Менің қағазға көмілген полициям кімді қорғайды?

Мен осылай атар едім. Өйткені, бұрын «қағаз кеміргендер» — бухгалтер мен экономистер (өзім экономистпін) болатын. Қазіргі таңда қағазбасты емес бір мамандық иесін айта аласыз ба? Кез келген мекемеде, кез келген ортада, кез келген салада қағазбастылықтың үстемдік етіп тұрған шағы. Бұл қағазбастылық негізгі міндеттің шала-шарпы орындалуына әкеліп соқтыратыны ақиқат. Ендеше дерт демей, не дейміз?..

Бір істі бітірем десең, он қағаз керек. Ал, бір қағазды дайындау үшін бір күнің, тіпті бір аптаң кетеді. Сол қағаз жұмыстарын бітіремін деп әрекет жасудың арты пара беруге апарып соқтырады…

Сөзім дәлелді болу үшін екі-үш саланың қызметіне тоқтала кетейін. Кез келген басқа сала сияқты полиция да осы «дертке» ұшырағалы да бірнеше жылдар болды. Сонда олардың бухгалтер, экономистен айырмашылығы қандай? Айырмашылығы — болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін «разборка» жасап, «протокол» толтырады. Қылмыстың алдын алу іс-шаралары түгілі, істелген қылмысқа шақыртып алудың өзі оңайға түспейді. Мен бұл жерде өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаратылған полиция қызметкерлерін сынап-мінеп отырғам жоқ, қайта негізгі міндеттерінен толып кеткен қағаздардың астында қалғанын айтқым келді…

Енді бір сәт медицина мекемелеріне келейік, денсаулық сақтау басқармасына емес, олар өзі де қағаздан бас ала алмай жатқандар, емхананы айтам. Сенің ауруыңды сұрап қағаз толтырғаны өз алдына, сүйегін әзер сүйреп жүргендерді кабинеттен кабинетке жүгірткенін қайтерсің? Бәрінің сұрауы: «Немен ауырасың?», сосын қағаз толтыру…

Учаскелік терапевтке кесте бойынша ауруларды төрт-бес сағат қабылдау керек болса, үш сағатқа ғана талон беріледі, қалған екі сағатын жазумен отырады. Олардың алдындағы басты міндет ауруды емдеу емес, жоғарыдағыларға қағаз жүзінде толық есеп беру…

Жақында бір таныс әйел кездесіп: «Қайда барсам (емхананы айтады) аурымды сұрап, қағаз толтыру. Жаттап алғаным соншалық, сұрақтарын қоймай-ақ жауап беріп отырдым. Менің ауруымды ойлап жатқан ешкім жоқ сияқты. Жылап жібердім!» Міне, ауруыңа шипа болып, емдейді деген мекемелер қағаздың астында жатыр. Қағаздарды түгендеп жүргенде өлім де жақындап қалады…

Әрбір жаңа Министр өзінше жаңалық, өзгеріс әкелген сайын мұғалімдер де қағаздың астында қалды…

Әлі күнге дейін бюрократиялық бөгет пен әкімшілік әуресі, көп құжат айналымы қарапайым жұртты табанынан таусылтса, кәсіпкерлердің де ісіне кедергісін келтіруде. Кәсіпкерлерге қанша қолдау жасадық дегенімізбен, қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік бере алмай келеміз. Істері ілгерілемей отырған шаруалар мемлекет бекіткен құжаттарды жинаудың өзіне ұзақ уақытын, қыруар қаржыларын жоғалтып жатқанын айтып азар да безер. Кәсіпкерлікпен жаңа айналыса бастаған бір бауырымыз: «Аға, қағаздар мені шаршатты» — деді.

Осы қағазбастылық жайлы Елбасы айтпай жүрген жоқ. Өткен жылы Нұрсұлтан         Назарбаев: «Мемлекет қыруар қаржы жұмсап мектеп, аурухана, балабақша тұрғызды, ал ол жерлерде бала оқытып, адам емдеудің орнына шаруаның көбі бағынышты органға есеп берумен өтеді» деп әкімдермен өткізген жиында қаптаған қағазбастылықтан құтылудың амалын табуды ұсынған болатын. Жалпы қызметкерлердің сапалы қызмет етуіне кедергі келтіріп отырған артық жұмыстан арылу жайын биыл Мемлекет басшысы тағы айтты. «Біз әкімшілік реформаны жүргізудеміз. Бұл қажет емес қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Бүгінде әкім жұмысын бағалау миллиондаған құжатқа айналды. Мен Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктерінде қанша құжат айналымы болып жатқандығы туралы айтқан болатынмын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Осы қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр. Үкімет аппараты Президент аппаратымен бірге осы бағытта жұмыс істеуі қажет», – деді Президент.

Қағазбастылық қайдан шықты деген сұрақ туындауы заңды. Менің өз түсінігім бойынша алдымен қағазбастылықтың туындауына жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ сияқты қаптаған министірліктерде, ведомстволарда бірнеше қабат ғимараттарға әзер сиып отырған шенеуніктер мен шенеунікшелер себеп болып отыр. Ақша алып отырған соң басқа істер іс жоқ, қағазды қарша боратады, бұрышына «бақылауға» деген таңба қояды.

Бюрократия, қағазбастылық, әуре-сарсаң бар жерде жемқорлық әрекеттерге жағдай туады. Қағазбастылық стресс, жүйке жұқарту, уақытты босқа жоғалту, ақша шығыны екені айдан анық. Бірақ, бұл кейбіреудің айын оңынан туғызып, мансап баспалдағымен жоғарылап бара жатқандарды да білеміз… Міне, осылар қағазды «балалататындар».

                                                                           Совет Хамитұлы,

еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.