Әйелдің ұмытылған қуат қайнары

Махаббат пен мейірім деген жақсы. Егер жаныңда қорған болар, тірегің, сақтаушы ер азаматың болса. Ол жоқ болса, онда әйел мынау құты қашқан, құлқын билеген заманда өздігінше тіршілік етуге, бала-шағасын асырауға, оларды өзі қорғауға талпынады. Әйел міндетті түрде бетпақ, көк долы болуы шарт емес, бірақ қайтсе де бала-шағасын ешкімге телміртпеуді көздейді. Ал, қызмет көрсету, кішік болу – адамгершіліктің белгісі. Алайда өзін-өзі асырап үйренген әйел тек лайықты, беделді азаматқа қызмет көрсеткісі келеді. Тұйық шеңбер.
Бүгінгі таңда кім мықты, кім нәзік екенін ажырату қиын. Мұндай есепке «нәзікжандар» жүйрік келеді. Ер-азаматтың тісі бата қоймас. «Нәзікжандар» өз құқығының тапталмауын қадағалайды. Ер-азамат жауапкершілікті «бәрібір емес» деп шешкен жаққа жүктейді. Соған қарамастан әрбірінің өз бақытсыздығы бар. Өйткені, еркек пен әйел қандай болуы керектігін әркім әрқалай түсінеді.
Қоғамда әйелдің рөлі орасан. Әсіресе, бұрынғы заманда солай болған. Әйелдің ары, адалдығы, әділетінің арқасында көп мемлекеттер өміршең болғанын тарихтан білуге болады. Ол отбасы мен қоғамның тепе-теңдігін сақтайтын таразы іспетті. Әйелдің ақылы мен даналығы – бейбіт өмірдің, ымыраластықтың кепілі. Оның ішкі-сыртқы әлемі – табиғатынан нәзік.
Сонымен ұмыт қалған жеті құпия:
1.Тәрбие құпиясы
Отбасыда қыз баланың туу әр заманда көктің сыйы деп бағаланған. Қыз деген сөздің түп-төркіні қасиет деген сөзбен астарлас. Қыз туған үйге сүйіспеншілік, қуаныш келіп, Тәңірдің көзі түскені деп қабылданған.
Ата-анасы қызын тәрбиелегенде онымен өте жұмсақ сөйлескен. Қыз балаға қатты сөйлеу, жазалау деген мүлде болмаған. Керісінше, әке-шешенің мақсаты оның тазалығын сақтап, нәзіктігін жетілдіруге үлес қосу болған.
Өйткені, әйелдің нәзіктігі әлемді тербететін сыйқырлы күш. Сол нәзіктікті қалыбын бұзбай сақтап, жеткізу Тәңірінің алдында, қызы үшін, әулеті, руы, жалпы адамзат баласы үшін ата-анаға міндет болған.
Бала күнінен әйел табиғатына тән тәрбие алған қыз бала адамзат баласының бақытын сақтаушы отанасы болып қалыптасқан.
2. Әйел сыйқырының құпиясы
Ерте заманнан әйел қан майданға аттанған ерінің жанын өзінің адалдығымен сақтап қалған. Оның әйели қуаты күйеуінің көзге көрінбес сауыты болған. Жары адал сарбаздар үйіне аман-есен оралып отырған. Қырық жыл қырғын болса да, тек ажалды өледі деген сөз бар. Бүгінгі таңда да әйелдің рухани қуаты ерін барлық жаманаттан сақтап қала алады. Түйсікпен түсінетін жайт. Соғыстан аман келген азаматтар жанын шүберекке түйіп, амандығын кім тілегенін біледі.
Әйел шынында да пейілі таза, ниеті ақ болса, ерін адам түсінбес биікке шығаруға қауқарлы. Әйел «кез келген ақымақты дана, дананы ақымақ» ете алады.
Ана атанған соң әйел Жер бетінің келешегіне араласатын қасиетті құқыққа ие болған. Жерде өмір сүретін пенде баласын тәрбиелеумен айналысқан. Әйел баласының бойына ненің дәнін ексе, соның өсіп-өнетінін білген. Жер бетіндегі тіршілік басталғалы әйелдің өмірінің мәні – дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу болған.
