Қазақтың отын жаққан Надежда жеңешем
Жас кезімізде-ақ аты алысқа жеткен, ақындығымен ғана емес, саналы ғұмырын ел баласын тәрбиелеуге, ұстаз ретінде «ұлтым басқа» демей-ақ, талантымен халқының жүрегінен, әркімнің көңілінен ойып орын алған ардақты ана есімі – Надежда Андрейқызы Лушникова. Кейде пенде болғасын, біреудің «түсімде көрдім, аян берді, содан ел аралап кеттім» деген сыңайлы әңгімелерін естісек те, аса мән бере қоймайтынымыз жасырын емес. Ол жаңсақ ұғым екен. Тіпті, ойда да жоқ, әңгіме де етпеген едік, әйтсе де, екі-үш күн бойы түсіме Надежда апай кіре берді. Өңімде де көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Бұл болған оқиға. Енді сол әңгімеге ауысайын.
Надежда апайды білмейтін қазақ жоқ әсте. Үмбетәлі ауылына ат басын тіредік. Көк қақпалы үйге жақындап келдік. Көшеге қараған ашық терезеден самбырлай сөйлеген бала-шағаның даусы естіліп тұрды.
— Надежда апаларың үйде ме? — деп сұрадық. Ашық терезеден далаға бастарын созып қарап тұрған жеткіншектер жауап бергенше, ар жақтан «кірсін үйге, келе берсін» деген дауыс саңқ етті. Имене басып, есікті аштық. Төр алдында кәдімгі бала кезімізде өз ауылымызда көретін ақ жаулықты салмақты «сары қарын бәйбіше» дейтін, бес биенің сабасындай салиқалы ақын апамыз отыр екен. Іле-шала орнынан тұрып, бізді арқа-жарқа болып қарсы алды. Пах, шіркін! Адамның адамшылығы амандасқанынан-ақ белгілі емес пе?! Мынау соның көрінісі. Құдды бір көп жылдар көрмей кетіп, қайын сіңлі, бауыр-інілерімен жаңа қауышқандай, қауқылдасып мәре-сәре болдық та қалдық.
«Ғалымның алдында тіліңді беземе» дегендей,сіздей айтулы ақынның алдында ағытыла сөйлеудің өзі әбестік болар деп ыңғайсыздандым. «Е, жәндәр-і-і-м, о не дегендерің, қазақтың шөбі де сөйлеп, желі де ән айтып тұрмай ма, қыз-а-а-у!» дегені. «Қыз-ау» деп жеңгелігі басым түскен жаннан айналмайсың ба? «Дулат руының отын жақтым» деп қалды сөз арасында. Ақын жеңгем мені қайынсіңлім деп бауырына басқаны – жүрегінің жылылығы, қазақы салт-дәстүрдің уызына қанықтығы, әулетін ардақтаған келін және ақындық пен ақылдылықтың белгісі деп түсіндім.
Нәсібін жырдан тауып, өмірлік жарын қазақ жігітінен таңдаған Надежда Лушникова апайдың әр мәселеге қатысты ортаға салар ойы, айтар әңгімесі де аз болған жоқ. Әңгіме арасында, «Қазақтың бір қызымын» атты жыр жинағынан өлеңдерін оқып, қысқаша тарихына да тоқталды. Ақын апай «Соғысты туа шақырған, қу жетімек атандық» деп өзі жырлағанындай, балалық шақтың ащы-тұщы дәмінің әлі де есінен кетпейтінін, анасына қолғабыс жасап, жан бағу үшін талай қиындықты көріп, тілерсектен батпақ кешіп күн көргендерін де еске алды. Құдды кинолентасындай көз алдыңа елестете отырып әңгімелегенде, сол заматта қиын-қыстау жылдарға «саяхаттап» та қайттық.
Бала күнінде, ауыл қыздарымен алма бақ арасымен жаяу жүріп келе жатып, алманың хош иісі аңқыған үйге кіріп келеді. Сол сәтте, ақ киімді, ақ сақалды қария кісі бүлдіршін қызға қып-қызыл алма ұсынады. Кейіннен, «Қолынан алма жедім бала кезде» деген жыр жолдарында алма ұсынған қарттың жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев екенін еске алады. Ақын апай тоқтар емес. Әр әңгімесі бірінен-бірі қызық, тыңдай бергің келеді.
«Қазір қасиетті Рамазан айы ғой, күнде ауызашар беріп жатыр ауыл, бір-бірімізді кезекке тұрып шақырамыз, бүгін біздің балалар дайындалуда», — деді Надя апай. Ал, не дерсің?! Қаны қазақ кейбір ағайынның жасай алмай, өтей алмай жүрген міндеті екені жасырын емес. Періште көңіл ақын апай мұсылманның бес парызының бірі — қажылыққа барып келгеннен бастап, өмірге деген көзқарасының өзгергенін, бұл дүниедегі нәрсенің бәрі адамның ниетіне қарай болатынына тоқталып, барына да, бәріне де шүкіршілік айтып, ағынан жарылды.
Қоштасар сәт те келді. Елге сыйлы, аузы дуалы ақын ана бізге батасын берді. Надежда апай бізге «Қазақтың бір қызымын» атты жыр жинағын ұсынып тұрып:
«Жеткенше жүзге пісе бер,
Бұл өмірдің піспегін.
Бұйырған астың ішінде,
Ең тәттісін тістегін.
Қолыңа не іс алсаң да,
Алда болсын істерің»,
— деп жөпелдемеде өлең жолдарын да шығарып, оны қолтаңбасымен қоса кітаптың бірінші бетіне жазып та берді. Біз төбеміз көкке бір елі жетпей, ырза көңілмен қимай-қимай қоштасқан едік ақын апаймен.
«Табынамын жүрегіне қазақтың» деп қазақтың қара өлеңімен жыр көрпесін құраған айтыскер ақын апайымызды сонау бір күндері өз көзіммен көріп, сұхбаттасуға ынтық болғанымның сырын ұққандай болдым сол күні. Иә, Жамбыл бабамыздың босағасын келін боп аттаған кешегі бойжеткен Надежда Андрейқызын қазақ елі де күні бүгінге дейін келісті келін, айтулы ақын қызымыз деп алақанына салып, аялап келеді.
Енді, өзекті өртеген «бірақ» та жоқ емес. Өмір ғой. Мен жоғарыда нағыз ақынға тән болмысты көріп, соны баян еттім.
Рыскен Әбішева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,ф.ғ.к., Алматы қаласы