Отанға опасыз элита
Қазақ ортасындағы көз үйренген зиялы қауымның басты белгісі күнделікті өмірдегі саналы тұрмыстан танылады. Зиялы қауымның ұғымында терең тамырлы ата тегінен жеткен қасиет бар. Ал бүгінгі элиталық топта ондай да белгі жоқ.
Зиялы қауым қашанда туған елдің қамын ойлайды. Ел үшін ортақ мақсатта қызмет етеді. Элита топтың мақсаты — өзіңнің қара басыңның қамына арналғандықтан, барлық іс — әрекетінде әсіре өзімшілдік басым. Ең ақыры киген киім үлгісі бойынша да біздегі элитаның бет бейнесі алыстан танылады. Ондайларды зиялы қауыммен шатастыру мүмкін емес.
Элитаға тән айқын белгі — қазақ тілін менсінбейтінінде. Олардың орта мектептегі кішкентай «элиталары» қазақ балаларын «мәмбет» деп кекетуі соның бір мысалы. Нағыз зиялы қауым — ана тілдің шынайы жанашыры. Қазақ тілі сол зиялы ұрпақтың арқасында 1989 жылы алғашқы статусын алды. Қазақ мектептерінің саны да сол зиялы қауымның белсенділігімен молайды. Ана тілге берілген екінші статусты да зиялы қауымның ерен еңбегі өмірге әкелдірді. Жалпы, халықтың кешегісі мен ертеңі зиялы қауым арқылы жасалуда. Ал енді, қазақ бетті, еуропаланған жүректі біздің «элита» бұндай ізгіліктерді жек көреді. Жат жұрттықты көргенде алдында құрдай жорғалап жағынатын құлдық психологиядағы біздің элита өзіміздегі жай тұрғындарға менсінбей қарайтын паң мінезділер. Қазақстандық элитаның бүкіл ТМД бойындағы элиталардан басты айырмасы осындай мінезінде. Сондай-ақ, бюрократиялық іс-әрекеттерінде.
Ұлты үшін жанын зиялы қауымды өмірдегі «дайын асқа тік қасық» болып тұра қалған қалталы элитамен қалай шатастырасың?
Ондайлар ел мен жерге, жалпы Отанға опасыз. Соның практикадағы көрінісі 1991 -2002 жылдар арасындағы елдің экономикалық жағдайынан таныс. Мемлекеттің қаржысын батыс Еуропа мен АҚШ–қа қарай мөшектеп алып қашқандар қаржы маңындағы «элита» емей, кім? Ең ақыры медициналық көмектер үшін деп жинаған халықтың ортақ қаржысын да сол еуроақштық жүйеге қарай арқалай қашқан опасыздардың бірде біреуі әлі күнге дейін ұсталмағаны біздегі элиталық жағдайдан емей, немене?
Элитаның Отанға деген опасызыдығы есіктен төрге дейін көсіліп жатыр. Содан ең құзырлысы экономикалық және мансаптық жемқорлық. Қазақстан мемлекетіне жақсылық ойлаған мансаптылар болса, мемлекеттің ішкі жағындағы ортақ мүддеге бұлайша қарсы тұрмас еді.
Ортаны жайлаған жемқорлық бізде үш түрлі классификацияда екені белгілі. Осы жылдар ішінде бар еркімен гүлденген сол коррупция өте — мөте 1992 – 2003 жылдар арасында біздегі дамуға барынша қарсы тұрды. Экономикаға орасан зиян келтірді.
Элита топтардың іс — әрекетінде қандай сөлекеттігі болса да, мейлі, соның бәрін Қазақстан Үкіметі қалыпты жағдай ретінде қабылдайтындықтан элитаның мерейі баршадан үстем. .
Жаңа қазақтың жарқын болашағына қарай еркіндік жолын сілтеп тұрған қазақ элитасының бұндағы зиялы қауымнан тағы бір өзгешелігі, жақсы мен жаманды ажыратуға жетпейтін ми жүйесінде. Ақшаң болса ақыл керек емес ұлағатындағы біздің элита қазақи намысты не қылсын? Сондықтан да некесіз өмір «элита қыздарға» қызықты.
Қазақ болып туылғанына намыстанатын ардақты «элита арулар» біздегі қазақ тілі тұрмақ мемлекеттің өзін де менсінбейтін ақылдылар. Осы жағынан қарағанда бұлар жаппай бой жазу еркіндігінде жүр. Иә, біздегі элита шынымен де бой жазу үстінде! Бой жазудан кейін не боларын зиялы қауым ғана іштей сезеді. Элитаның тағы бір ерекшелігі осында.
Мағрипа Жылқыбаева