Жарасбайдың жаналғышы

Алтай-Қобда өңірінде Жарас­байдың жаналғышы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Ағайынды Жарасбай, Борасбай, Есілбай атты бір атаның балалары шетінен бүркіттің бабын білетін құсбегілер екен.

Бұлар кез келген таудың құсына құмар емес, тек  Көксерке шыңынан ғана балапан алатын әдеті болыпты. Себебі, бұл таудың құз-қиясын, яғни, бүркіт ұя салатын биігін жылдың он екі айында қалың бұлт торлап жатады. Шілденің ортасында оншақты күн ашық тұрады. Дәл осы тұста ағайындылар да тауға аттанады. Қиядан балапан алып қайтады.

Бірақ бұлар соңғы үш жыл қатарынан құр қайтып жүр. Жыл аралатып балапанын ала берген соң запы болған құс ұя­сын ауыстырған ба, әлде басқа себебі бар ма, ол жағы бел­гісіз. Барған сайын ескі ұя бос тұра­ды. Төртінші жыл дегенде Көксеркенің Күреңті бетінде жаңа ұяда бүркіт жұмыртқа басқаны жайлы хабар алады. Құдай бұйыртса, енді үш айдан соң ақ үрпек балапан аламыз деп қуанысқан құсбегілердің жоспарын ойда жоқта пайда болған жаугершілік бұзады.

Батыстан ауып келе жатқан ақ орыстың ашынған әскерінен қорқып ел басқа жаққа ауады. Жарасбай құсбегі ауған елмен бірге үй ішін аттандырып жі­беріп, қасына жылқышы досы Ны­санбайды ертіп Көксеркеге тартады. Ара қонып келсе шынында Күреңті бетінде бүркіт жұ­мыртқа басыпты. Жұмыртқа жарғанға дейін кем дегенде отыз күн бар сияқты. Бір кетсе қайта оралу жоқ. Жаудан қашқан ел анау.

Ақыры ойлана келіп Жарас­бай ауылдан алып шыққан тай­тұяқ күміс жамбысын сыйлап, қағылез қалмақ баласын керегеге таңып ұяға түсіреді. Бала жұмырт­қаға қол тигізбей шапаны­на орап алып шығады. Жұмыр­т­­­қаға адамның қолы тимеуі керек дегенді естігені бар Жарасбай құсбегі шапандағы  жұмыртқаны қара қойдың жүніне құндақтап орап, жылы қойнына салып, көшкен елдің соңынан тартады. Бесінші қонақта көшті қуып жетеді. Ел Қобының құ­мына барып ты­ғылған екен.

Жарасбай Қобының жайпақ тауларын кезіп дала бүркіті қуқарақ құстың ұясын іздейді. Ақыры оны тауып, қуқарақтың жұмытқасын алып тастап, орнына құндақтағы жұмыртқаны орналастырады. Қуқарақтың бүр­кіттен көп айырмашылығы жоқ. Тіпті әдеттенбеген адам бүр­кіт пен қуқарақты  айыра алмай­ды. Айыр­машылығы қуқарақ аңға түс­пейді. Тышқаншылап күн көреді.

Құдайдың құдіретін-ай, бір айға жуықтағанда қуқарақ құс басқан жұмыртқа жарылып аппақ балапан шығады. Жарасбайдың қуанышында шек жоқ,  ақ үрпек балапанды үйіне алып келеді. Балапан құсты жаздай семіртіп, түлетеді. Күздің салқын желіне кеудесін ұрғызып, төс сүйегін қатайтады. Бітіміне қараса бұл құс болашақта нағыз қыран болатын түрі бар. Қашан көрсеңіз көзі жайнап тұрады, мінезі сондай кең, ашу  шақырмайды, қыңыр­лығы жоқ, санының бұл­шық еттері бөлек-бөлек қайыңның то­шындай қатты, кеудесі шалқақ, төбесі жалпақ, маңдайы кең, тұмсығындағы тыныс тесігі зор, мүйізгек пен кеңсіріктің тұтасқан түбі етекті, аузы кере қарыс, жұтқыншағы үңгірдей, тегеуіріні қысқа, жембасары жуан, тұяғы өткір, көзі шүңірек, қабағы биік, шүйдесі нығыз… нағыз қыранға тән сипаттың бәрі бар. Құдай сәтін салса алдағы қансонарда бір байқар.

