Еуропа әдебиетінің көрнекті өкілі Милан Кундераның нақыл сөздері
Атақты чех жазушысы, драматургы, қазіргі заман Еуропа әдебиетінің көрнекті өкілі Милан Кундераның нақыл сөздері
*Адамның уақыты шеңбер бойымен емес, тура жолмен жүйткиді. Адамның бақытты бола алмайтындығының себебі осы. Себебі, бақыт деген қайталауды аңсау. «Невыносимая легкость бытия»
*Келешек — бейтарап әрі ешкімді қызықтырмайтын бос кеңістік, ал өткен шақ қайнап жатқан өмір, өткеннің елесі санаңды еліттіріп, ызаңды келтіріп, қорлайды, сондықтан оны жоқ қылып, жаңадан сипаттағымыз кеп тұрады. «Книга смеха и забвения»
*Адамдар көбіне уайым-қайғысын ұмыту үшін келешекке қарай қашады. Уақыт жолында ойша шекара сызып, сызықтың арғы жағында бүгінгі уайымы жойылады деп сенеді. «Невыносимая легкость бытия»
*Тұрмысқа шықсам деп қиялдайтын бойжеткен өзі де түсініп болмас әлемге қол созады. Атақты армандаған бозбала оның не екенін де білмейді. Әрекетімізге мән беретін дүние өзіміз үшін мейлінше беймәлім боп қалады. «Невыносимая легкость бытия»
*Әйелді әрбір нақұрыс еліктіре алмақ. Бірақ әйелмен қоштасуына қарап азаматтығы танылады. «Вальс на прощание»
*Бала туу — адам баласының болмысына толық келісім білдіру. Егер мен балалы болсам, бұл қылығыммен: мен тудым, өмірді таныдым, бұл жағдай қайталауға әбден лайық екеніне көз жеткіздім дегенді айтқым келгені ғой. «Вальс на прощание»
*Туған жерінен кеткісі келуді армандаған адам – бақытсыз адам. «Невыносимая легкость бытия»
*Басқа жұртты неге және неліктен ашуландыратынымызды ешқашан түсінбей өтеміз, бөтен адамның қай қылығымызға қуанары, яки немізге күлері беймәлім; біздің болмысымыз өзімізге де ашылмас ұлы құпия. «Бессмертие»
Аударған Шынар Әбілдә