«ЕНШІ»  СЕКІЛДІ БАҒДАРЛАМАЛАР КӨП БОЛСА….

«Көк сандықты» ашып қара!

«Qazaqstan» Ұлттық арнасында 24 қарашадан бері  жүріп келе жатқан жастарға арналған интеллектуалды бағыттағы «Енші» бағдарламасын көріп, көнеден келе жатқан дәстүріміздің бірінің қайта жаңғырғанына куә болдық. Енші беру — ержеткен баласының алдына мал салып бөлек шығаратын қазақтың  ғұрпы. Ендеше,  Ұлттық арна «Енші» бағдарламасы арқылы ұлттың жөн-жоралғысын жаңғыртып, жастардың рухын қайрап, күреске толы өмірден еншілерін алуына мүмкіндік туғызып отыр.

Білімді жастардың делебесін қоздырған зияткерлік сайысқа еліміздегі барлық аймақтан  1200-ге жуық жас өрен қатысуға тілек білдіріп, солардың тек 48-і телевизиялық жобаға жолдама алыпты. Осыдан-ақ кіл «сен тұр, мен атайын» деген таланттарды сұрыптау, іріктеу оңайға түспегенін саралай бер. Ол аз десеңіз, тапсырмалардың барлығын жоғары дәрежелі доктор, профессорлар қарап ұсынғанын тілге тиек етсек, бұл бағдарламаның бағасы арта түсері сөзсіз. Демек, қойылатын сұрақтар да «Оңай шағылатын жаңғақ» емес. Бағдарламаға тек оқушылар ғана емес, 16 мен 21 жас аралығындағы студенттердің де қатысуға мүмкіндігі зор екен.  Бағдарлама талапты да талантты, ғылым-білімге құштар жастарды жігерлендіруді көздейтіні көңілге қуаныш ұялатады. 4 кезеңнен тұратын дода тек білім саласын ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай,  салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды қамтиды. Біздің жоғалтқанымызды түгендеп жатқан «Енші» секілді бағдарламалар экраннан көптеп көрсетіліп жатса, Ел Президенті айтқан «Ұлттық кодымыз» емес пе?! Бұл бағдарламаны белгілі журналист Дана Нұржігіттің ұстамды жүргізуі де өзгеше көрік беріп тұрғаны рас.

Тарихқа көз жүгіртсек, қарапайым халыққа үстемдік қылушы таңдаулы билік өкілдері, мысалы, Шыңғыс ханның ұрпағы — хан, сұлтандар ақсүйек саналып, жалпылама түрде төре аталған-ды. Ал «Алпан» атауының ержүрек, батыр дегенді білдірсе, қарапайым халықты «Қараша» атайтынымыз белгілі. Яғни, осы ойында сайыскерлерге «Төре», «Алпан», «Қараша» дәрежелерінің берілуі тегін емес. Мәселен, ойынның алғашқы айналымында-ақ қарсыластарынан әлдеқайда төмен ұпай жинаған бір ойыншы «Қараша» атанса, қалған үш қатысушы «Төре» дәрежесімен келесі кезеңге өтеді. Ал екінші «Тоғыз торап» айналымында «Қараша» ойынның бірінші бөлігінде үздік ойын өрнегін көрсетіп, жоғары ұпай жинаған «Төренің» қарамағында ойнаса, барлық төрелер өз дәрежелері үшін соңғы айналымға дейін күресіп бағады.

Үшінші айналым «Жамбы ату» деп аталады. Бұл айналымда екі төре екі қарашасымен бірге бір-біріне қарсы сайысқа түседі. Айналым соңында сайыскерлердің ұпайы тең түскен жағдайда олардың «Тоғыз торап» кезеңіндегі мәртебелері ескеріледі.

«Олжа» — «Енші» зияткерлік сайысының ең соңғы шешуші айналымы. Ойынның соңғы бөлігінде ұпайлар нөлденеді және сайыскерлер мәртебесі де айтарлықтай өзгеріске ұшырайды.

«Енші» зияткерлік сайысында қатысушылар «Төре» атану үшін, яғни жеңімпаз болу үшін білімнің және шапшаңдықтың керектігін ескергені жөн. Сондай-ақ, зияткерлік сайыс өрендерден психологиялық дайындықты да талап етеді. Ең кереметі, «Еншіден» еншісін алып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жас дарын 1 млн. теңгелік сыйақыға ие болады…   Еліміздің болашағы саналатын білімді жастардың  жауыннан кейінгі көктей қаулап өсіп, «Енші» секілді сайыста өрелерінің өрісі кеңіп, биіктен көрінгенде Мағжан ақын айтқандай  «Мен жастарға сенемін» дегің келеді.

Нағашыбай Қабылбек