Қымбат үй қанша тұрады?
Ташкент қаласында бұрынғы олигарха Дмитрий Лимнің хан сарайы бір күнде автомобиль музейіне айналды. «Фергана» агенттігінің жазуына қарағанда, ол көтерме және бөлшек сауда базарын құрған ең ықпалды адам болған.
Лим 2009 жылы Өзбекстаннан Америкаға қоныс аударған. Елдегі жағдайдың ушығып бара жатқанын байқаған бай қомақты қаражатын ғана алып, өзге байлығын ала тақиялы ағайынның игілігіне тастап кеткен. Қалталы қашқының баспанасын тексерген құзырлы орындар мұнда өмір сүрген отбасының тіршілігіне таңдай қағысқан. Дмитрий Лим араб ханзадаларынан кем емес өмір сүріп, Рим императорының күйін кешкен. Әсіресе қауіпсіздік қызметінің өкілдерін әлемдегі ең қымбат және сирек кездесетін 82 көлік қайран қалдырыпты.
Лимнің коллекциясында одан басқа да түрлі экспонаттар болған. Мәселен, спорттық мотоциклдер, көне көліктерді былай қойғанда, екінің бірі қол жеткізе алмайтын «Porshe-924» секілді темір тұлпар болған.
Лимнің сарайын не істеу қажеттігіне бас қатырғандар алғашында сол жерде балабақша ашпақшы болыпты. Одан кейін «Фозилтепа» спорт кешенін ашқан. 2016 жылы өрт кезінде қысқы бассейін түгел жанып кеткен. Алайда жөндеу жұмыстарынан соң хан сарайының ауласында Өзбекстандағы тұңғыш автомобильдер музейі ашылады.
Бұл жерге келген жұрт миллиардер Лимнің қарамағында болған сан түрлі көліктердің бір бөлігін көзбен көруге мүмкіндігі бар. Коллекционердің біраз көлігі айыппұл тұрағында көрінеді. Тіпті жоғалып кеткендері де бар. Енді бірқатарын тек темір-терсек қабылдау орындарына өткізіп жіберуге болады. Дегенмен хан сарайындай үйдің ауласы өзбектерді қатты қызықтыратын орынға айналған.
Күтім көрмеген баспананың айналасы тозып тұрғаны шындық. Ежелгі көне қалалардан қалған қалдықтарға ұқсайды. Осыдан сегіз жыл бұрын бұл жердің жарқырап тұрғанын екінің бірі білмейді. Кәріс ертегілерінің негізінде жасалған түрлі скульптуралар, субұрқақтар мен арықтар, жасанды тоғандар мен әсем көпірлер, алтын тасбақа, сатылар мен басқа да қызықты құбылыстар түгел сақталғанда байдың үйі баршаның байлығына айналар еді.
Дмитрии Лимнің сарайы — өз алдына ескерткіш. Оған бүгінгі күннің көзімен қараудың өзі керемет. Егер безнесмен бүгінгі дейін тұра бергенде, биліктің қуғынына ұшырамағанда, қазіргі өзбек басшысы оған басқаша қолдау білдірер ме еді?
Иә, әлемде аса қымбат үйлер мыңдап саналады. Америка мен Еуропаны былай қойғанда, капиталистік қоғамға енді бет бұрған Ресей мен Орталық Азия елдерінде де бағасы шарықтаған баспаналар күрт көбейді. Дегенмен, ең қымбат сарайлар Америкада екен. Олардың бағасы әлемдік дағдарыс кезінде де арзандамаған көрінеді. Айталық, Флорида штатының Уиндермир қаласындағы «Versailles» деп алататын вилланың бағасы мықты байлардың өзін ойға қалдырады. Оның иесі – миллионер Дэвид Сигел. Баспананың жалпы көлемі 8360 шаршыметрді құрайды. Ішінде 11 асхана, 33 жатын бөлме, 23 ванна, жабық сырғанақ алаңы, 2 кинозал, боулинг алаңы бар. Үй ауласында бейсбол алаңы, теннис корты, 6 жүзу алаңы, 20 машинаға арналған көлік тұрағы орналасқан. Құны 100 миллион доллар тұратын осы үйді ұстап тұруға арналған шығынның өзі адамның басын айналдырады.
АҚШ-та «The Oaks» деп аталатын тағы бір вилла бар. Массачусетс штатының Кохассете қаласында орналасқан үйдің жалпы көлемі — 1858 шаршыметр. Ондағы жатын бөлмелер саны — 45. Осы секілді мыңдаған баспаналар тек жекелеген қалталы азаматтарға қызмет етіп жатыр.
Мұндай үйлерімен Еувропа мен Азия елдері де мақтана алады. Алайда байлардың арасында азиялықтар қымбат үйлерге қатты қызыға бермейді. Айтпақшы дамыған елдердегі қымбат үйлердің арасынан қазақстандықтардың да баспана сатып алғандары бар екен.
Қазақстандықтар демекші, қалталы қазақтар Алматы мен Астананы былай қойғанда аймақтарда да хан сарайындай үйлер салып алған. Олардың қайсыбірі нарықтың алғашқы жылдарында салған үйлеріне қанағаттанбай, заманауи үлгіде басқа үйлер салып алған. Қазір олардың бірқатары ақылы балабақша, білім беру орталықтары, қонақ үй және басқа да қызмет көрсету орталығына айналған. Егер сол азаматтардың бір бөлігі қымбат үйлерін жергілікті әкімшіліктерге тегін тарту етер болса, шағын бала бақша мәселесі түбегейлі шешілер еді. Бұл енді әр азаматтың жомарттығы мен имандылығына, сауапты іс жасауға деген ұмтылысына байланысты. Қалай десек те қайырымдылықтар қашпаған қазақтың азаматтары қымбат үйлерді де қазынаның игілігіне берер күн туары даусыз.
Дереккөз: https://aikyn.kz/2018/01/22/40053.html
Жолдасбек ДУАНАБАЙ