ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН ТҮЛЕГІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Атырау медициналық колледжінде тағылымы мол мәдени шаралар жиі өтеді. Дегенмен бұл жолғы жиын ерекше болды. Колледжде Атырау қаласының «Жыл адамы – 2017» номинциясының бас жүлдегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, осы оқу орнының түлегі Ерлан Күмісқалиевпен кездесу салтанаты ұйымдастырылды.
Бір кездері өзі білім алып, орта буын медицина қызметкері мамандығын меңгеріп шыққан білім ордасына бүгінде танымал тұлға болып аяқ басқан Ерлан толқулы көңілін жасыра алмады. Жиналған жасөспірім студенттерге өмірбаянын әңгімелей келе, медицина колледжі оқытушыларының берген білімі мен өнеге тәлімі үшін алғысын жеткізді. Әсіресе, ол медициналық қызмет мамандықтарының қыр-сырына тоқталып, фельдшер, мейірбике ісін таңдаған жанда адамгершілік пен мейірбандылық қасиеттердің мол болуы кәсіби шеберлікпен ұштасып жататынын айтты.
— Мен Жылыой ауданы Сарқамыс поселкесінде туып өстім. Студент кезімізде 15-16 жаста болсақ та аз ғана шәкіртақымызға ауылдағы ата-ана, апа-іні, бауырларымызға қаладан базарлық деп сыйлықтар ала баратынбыз. Соларды жақсы оқуымыз, үлгілі тәртібімізбен қуантып, сонымен қатар көңілдеріне ерекше қуаныш сыйлағымыз келіп тұратын. Осы ой есейе келе барша адамзатқа деген құрмет пен мейірімге ұласты. Диплом алып шығып, жолдамамен туған жеріме оралдым. Мұнда үлкен еңбек тәжірибесінен өтіп, тұғындардың денсаулығын қорғау жолында ізденіспен қызмет көрсеттім. Қайда жүрсемде қолымнан «Дәрігер анықтамалығы» түспейтін, – деді ол.
Студенттер Ерланның әңгімесін қызыға тыңдады, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Оның өмір жолындағы қиындықты жеңе білген ішкі рухының мықтылығын түсінді. Денсаулығына ауыр дерт қауіп төндірген шақта өмір үшін арпалысқан жас жанының мазасыз ойларын сенімге жеңдіріп, жазылып шыққан соң бар ғұмырын мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арнауы тыңдап отырғандарды ойландырып, толғандырды.
Миы терең зақым алған балаларды емдеуді Ерлан өз орталығында тегін атқарады. Атырау облысынан осындай 300-ден аса балаға канистерапия, иппотерапия арқылы емдеу жасауда. Ол балалардың 85%-ы аяқ-қолының бар екенін сезінбейді. Сауықтыру бағытында арнайы қызмет көрсететін Федя, Корпус есімді иттерді жаңа туған күшік кезінен алып, өзі дайындады. Облыста қоғамдық ұйымдар арасында «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің бұл жобасы «Үздік әлеуметтік жоба» болып танылды.
Кездесуде тағы бір айтылған өзекті мәселе қазіргі кезде логопед, дефектолог, логомассажист сияқты мамандар жетіспейді екен. Жалпы емдік дене шынықтыру қызметінде білімді мамандарға сұраныс жоғары болуда. Осы студенттердің қаперіне беріліп, салалық маманданудың тиімділігі мен жауаптылығы, өзектілігі сөз болды.
Атырау медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Сүлейменұлы Айдынғалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен жиынды қорытындылай келе кездесу соңында Ерлан Күмісқалиевке алғыс айтып, естелік сыйлық табыс етті.
Ал мазмұнды кездесуден зор әсер, тәлім алған болашақ орта буын медицина қыметкерлері алдағы күндерде Ерланның сауықтыру орталығына барып тәжірибеден өтуге, волонтер болуға, мейірбикелік жәрдем беруге ықыластарын білдірді.
Светлана Муньянова,
Атырау облысы