Елбасы жолдауы: Ел экономикасының негізгі бағыты

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик: Ел экономикасының негізгі бағыты

Бұл жолы да Мемлекет басшысы дәстүрлі Жол­дауында халықты толғандырып жүрген түйткілді проблемаларға айрықша мән беріп, келесі мәселелерге ерекше тоқталды. Елбасының индустриалды-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы халықтың әлеуметтік әл-ахуалын көтеру, заманға лайық сапалы білім беру, ғылым мен экономиканы, аграрлық өндірісті жаңа заман талаптарына бейімдеу, жаңа цифрлы технологияларды игеру, құқықтық рефор­маларды жетілдіру, адами капиталды дамыту сынды маңызды мәселелердің шешілуін көздеген нақты тапсырмалары халықтың көкейіндегі ойды дөп басты.
Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын кезекті Жолдауындағы 10 басым бағыттың үшіншісі – еліміздегі аграрлық саясатқа арналған. Мемлекет басшысы бұған дейінгі Жолдауларында да аграрлық секторға баса мән беріп «Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын.
Елбасы өзі анықтап берген «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеу­шілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп нақты талап-міндеттер қойған болатын. Биылғы Жолдау аталған Стратегиялық бағыттың әлемдік экономикалық тенденциялармен қатар жаңа сипатта өрбитіндігін анық көрсетіп отыр. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін за-ман талабына сай білікті мамандарды даярлай отырып, агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуді, оларды өндірісте кеңінен пайдалануға жәрдем беруді өзінің басты мақсаты деп санайды.
Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Жолдауда: «Аграрлық университеттердің рөлін қайта қарастыру қажет. Олар тек диплом беріп қана қоймай, нақты АӨК жұмыс істейтін немесе ғылыми ізденістермен айналысатын мамандарды дайындаулары керек. Бұл ЖОО-на білім бағдарламаларын жаңарту қажет және АӨК алдыңғы қатарлы білім мен тәжірибе тарататын орталықтарға айналулары керек» делінген.
Жолдауда көтерілген ауқымды мәселелер Қазақ ұлттық аграрлық университет ұжымының алдында жаңа міндеттерді айқындауда. Бүгінде мемлекеттің берген айрықша мүмкіндіктерін пайдалана отырып, универ­ситетіміз әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформа-циялануға жұмылуда. Бұл орайда ғылымға негізделген инновациялық іс-шараларды жүзеге асыру білікті ғалымдар мен ізденімпаз студенттерімізге жүкте­ліп отырғаны белгілі. Осы орайда мемлекетіміз – жастар­дың сапалы білім мен инновациялық техноло­гияларды игеруіне, олардың заманауи мамандықтарға қол жеткізуіне мемлекет бар мүмкіндіктерді жасап отырғандығын ерекше атап өтуіміз керек.