«ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР…»
Қазақ отбасында ер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені, ұл – қазақта шаңырақ иесі, отбасының түтінін түтетуші. Халқымыздың тұрмыс салтында ұл баланың бойына қазақтың тектілік қасиеттерді сіңіре отырып тәрбиелейтін болған. «Әке көрген оқ жонар…» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Отағасы өзінің бар асыл қасиеттерін ұлдарына үйретіп, рухы асқақ азамат болып қалыптасуына ықпал еткен. Бұл – қазақ халқының рухани құндылығы, салт-дәстүр сабақтастығы, өміршең ұлттық тәрбиенің жалғасы.
«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ «ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» АЙДАРЫНДА ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДАҒЫ ЕР БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ АЙТПАҚПЫЗ. АЛЫП-ҚОСАРЛАРЫҢЫЗ БОЛСА, МАРХАБАТ!
«Баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақ халқының бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, адамның бақыты-балада деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреу даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Бірақ адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер баланың бойына үлкендердің үлгісімен сіңеді.
Ұл бала тәрбиесінде әсіресе әкенің орны ерекше. Әке тәрбиесі арқылы, балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы анық. Ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан, әке тәрбиесі дұрыс болу керек. Кішкентай ұл үшін әкесінен асып түсер мықты жоқ. Ол машина айдайды, күші көп, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештемеден қорықпайтындығына сенеді. Сондықтан, бала өзінің де әр қылығы, әр қимылы әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Тіпті оның қырынып жатқанына да қызыға қарайды. Бірақ осы талпыныс бірте-бірте басылып қалуы да мүмкін. Егер әке жеке қызығушылықты, көшедегі ойын-сауықты отбасыдан жоғары қойып, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын болса. Балалар есейген сайын ата-ана мойнындағы жауапкершіліктің жүгі ауырлай түсетіндігін ойлай жүрген абзал. Есі кіріп қалған жасөспірімдер енді ата-ана сөзіне, айтқан ақылына ғана емес, істеген ісіңе де мән беріп қарайды. Егер айтуың бір басқа, атқаруың мүлде бөлек болса, бала ондай жалғандықты, көлгірсуді бірден байқайды. Яғни, оларға айтар ақыл-кеңесімізбен ғана емес, ұқыпты тындырылған тірлігімізбен де үлгі көрсеткеніміз жөн.
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой деп мақтайды. Сол секілді сіздің де болашақ атұстарыңыз, отбасы ғана емес елі мақтан тұтар азамат болсын!
Ауыл Халықтық-демократиялық Патриоттық Партиясының фейзбук парақшасынан