Жар-жар мен Тойбастар жайлы

Бауыржан атамыздың келіні, салт-дәстүрімізді насихаттаушы, бірнеше кітаптардың авторы Зейнеп Ахметованың ғибратты әңгімелерінен жиі беріп тұруды жөн көрдік.

Негізінде жар-жар қыздың үйінде айтылуы керек. Көп жерде жар-жар беташармен айтылып жатады. Бұл адам күлетін нәрсе, біріне-бірі қабыспайды. Беташар келін түскен жерде айтылса, жар-жар ұзатылар қыздың тойында айтылады. «Жар-жар» дегеннің өзі «енді сен біреуге жар болдың» деген сипатта құлаққа сіңеді. Содан мен 4-5 шумақ жар-жар жазғыздым. Бізге жеткен жар-жарлар бүкіл адамға ортақ үлгі емес, ол белгілі бір адамдарға арналған. Өйткені, әр қыздың жар-жары әртүрлі болады. Кейбір адамдар «қыздың тойында тойбастар айтпайды» дейді. Ол жаңсақ пікір. Осы «жаңа қазақтардың»  шығармайтындары жоқ.

Тойда ұрлық қылғандай қасыңа «Тойбастар» деген жазуы бар пакет әкеліп қоятын болыпты. Тойбастар деген сыйлық емес, ырым. Ол барлығына жақсылық шашырасын, жұғысты болсын деген ырыммен жасалады. Әркімнің қасына пакет әкеп қою дұрыс емес, тойбастар деген қуанышын шашырату ғой. Тағы бір сорақы нәрсе  – келін түскен жерде келіннің сәлемін сатып аламыз.  Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деп, келіннің бетін ашқан адамға жолы беріледі. Бірақ, ол елдің есебінен емес, той жасап отырған әулет оны қалай риза қылатынын өзі біледі. Бұл жерде көрімдік пен беташар қосылып кетеді.

Көрімдікті «мә, жеңгеңнің көрімдігі»  деп қайын сіңілісіне,  не «келіннің көрімдігі» деп енесіне беруі мүмкін. Ол әр адамның өзінің еркі. Ал беташарда сені бермеске қоймай, атап шақырады. Бір тойда атаны айтты, ата жоқ, атаның орнына барып салдым. Сонымен біткен шығар десем, Бәкеңді айтты, Бақытжан ағаларың үшін барып ақша салдым.

Енді келіп, мақтап-мақтап келіндердің символы деп өзімді айтты. Үшінші рет барып салдым да, біткен шығар десем, ауылда өтіп жатқан тойда Алматыда жатқан Ержанымды айтты. Оған да барып ақша салдым. Бұдан өткен не дарақылық бар? Сосын онда кімнің қанша салғанын қарап тұрады. Бұл өте ұят нәрсе. Содан кейін келін күйеуінен үлкенге ғана сәлем салады. Ал бізде кішкене балаға дейін сәлем салғызады. Негізінде, соны әулет иелері беташар айтатын адамға «айналайын, жолыңды беремін, табағыңды қойма» деп ескертуі керек. Келінге 7 сәлем жетеді, бұл өзі киелі сан.