Тұмаудан тез арыламын десеңіз…
Тұмау дерті — дала ызғарын сездіре бастағаннан адамның бойына жабысып алатын аса қауіпті болмаса да, жағымсыз дерт. Бірақ, ауруға ем қолданбай, асқындырып алсаңыз, соңы өлімге әкеп соқтыратын ауруларды тудыруы ғажап емес.
Әлсіздік, дауыс ырғағының бұзылуы, мұрыннан судың тамшылауы тұмаумен ауыра бастаған адамның мазасын қашырып, төсекке қарай тартады. Ал сіз осы белгілермен күресудің тиімді жолы массаж екенін естідіңіз бе?
Тыныс жолдары тарылса — кеңейтетін, басты ауру қысқанда — жазатын, мұрын қуысын тазалайтын “нүктелі массаждың” пайдасын көп адамдар біле бермейді. Нүктелі массаждың көмегімен қанайналым арқылы бойға оттегі көп мөлшерде тарайды. Егер тұмаудың алғашқы белгілері байқалса, жаттығудың көмегімен аурудың бетін қайтарып көріңіз. Орындық үстіне аяқ пен жауырынды тік қойып отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз да, терең демалыңыз. Екі алақаныңызды бір-біріне үйкеңіз. Ортаңғы үш саусақпен екі бетіңізді басыңыз. Басуды барған сайын күшейте түсіңіз. Саусақ ұштары бет сүйегін сезгенше басып тұрыңыз. 1 минут осы қалыпты сақтаңыз. Ірі саусақтарыңызды көзге жақын, шеке тұсына апарып орналастырыңыз. Енді қатты қимылмен, шеңбер жасай отырып, шекеңізді уқалаңыз. Екі сұқ саусағыңызды екі қастың үстіне қойып, саусақты ортаға қарай қатты салмақпен жылжытыңыз. Сонда қастарыңыз да бірге жиырылады. Енді саусақты қастан сәл көтеріп, қимылды қайталаңыз. Осы қимыл маңдайда, шаш түбінде жалғасады. Саусақ ұштарымен маңдайыңызды 10 секунд бойы жеңіл соққылармен ұрыңыз. Келесі 10 секундта көздің астын жеңіл қимылдармен ұрыңыз да, кейін і қолыңызды қатты сілкіп-сілкіп алыңыз. Бұл массаждан кейін қолда пайда болған ауыртпалықты түсіреді.
Тұмауға қарсы дәрі-дәрмек көп. Бірақ, дәрілер ауруға ем болса, басқа мүшелерге кері әсерін тигізеді. Сондықтан да, өз ағзағыңызға өзіңіз дәрі болып көріңіз. Жоғарыда ұсынылған жаттығулар кешені тыныс жолдарына өте пайдалы. Ал тұмау кезінде бұл жаттығулар — таптырмас ем. Бастысы, ерінбей, жаттығуларды жасай білу керек. Басты қағида: ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!