамыған елдер қатарынан көргіміз келеді. Оған қол жеткізу үшін заң үстемдігін орнатудың маңызы зор.
Елбасы Жолдауда сот және құқық қорғау жүйелерін институттық тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылып жат­қанын, заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаң­дығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілгенін, адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейгенін, құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалғанын айта келіп, болашақта азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттілігін міндеттеп отыр.
Елбасы Жолдауындағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керектігі туралы тапсырмасын бүгінгі күннің қажеттілігі және уақыт тынысын дөп басқан шешім деп білем.
Бұл Жолдау – біздің еліміздің одан ары қарай әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін беретін маңызы зор Жолдау деп есептеймін. Парламент қабылдаған заңдары арқылы бұл Жолдауды жүзеге асыруға еңбектенеді деп сенемін.