ОҚО  Арыс қаласындағы «Жаңа Ақдала» ЖШС  337 тонна томат пастасын өндірді

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласындағы  «Жаңа Ақдала» ЖШС  агросалаға жаңа технологияларды енгізудің арқасында жемісті жұмыс атқаруда. Аталған ұжым былтырғы жылы 2722 тонна қызанақ жинап, одан 337 тонна томат пастасын өндірген. Бұдан бөлек, ұжым қызметкерлері  204,8 тонна жеміс-жидек, бау бақша өнімдерін жинаған.  Мұнда өндірілген өнімдер негізінен Алматы, Астана және Шымкент қалаларына жөнелтілуде.

Ал Саналы ауылындағы «Желмая» өндірістік кооперативі түйе сүтін өндірумен айналысуда. Мұнда күніне 1 тоннаға дейін шұбат сауылып, арнайы ыдыстарға құйылып, Астана, Ақтөбе қалаларына жіберілуде. Биыл кәсіпорын шұбаттан иогурт дайындауды қолға алғалы отыр. 

Арыс қаласының дихандары соңғы жылдары тамшылатып суару әдісімен табыстарын еселей түсуде. Былтырғы жылы өңір бағбандары 5500 гектарға егілген бақшадан 134 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинаған.  Оның 56 мың тоннасын Германия, Балтық жағалауы елдері мен Ресейдің Мәскеу қаласына және Новосібір, Пенза, Самара облыстарына жөнелтілген.

Бұдан бөлек,  63 мың тонна қауын мен қарбыз Астана мен Алматы қаласына жіберілсе, қалғанын облыс нарығына саудаға шығарған. Шаруалар алдағы уақытта Сырдария және Арыс өзендерінің иглігін тиімді пайдаланып, өздеріне тиесілі алқаптарда еселі еңбектерін жалғастыра беруге ниетті.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі