Реніш хаттар 

Егер қарым-қатынас жаныңызды ауыртса, онда ол адамның сіз үшін әлі маңызы болғаны. Әлі де айтылмаған сөз қалғаны. Сезімнің сарқылмағаны. Оларға тек кедергі келген. Қайғы, сағыныш, ашу, реніш. Сағыныш пен қайғыны адам өз бетінше сезініп, бастан өткізеді. Көп адамдар айырылысқан кезде апталап, айлап көз жасына ерік береді. Ал, ашудың жағдайы қиындау. Біз өзімізді жоғалтып алудан қорқамыз. Бұдан ашу тарқап кетпейді.
Ашуланған кезде кеңірдекке келіп тіреліп қалған сөздің бәрін сол адамға емес, қағаз бетіне жазған абзал. Қағаз бәрін көтереді. Бірақ сол сезімнің бәрін сыртқа шығарып, сезініп, біротала құтылу өте маңызды.
Бір-екі сағатқа оңаша қалыңыз. Қағаз, қалам алыңыз. Компьютер жарамайды. Ашуландырған адамға, мысалы ажырасқан күйеуіңізге делік, хат жазыңыз. Әдеттегі хат емес. Бұл жолы дайын сценарий бойынша жазасыз. Барлық сезімді белгіленген кезек бойынша бастан өткересіз. Жүректен босатасыз. Әр пунктті ұқыптылықпен, шынайылықпен жазыңыз. Жазған сайын қандай көңіл-күйде болатыныңызды сезініңіз. Әбден шеріңіз шығып, ішіңіз босап қалғанша тоқтамаңыз. Жазатын нәрсе қалмағанша жаза беріңіз. Бұл белгі. Келесі тарауға өтесіз.
Қымбатты Мырқымбай!
Мен саған мына қылықтарың үшін ашуландым…
Мен саған мынау үшін ренжідім…
Сен былай жасаған кезде маған қиын болды…
Сен былай жасаған кезде қатты қорықтым…
Саған мына кезде көңілім қалды…
Сен былай жасағанда өкпеледім…
Осылай болғаны өкінішті…
Мен саған мыналар үшін ризамын…
Сенің алдыңда мына қылықтарым үшін кешірім өтінемін…
Мен сені босатамын.
Бұл хатқа жәй нәрсе деп қарамаңыз. Тіпті санаңызда ақымақтық деп ойласаңызда, хатты шынайы түрде жазыңыз. Бірінші рет жазғанда мұндай хат көп уақыт алуы мүмкін. Бәрін еске түсіру оңай емес. Жылап қаларыңыз сөзсіз. Егер жылау дегеннің не екенін ұмытып қалмасаңыз. Көз жасымен де кешірім беріледі. Адамның жан-жүрегі тазаланады. Терең тыныстаңыз. Ол да қайғыны жеңуге керемет көмектеседі. Сосын жазыңыз. Мазалаған, маза бермеген күйдің бәрін жіпке тізіңіз. Хатты жазып болған соң ерекше күйге бөленесіз. Жаныңызды жегідей жеген құрттан босап қаласыз. Өте бір жағымды тыныштыққа түсесіз. Сол тыныштықты әсерлі нәрсемен толтыру керек. Шынайы, бүгінгі қуанышпен толтырыңыз. Мәселен, өзіңізге қатты ұнайтын нәрсе алып беріңіз.
Мұндай хат жазған соң тұз қосылған ванна қабылдаңыз. Таза су ішіңіз. Киім ауыстырыңыз. Тағы бір жақсы әрекет ол – дұға жасау. Аллаға сыйынып, қазір жасаған ісіңізге қолдау беруін сұраңыз. Сол адамды жіберіп, еркін өмір, жаңа өмір бастауыңызға көмек сұраңыз.
Хатты не істейміз? Ең басты нәрсені жасадыңыз. Хат жазылды. Оны ешкімге жіберу керек емес. Өртей салыңыз. Тастай салыңыз. Болмаса жерге көміп тастаңыз. Қалауыңыз білсін. Кейде бір хат жазу жеткіліксіз болатын кездер бар. Біраз уақыттан соң тағы бір беймаза күй басуы мүмкін. Хат жазуды қайталаңыз.
Ең бастысы өткенді өзгерте алмайсыз. Соны есте сақтаңыз. Қазір қандай болсаңыз, соның бәрі өмірлік тәжірибенің арқасында. Бір жағынан өмір сүру қиындаса, екінші жағынан сіз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда төзімді, сабырлы бола бастадыңыз. Әр адам өз қателігіне қарап сабақ алады. Өзгереді. Өседі.
Сондықтан өткен өміріңізге алғыс айта біліңіз. Сол тәжірибе сізді көп нәрсеге үйретті. Мінезіңізді шыңдады. Мықты етті. Дегенмен, бүгінмен өмір сүру маңызды әрі қызықты. Бүгініңізді ғана өмір деп бағалай аласыз.

Анна Демидова
Аударған Шынар Әбілдә