ОҚО ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі бойынша 2-орынға шықты

Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2017 жылы 522 397 млн. теңгені құрап,  2016 жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты. Оның ішінде мал шаруашылығы – тиісінше – 231 177 млн. теңге болып 4,2 пайызға көбейді. Нәтижесінде республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің үлесі бойынша облыс 2-орынды иемденді. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.

Сондай-ақ, 2017 жылы облыста өнеркәсіп кәсіпорындарымен қолданыстағы бағамен 858 458 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

«Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 181 098 млн. теңге, өңдеу  өнеркәсібінде – 585 740 млн. теңге, электрмен  жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 76 435 млн. теңге және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау бойынша – 15 185 млн. теңгенің өнімі өндірілді», -деді Айдар Ахметбекұлы.

Айта кетерлігі, республикадағы өнеркәсіп өнімінің үлесі бойынша 3,8 пайыз көрсеткішпен облыс 8-орынды, ал өсу қарқыны бойынша 11-орынды алып отыр.

  Департамент басшысының айтуынша, өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жылғы 1 қаңтарда 213 028 бірлікті құраған. Қазақстан Республикасы бойынша жұмыс істейтін субьектілердің 13,8 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

2017 жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілерінің өнімі 755 181 млн. теңгені құрап,  2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға артқан.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі