Н.Назарбаев АҚШ-та бірқатар кездесулер өткізді
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары барысында Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Майкл Пенспен кездесті.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мейлінше өзекті мәселелерін талқылады. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін мемлекет басшысы Goldman Sachs компаниясы басшыларымен кездесті. Кездесуде тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Goldman Sachs компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады. Халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев:
«Бүгінде барлық құқықтық жағдай жасалды. Ағылшын құқығы базасындағы сот құрылды. Қатысушылар үшін қажетті барлық жеңілдік қарастырылды, соның ішінде виза және салық жеңілдіктері де бар. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Американың Nasdaq биржасымен және Шанхай қор биржасымен ынтымақтастық орнатты», – деп атап өтті.