3. Сұлулықтың құпиясы
Сұлу болу – әйелдің қалыпты күйі. Ертегі-аңыздарды оқығанда ондағы басты әйел кейіпкері атанған ерекше сұлу болғанын баяндайтынын білеміз. Көзтартатын сұлулық. Әр мәдениеттің, өркениеттің сұлулық туралы өзіндік ой-толғамдары болғанымен, барлық сұлуды біріктірген бір сипат – көзтартатын нұрлы дидары айтылады.
Сұлулық жанардан шашылған шұғыладан байқалған. Жылы жымиыспен көмкерілген. Аққу мойын, ақ торғындай терісі. Бақытты жанның әлпеті. Әйелдің сұлулығы қалыпты күй.
Уақыт өте келе әйелдің сұлулығы айқынырақ бола береді. Өйткені, жасы келген сайын әйелдің жаны бай, ақылына көркі сай болатыны дәлелденген. Рухани ізгілікке ұмтылып, өмірдің мәнін түсінуі тереңдеген. Ол отбасы мен қоғамға қызмет көрсетуден ләззат алатынын түсінген.
Сыртқы сымбаты әйелдің сыйқырының бір түрі болған. Махаббат сыйқырының бір сипаты. Көне замандағы әйелдер өз киімдерінде түрлі ою-өрнек пен сан алуан пішінді қолданған. Соның әрбірінің өзіндік мақсат-міндеті болған. Әрқайсысы бөлек мәнге ие, өзгеше қуат-күшпен әсер еткен. Әшекейлердің де әсер беретін қуаты бар. Асыл тастар – әйелдің әлеммен байланысын үйлестіріп отырған.
Шаш қою үлгісі де сыйқырға толы. Шаш – ғарыштың қуатын өткізетін торап. Ұзын шашқа көп қуат жиналады. Сол қуатты сәтіне қарай жұмсауға болады. Шашын төбесіне түйіп қою – пирамида негізінде қуатты жинауға ықпал еткен. Ал, шашын желкеге түю – мойынсұну мен тіл алуға әкеледі екен.
4. Бақыттың құпиясы
Өзінің менін жоғалтқан әйелдер бақытын не болса содан іздеп әуре. Біресе еркекпен теңмін дейді, біресе еркекке бүтіндей басыбайлы болуға тырысады. Бүгінгі таңда «көкбет» болған сәнді. Кейбір психологтар бақытты болудың бір ғана тәсілі көкбеттік деп үйретеді екен. Бұл әрекетті тек өз бақытын өз қолымен тұншықтыру десек артық емес.
Көкбеттенудің бір астары өзін өлдіге санау екен. Көкбетпін деп мақтанудың ақыры қауіпті. «Өзіңді ғана ойла, қалағаныңды кез келген жолмен ал» деген сөз әйел жанының тоқырағанын білдіреді.
Махаббат пен мейірім – әйел затының басты қаруы. Біздің ғаламда махаббаттан артық күш жоқ. Махаббат қуаты нені болса да өзгерте алады. Әйелдің күші — сүйе білуінде, мейірімді болуында. Ешкім және еш нәрсе бұл қуатқа қарсы келе алмайды. Ежелгі заманда әйел деп соғыссыз жеңген нәзікжанды айтады екен. Әйел өзінікін ашумен, қулықпен, керілдесумен, реніш-өкпемен дәлелдесе, өзінің сыйқырлы күшінен айырылады.
5. Үйлесім құпиясы
Әйел өзінің күшін қалай сақтайды? Шынайы бақытына қалай қол жеткізе алады?
«Мен – Жанмын» десе, нағыз әйели бастауға жетелейтін сөз. Сонда әйел бейбітсүйгіш, махаббат пен бақыттан құралған өмірге аяқ басады. Бұл тек бір әйелдің бақытына емес, бүкіл елдің тыныштығына кепіл болған сыйқырлы қуат.
