Қазақстан географиясы неге пән ретінде оқытылмайды?

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Нұр Отан» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа жолдаған депутаттық сауалында елімізде Қазақстан географиясы не себепті жеке пән ретінде оқытылмайтынын сұрады.

Депутат Бақытгүл Хаменова: «Еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзгерістерден кейін Қазақстан географиясын жеке пән ретінде оқыту қарастырылмаған. Әлемдегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытады. Жер бедері бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында тұр. Ал Қазақстан Республикасы жер аумағы бойынша 193 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орынды иеленген. Мысалы, Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл оқытса, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері аталған пәнге үш жылға жуық уақытты жоспарлайды екен. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласында:

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе Қазақстаның киелі жерлері географиясының жобасы керек»,— деген-ді. Еліміз бен жеріміздің тарихы мен географиясын терең таныту Елбасының алдымызға қойып отырған нақты бағыты. Биылғы оқу жылынан бастап География деген атаумен жаңа оқулық дайындалғанмен, мектептерде Қазақстан географиясы жеке пән ретінде оқылмайды.

Министр Ерлан Сағадиев мырза аталған мәселеден бейхабарлығын танытса, министрлік алынған ресми жауапта бүгінгі күнге дейін Қазақстан географиясы пән ретінде емес, оқу бағдарламасы есебінде ғана қаралған деген жауап беріп отыр. Жауапты басшылықтың жауабы осындай түсініксіз болса, жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын ба дерсің. Қалай десек те, басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан кең-байтақ атыраптың қасиетін ұлттық мақсатта түсіндіру.

Өзгелермен астасқан қазақ елінің аумағы мен шекарасын Қазақстан географиясында оқыту маңызды. Бұл болашақ алдындағы борышымыз. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарау қажет. Сағаты болғанымен, ешқандай бұйрықсыз ауыстыра салынған Қазақстан географиясы пәнінің атауы оқу бағдарламасында сақталуы шарт»,— деп түйіндеді сөзін. Осылайша, депутаттар Қазақстан географиясы не себепті жеке пән ретінде оқытылмайтынына таңданыстарын жасыра алмады.