Аруақтарға құран оқу (Аңыз әңгіме)
Аруаққа құран бағыштаудың сауабы туралы Рабғузидің «Қисса сүл-әнбиясында» мынадай аңыздар бар.
Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «Адамды менен жаратса екен» деп таласады
– Мен биікпін, менен жарат, – дейді тау.
– Мен әзизбін, менен жарат,– дейді алтын.
– Мен тасқынмын, менен жарат, – дейді су.
– Мен дүлеймін, менен жарат,– дейді жел.
– Мен күштімін, менен жарат, – дейді от.
– Мен асқақпын, менен жарат, – дейді аспан.
– Мен жұмсақпын, менен жарат, – дейді ағаш.
– Мен қаттымын, менен жарат, – дейді тас.
Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:
– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлайды. Сонда Алла тұрып:
– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – дейді. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – дейді.
Осы кезде қара жер Алладан дат сұрайды.
– Иә, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – дейді.
– Қара жер қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамдардың ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға құран оқытып, дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруаққа құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – дейді. Қара жер сонда барып тынышталыпты.
Екінші бір аңызында: Ғайса пайғамбар сапарлап келе жатып, жол жиегіндегі моланы көреді.
– Иә, Алла, бұл мола кімдікі? – деп сұрайды. Алла:
– Бір пақырдың моласы? – деп жауап береді.
– Мұның ахиреттік жағдайы қалай?
– Тірісінде құлшылық пен сауаптан мақұрым болған. Тек өлейін деп жатқанда кәлимаға тілі зорға келді.
– Апыр-ай, онда жағдайы қиын шығар. Мен тірілтіп, түрін көрсем бола ма? – деп рұқсат сұрайды. Алла:
– Рұқсат, – дейді. Ғайса дұға қылып еді, өлік моладан тіріліп тұра келді. Қараса сымдай тартылған сымбатты, көркем жігіт екен. Екі бетінен нұры тамып тұр. Ғайса түсінбей:
– Иә, Алла, сен мына адамды құлшылық пен сауаптан мақұрым болған сорлы деп едің. Мынаның бет әлпетінен пейіштің лебі есіп тұр ғой, – дейді. Сонда Алла:
– Бұл пақырдың моласы жол үстінде жатыр. Өмірде ғапыл болғанымен, жанынан өткен-кеткен адам дұға оқып, бет сипайды. Жиі оқылған дұғалардың шарапаты оның жатқан жерін жайлы етті. Жанын менің нұрыммен шомылдырды, – деп жауап береді. Осыдан соң Ғайса кез келген қорымның жанынан өткенде дұға жасамай өтпейтін болыпты.
Дегдар.кз сайтынан