Әйел «Мен – Жанмын» дегенді сезінуі керек. Жанның қасиеті неде? Жан мәңгілік, сондықтан қорқатын дәнеңе жоқ. Қиындық келеді, кетеді. Ал, өмір мәңгілік. Жаның сезімге толы болса, махаббат таусылмайды, сарқылмайды. Неғұрлым терең сүйсең, соғұрлым бақыттырақ боласың. Жан деген бақыт, бақытты болу – қалыпты күй. Жан деген сұлулық, ол тек ізгі ниеттерді оятады. Жан деген мейірім мен адамгершілік. Жан деген жұмсақтық пен жылу.
Әйел өзінің жұмсақ табиғатына сай өмір сүрсе, үнемі бай, беделді азаматқа тартымды бола бермек. Бұл үйлесім заңдылығы. Өмір заңы солай. Мұны ата-бабамыз білген, бізге аманаттап қалдырған. Тазалық, мейірім, иілімді болу – әйелдің бақытты өмір сүруінің кепілі.
Нәзікжандар өмір-бақи азаматтың қарауында болған: ең алдымен әкесі мен ағасының қамқорлығында өседі, сосын күйеуінің, қартайғанда ұлы мен басқа туыстарының қорғауында. Бірақ осындай адал ұлдарды кім өсірді? Әйел! Қазіргі таңда еркекке кінә артатын әйелдерге өз баласының тәрбиесіне мұқият болғаны абзал.
6. Алтын ғасыр құпиясы
Әр жыныстының өз мақсат-мүддесін анықтап, сол жолмен жүруі, олардың бақытқа қол жеткізуіне себепші. Соңғы жүз жылдықтар осы сөздің негізсіз еместігін дәлелдеп жатыр.
Бірнеше ғасыр бойы әйел өзінің қоғам мен отбасыдағы мәртебелі орнын ауыстырып алып жүр. Табиғаттың өзі сыйлаған сыйқырлы күш-қуаты зая кетіп жатыр. Көп ғасыр бойы әйел «құқы тапталды». Содан жағдай ушығып, кері бағытқа кетті. Феминистер пайда болды. Бірақ ол да әйел мен еркекті бақытты етпеді. Ажырасу статистикасы шектен шықты. Бақытты отбасы құрсам дегенге сенім кеміп жатыр.
Неке – абсолютті үйлесімнің орындалуы, жер бетінде Тәңірдің құты орнауы. Ері мен әйелі – бір-бірін шынайы толықтырып тұратын жандар. Ер мен әйелдің бойындағы қабілеттің түрлілігін өзгерту мүмкін емес. Ол Жаратқанның заңы. Табиғат заңдылығы. Бірлік деген сол: бірге болу, әр түрлі әрекет ету, бірақ бір мақсатқа жұмылу. Қалаулысы – алуандылықтың ынтымағы.
7. Келешектің құпиясы
Әлемдегі барлық діндер, пәлсапашылар мен гуманистер бір пікірге ұйысады. Мейірім, махаббат, адамгершілік – жетілудің жалғыз жолы осы. Осы қасиеттерді ту етіп ұстаған жан рухани жетіле бермек. Осындай азаматтары бар қоғам өркендейді. Әйел үшін де бұл қасиеттер маңызды. Тіршілік үшін Күн қалай керек болса, әйел үшін мейірім мен махаббат соншалықты керек. Әйелдің өмірі бастан-аяқ рухани жетілуге бастайтын жол. Қызмет ету – оның бақыты. Жақынына қамқорлық таныту – қуатының қайнар бұлағы. Ол тек жүрекпен шешім қабылдайды. Ал, жүрек өмір бастауынан нәр алады.
Әйел періштеден бір саты төмен тұрады деп бекер айтпаса керек.
Үшінші мыңжылдық келгелі жаңа дәуір басталды. Суқұйғыш дәуірі. Көптеген жәдігерлерде ол Әйел дәуірі деп аталады. Бұл бірігу, ынтымақтасу, үйлесіммен өмір сүру, бейбітшілік пен өркендеудің уақыты. Бұл нәзікжандардың жоғалтқан қуатына қайта ие болатын кезең. Жер бетіндегі өзінің лайықты орнына жайғасады. Ол қайтадан тепе-теңдікті реттеп, әлемге махаббат пен киелі рухты қайтарады. Оны орындауға әйелдің қолында бар сыйқырлы күш-қуаты мен мүмкіндігі молынан жетерлік.
Берт Хеллингер
Аударған Шынар Әбілдә