АСТАНА «КӨК ТҰМАНҒА» ҚАШАНҒЫ ТҰНШЫҒАДЫ?

Сарыарқа төсінде көк тіреген ақшаңқан үйлерімен  көз жауын алатын сұлу Астананың да өз мұңы бар. Оны біреулер білсе, біреулер білмес. Шалғай елді мекендердің бәзбір тұрғындары:  әлем көз тігіп қызыға қараған ЭКСПО сынды көрме өткізген, жауласқанды достастырған, ренжіскенді татуластырған бұл қаланың арманы жоқ шығар деп ойлауы әбден мүмкін.  Оларға айтарымыз: армансыз адам болмайтыны сияқты, армансыз қала да болмайтынын есте ұстаған дұрыс — ау. Өйткені әлемдегі «ақылды» қалалардың санатына кіруге қарекет жасап жатқан Астананың «асқақ армандары» жоқ деуге ауыз бармайды. Өте көп.  Алайда жаздай жайқалып, саф ауасы жаныңды жадыратар  бас қаланы, арқаның сары аязы қысып, түйе мойын мұржалардан қою түтін  «боздай» жөнелгенде «тынысы тарылып», қала көшелерін «қалың тұман» басып, екі аяқты тұрғындарының көзі жасаурап,  көйлектердің ақ жағасы «ысталып» шыға келетінін айтпай кетуге бола ма?! (Бұл өзі күнде қайталанбағанымен, айына бірнеше рет болатын құбылыс). Арқаның салқын  самалы қанша қуғанымен, қала іргесіндегі заводтар мен көліктердің, сондай-ақ жылу қазандықтарының мұржаларынан шыққан қою түтін қала аспанын бүркемелеп, қар орнына кейде қара күйе жауатыны бар… Ондай да әсем қала тұнжырап, еңсесі түсіп жер болған адамдай қабағынан қар жауап, зәулім ғимараттарда отырған шенді – шекпенділерге ренішпен қарап тұрғандай көрінетінін қайтерсің. Ал, қаланы таң сәріден «тұншықтыра» бастайтын ертегідегі құмырадан шығатын дию іспеттес — қою түтін, пенделер сияқты алалауды білмейді – ау, білмейді…

Осы ретте біз «Қазгидромет» РМК гидроорталығының директоры Марина Шмидттен соңғы уақыттары  Астананың аспанын неліктен  жиі түтін басып тұратынын сұрадық.

– Желтоқсан айының ортасынан бастап бізде моңғол антициклоны тіркелді. Ол біршама аумақтың, соның ішінде Астананың да ауа райына әсерін тигізді. Антициклон тынық әрі ашық ауа райы кезінде пайда болады. Демек, атмосферада ауа алмасу болмайды. Осы себепті, зиянды заттар жиналып қалып, түтіннің туындауына себеп болып отыр. Астананы қоршаған жасыл белдеу желдің азаюына себеп болады дегенді қазір бірден болжау мүмкін емес. Кейбір жылдары бізде желдің жиілігі азайды. Бәрі де климаттық жағдайлар мен синоптикалық ахуалдарға байланысты, – деді ол нық сеніммен.

Жасыратыны жоқ Елорда аспанын торлаған қара бұлтты, кешіріңіздер, қара түтінді қайтсек сейілтеміз деген жалынды ойлар жылда дүркін-дүркін айтылғанымен, нақты шешім шықпай діңкелете бастаған –ды. Халықтың да арыз – шағымы жапалақтап жауған қардай- тын!

ТЭЦ-2, сонымен қатар Астананы қоршай орналасқан жекеменшік сектордағы үйлердің мұржасынан шығып жатқан түтіннің атмосфералық ауаны қаншалықты ластап жатқаны бір Аллаға ғана аян… Оны тоқтату үшін тағы да газға жүгінеміз.

Сонымен, қиялға ерік беріп халық газға көшті делік. Қарап отырсақ оның да шаруасы шаш етектен болғалы тұр. Қалтаға да біраз салмақ түсетін тәрізді.Неге? Себебі газға кететін төлемді көмірмен салыстыруға болмайды. Газдың, әлбетте, көмірге кететін шығыннан кем дегенде 2 немесе 2,5 есеге қымбат болатыны айдан анық. Ескі жылдың соңында Астанада осы мәселеге орай Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев және Экология департаментінің басшысы Мансұр Ошурбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын.

Аталмыш жиында  Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаевтың сөзі мынаған сайды.

Ол кісі 2017-2018 жылдарға арналған кешенді жоспар туралы айтып өтіп, құрамында қалалық әкімдік пен құзырлы органдардың қызметкерлері және Қазақстан экологтары қауымдастығының өкілдері бар 5 жұмыс тобы құрылғанын, аталмыш жұмыс топтары жүргізген шаруаларға сәйкес, жергілікті атқарушы билік өкілдері бірқатар ұсыныстар әзірлегенін жеткізді.

Ал Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың сөзіне сүйенсек, магистральдық газ бойынша мәселе әлі де Үкіметтің қарауында көрінеді.

– Бүгінгі таңда Астананы газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Газдандыру бойынша негіздемені жасауды маусым-шілде айларында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жасалып, жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Жалпы, жақын арада Астананы магистральдық газбен қамту шешіледі деп ойлаймын — деді ол.

Сөз соңында айтарымыз: мұның бәрі әлі болжам. Нақты істер келешектің еншісінде. Әйтседе аз уақыттың ішінде  барша әлемге танылған Астана секілді көрікті қаланың көк түтінге қақалып жатуы  — ыңғайсыз! Күні ертең халық саны бұдан да көбейіп жатса – тығырықтан шыға алмай қалуымыз бек мүмкін — ау… Біз қауіпті сезгесін айтамыз — дағы.