***

Көптен күткен қансонар да келіп жетті. Жарасбай қасына қағушысын ертіп, қолында бала қыраны аң қағуға шығады. Құстың томағасын тартқаны сол еді, шартарапқа ұмсынып өліп барады. Тура табан астынан сумаң еткен түлкінің бұлаң құйрығын көзі шалып қалған Жарасбай құсына қарап еді, ол да байқаған екен, иығын қомдап сұранып тұр. «Бисмиллаһ» деп босатып қоя береді. Бүркітті аң­ғар­ған қу түлкі бұталы жыл­ғаны қуалап өрге қарай тартып барады. Бала қыран бір дүркін шүйіліп кеп, жалт беріп орай соғып түлкіні шеңгелдеп алды. Жер қия болғандықтан ілген жерінде түлкіні баспай сүйрете көтеріп жазыққа алып түсті. Егер ана қияда басқанда құстың өзі тепе-теңдік сақтай алмай аунап кетуі әбден кәдік-тін. Бұл нағыз айлалы қырандарға тән қимыл.

***

Келер жылдың қысында әйгілі Қожамжар төре Алтай-Қобда бетінің барлық құсбегілеріне сәлем айтып, Лақшын тауындағы қара түлкіні ұстап, терісін әкеліп берген бүркітшіге үйірімен үш тоғыз сыйым бар деп жар салады. Үш тоғызға қызығып, әрі қара түлкіні алдырды деген атақ үшін не бір құсбегілер келіп, шарасыз қайтады. «Ойбай, Жұмабайдың құлашкеріне қара түлкі сарып кетіпті», «Жүністің қоңыр бүркітін қара түлкі жер соқтырып мерт қыпты», «Бұл­ғындық Қибадаттың қыраны топшысын сындырып, аяғын шайнатыпты» т.б.

Ақыры қара түлкіні алдыр­маққа құсын көтеріп Жарасбай да жолға шығады. Қыстың қақаған аязында бүркіт тоңбасын деп оны тері ішікке орап бөктеріп алады. Бірнеше күн жол жүріп Қожамжар төренің ауылына келеді. Алғашқы күн бүркітінің бойын жаздырып, қауырсынын тарап, баптайды. Ертеңінде таң қараңғысында биік шоқыға барып тұрады. Жерге жарық түсе қағушылар қара түлкіні інінен қуып шығарады. Кәнігі қу түлкі қарсыз жиек жолды қуалап оқтай зулайды. Жарасбай бүркітін босатып жіберіп, өзі де қапталдай шабады. Түлкі жақын мойнақты асып көзден ғайып болды. Бүркіт те одан бұрын алдын орап қарсы ағызады. Жарасбай атын қамшылап жетіп келсе түлкі жоқ, бүркіті жер қауып отырып қалыпты. Жарекең аттан түсіп құсын қолына қондырып еді, ол ұмсынып болмады. Қараса қағушылар қара түлкіні қайыра қуып келеді екен. Бүркітін тағы қоя береді. Бұл жолы алданбаспын дегендей қыран әбден биіктеп алды да, екі рет орай шүйіліп кеп, құйрығын көтеріп сақылдап тұрған түлкіге түспей қайқаң етіп шыға берді. Үшінші рет қайта шүйлікті. Қара түлкі тағы да түспейді деп ойласа керек, бұлт етіп ойыса бергенде қыран қара тұмсықтан шеңгелді салды да,  орнында омақастырып басып қалды.  Жарасбай шауы­п жетіп, көзі қызарып кеткен құ­сына екі түйнек жұдырықтай қарды сығымдап асатып-асатып жіберді. Таңғы аяздан ба, бүркіті дір-дір етеді. Қара түлкінің қабырғасын сөгіп, жылы өкпесін жегізді де, бүркітін ішікке орап құндақтап қойды. Түлкінің үлкендігі сондай, терісін сыпырып қанжығалағанда, құйрығы салбырап жерге тиіп тұрыпты. Қара түлкінің терісін көрген Қо­жамжар төре, Жарасбайға үш тоғыз сыйын беріп, бүркітке «Жа­рас­байдың жаналғышы» деп ат қойып, төренің бәйбішесі оған кілем жапқан екен.

