Әзіл әлемі

Бес мың сом

Әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа тапсырылады. Шәкең Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға ұлықсат етуін сұрайды. Сонда А. Закарин:

—  Шәкен-ау, бес мың сом бір адамға көптеу емес пе? — деп тартыншақтаса керек.
Шәкен болса іле тіл қатып:

— Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе!  —  деп, қалағанына ұлықсат алып шығыпты.

Мінез
 Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтың жұмсауымен Әбікен Хасеновтың үйіне бір бала жігіт келіпті. «Осындай, Ілияс пен Сәкен сізді шақырады, домбырасын ала келсін деп айтты», — дейді әлгі бала. Соңғы сөзге қитыққан Әбікен домбырасын беріп жіберіп, өзі қалып қойған екен.