Мiндеттi әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесiне өту — уақыт талабы
Елбасының соңғы Жолдауында қойылған міндеттердің ішінде адами капитал да бар. Сонда Елбасы: «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшетін болады»,— деп атап көрсеткен.
Осы мәселеге қатысты Астана қаласы бойынша «МӘМС» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров: «Елімізде денсаулық саласында енгізілген ең үлкен өзгерістердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Елбасының Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттілігіне аса ден қойылған. Осыған орай қор «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосты. Аталған қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Елбасы тапсырмасы бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады. Осы арадағы басты міндет — мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.
Алдағы екі жылда қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналысуды көздеп отыр. Стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу – қор жұмысының басым міндеттерінің бірі. Елбасы қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс екендігін атап өтті.
Елімізде статистика бойынша науқастардың басым бөлігі дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Осының салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат бірнеше есе артады. Қор болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалады. Аталған міндеттер дені сау ұлтты қалыптастыруға бағытталған Қор жұмысының алғышартына айналып отыр. Дені сау ұлттың ғана болашағы жарқын болады»,— дейді.