***

Тағы бір жылы қыста Жа­расбай жаналғышын көтеріп Қо­бының құмында жылқы отар­латып жатқан ағайындарына барады. Олар айтады: осы маңда үлкендігі төбет иттей, тұя­ғы ешкінікі сияқты, құйрығы сі­леу­­сінге ұқсайтын аң бар, ондай мақұлықты бұрын-соңды көрмеген едік, дейді. Ертеңінде құсбегі құмнан жылқышылар айтқан мақұлықтың ізін көреді. Шынында қызық жануар екен. Ізді қуалай отырып алыстан өзін де байқайды. Құсының томағасын сыпырып қоя береді. Айлалы құс биіктемей құм төбелерді қуалай ұшып барып, аша тұяқ мақұлықты бір айналып шығып, осал тұсың осы болар дегендей сауырынан ұстайды. Сауырына қонған пәлеге ұмтылған аңның тұм­сығын бүре шеңгелдеп басып қалады. Бұл мақұлық зіңгіт дей­тін аң екен. Қазақта бойжеткен ұл мен қызға «зіңгіттей бопты» дейтін теңеу бекер айтылмапты.

***

Жыл сайын Жаналғыштың атағы шығандап құлақ естір жерге жетеді. Алмаған аңы қалмайды. Содан тағы бір қыста Жарасбай бүркітін алып, аңға шығады. Күні бойы ештеме кездеспей күн ұясына ауған кешке салым үйіне қайтып келе жатса, құсы сұранып болмайды. Жан-жағын байқаса тірі тіршілік нышаны жоқ. Құс тағы сұранады. Болмаған соң жібереді. Құс білекті қатты теуіп ұшады. Мұндай қылығын бұрын-соңды көрмеген Жарекең атын тебініп, құсы кеткен жаққа шабады. Құсы жоқ. Тағы бір белегірді асып түсіп байқаса, жерде тамған қызыл қанның ізі жатыр.  Қанның кеппегендігіне қарағанда бұл сөзсіз жаналғыштың әрекеті тәрізді. Біраз жүрген соң, қан тамшылағанды қойып, сигектеп ағып отырыпты. «Япырай, бүркітім жазым болмаса игі еді» деп алаңдаған құсбегі шауып жетсе, анадай жерде таудың үлкен бұғысы сұлап жатыр. Бұғының жұқа қолтығын тесіп жіберіп, қолқасын суырып жеп бүркіті отыр.

Сөйтсе, әбден зарына келген құс тұяғына түлкі ілікпей құ­са­ланып сұранып ұшқанда алыс­тан мына бұғыны байқаған екен. Барған да шоқтығына жабысқан. Арқасындағы құсты тұмсығымен қағып түсірмек болған бұғының қара танауын бүркіт бір аяғымен шеңгелдеп ұстайды да, екінші аяғын шоқтықтан айырмай қатып қалады. Біраз жүрген соң бұғы әлсірейді. Сол сәтте дәніккен бүр­кіт өткір тұмсығымен бұғы­ның кү­­ретамырын орып жіберген. Үш ша­қырымдай жүріп барып тау­дың қоңыр аңы қансырап құлаған.

***

Құсы қартайғанда иесі Жарас­бай «жануар дала сермендесінің қызығын бір адамдай көрдім, бұдан былай еркін өмір сүрсін!» деп қоя беріпті. Балақбаудан босаған құс еркін қалықтап ұшып кеткен. Бір айдан соң айналып соғыпты. Жарасбай құсына қозы сойып беріп қонақ қылған. Қонақасын жеген соң қайта ұшып кеткен. Жаналғышты соңғы рет біреулер атақты Көксеркенің Күреңті жақ бетінен көрген…

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

egemen.kz