«ШУАҚТЫ КҮНДЕРДЕН» «КҮРЕТАМЫРҒА» ДЕЙІНГІ ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР
Апамның жаңа кітабы — «Күретамырдың» жарық көруі осы туған күнге сай келгені қандай жақсы болды! «Күретамыр» — қазақ келінінің бойына бала біткеннен бастап, баланың алғашқы мүшелжасынан шыққанға дейінгі әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар жайлы, қазақ баласының тәрбиесіне қатысты тағылымға толы, ұлтқа берері мол туынды.
-О-о-о, бұл кітап шыққан соң білгіштер мен орталық ашып, ақыл айтқыштар мен қазақтың салтын бизнеске айналдыратындар көбейеді әлі, — деп күледі апам.
-Жұрттың бәрі сенің апаң ғой деймісің тегін сөйлеп беретін, қазір көзі тек ақшаның нөмірін ғана көретіндер көбейді, — дейсіз кейде.
Шыны керек, тұрмыстық салтқа қатысты, әсіресе қазақ отбасысында кездесетін көптеген жөн-жоралғының себебін айтып, мән-мағынасын толық әрі ұғынықты етіп түсіндіріп келе жатқан Зейнеп апа ғана. Мойындауымыз керек! Осы уақытқа дейін баланы қырқынан шығарудың маңыздылығын, тұсаукесердегі ала жіптің мәнін апам құсап соқырға таяқ ұстатқандай түсіндірген ешкім жоқ. Соны естіп алғандар бүгінде эфирден ақыл айтқыш. Әрине, қазақтың салты қазаққа ортақ, бір адам ғана жасамайды, бір адамға ғана тиесілі емес. Бірақ сол пысықайлар (өзім нақты бір-екеуін жақсы білгендіктен айтып отырмын, өздерін өзі жақсы таниды олар. Аттарын баттитып жазудан қорықпаймын, тек өзі бір уыс аз қазақтың бірін-бірі жек көргенін қаламағандықтан жазғым келмейді), ең болмаса, дұрыстап түсіндірсе ғой. Олар апаның атын ешқашан айтпайды. Сол кісінің еңбектерінен оқып алғанын ешқашан тілдеріне тиек еткен де емес…)) Өздерінің табиғатында болып көрмегендіктен үзіп-жұлып, шатып-бұтып бірдеңе дегенсиді. Қайталаудан жалыққан емеспін, ондайлар танымал болғысы кеп тыраштанады, эфирден жиі шыға берсем деп армандайды, бірақ сөйте тұра шала-жансар түсініктерімен жастар шатастыруға да үлес қосып келеді. Мейлі ғой, аман болсын!
Ендігі жерде қазақ қыздары мен жаңадан келін атанған қазақ әйеліне «Күретамыр» көмекке келмек. Білмегенді көрсетіп, ұқпағанды түсіндіріп берер тәлімі мол кітап бүгін-ертең қолымызға тиеді, бұйыртса.
-Қазақтың көздері жаудырап білмекке ұмтылған жастарына жарайтын кітап қалдырсам, білгенімді өзгеге айтып жүрсем, — деп жүретін апама мен де ешқашан оқырмандардың тілектері мен лебіздерін оқып бергеннен жалыққан емеспін. Шығармашылықтың адамы осындай ықылас-пейілден рухани күш алады. Ол заңдылық та.
«Шуақты күндерімен» келіндік парызын өтеп, «Бабалар аманатын» жеткізіп, кейінгілердің жүрегінің «Күретамыры» боп соғатын апама алла ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін! Бойынан қуат кетпесін, қаламынан қазаққа керек құнды дүниелер туа берсін дегім келеді. Жалпы, адамды тірісінде бағалаған жақсы. Өлген соң өтірік жылап-жоқтағаның кімге керек?!