Сот бұғатталған 22 млрд. долларға шешім шығарды
ҚР Әділет министрлігі: «Голландия соты 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды.
Сөйтіп, 2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласының округтік соты Bank of New York Mellon банкінің кастодиалдық сақтауындағы Ұлттық қордың активтерінен шектеуді жою жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің өтінішхатын қанағаттандырды. Сот Ұлттық банктің және процесте үшінші тарап ретінде қатысқан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтындығын мәлімдеді»,— деп хабарлады.
Нидерландының сот органдары бұдан бұрын Статиге дәл осы активтерге шектеу қоюдан бас тартқан болатын. «Стати бұл фактілерді жасыра отырып, сотты жаңылыстырған. Сонымен қатар, сот Статиге қазақстандық тарапқа сот шығындарын өтеуді ұйғарды. Бельгияның сот органдары да осындай алдын ала шектеу қойды.
Оған шағым жасау жөніндегі жұмыс белгіленген тәртіпте жалғастырылуда», — деп хабарлады министрлік өкілдері. Еске сала кетсек, 2017 жылдың 8 қыркүйегінде Амстердам округтік соты, 2017 жылдың 13 қазанында Брюссель соты Статидің Қазақстанның Bank of New York Mellon-дағы активтерін уақытша бұғаттау туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.