Мақтаншақ байлар ақшасын қайда жұмсарын білмей жүр
179 мың доллардық торт
Сонау көне заманнан бері қайырымдылық ата-бабамыздың ең бір қастерлі қасиеттерінің бірі болған. Қиыншылық жылдары бір бай ауқатты адам қазіргінің тілімен айтсақ бүкіл ауылдың кедей-кепшігін жұмыспен қамтып, бала-шағасын асыраған. Кейіннен ғой қазақ байларын «құбыжық» қылып көрсеткен орыстың саясаты бір талай ата-дәстүрімізді аяқ асты етіп таптап кетті. Жалпы біздің қазақ ежелден қайырымды, мейірімді болған, Бір-бірінің бала-шағасына қарайласып,бір жапырақ нанын жер аударылып келген өзге бөгде ұлттармен бөлісіп, пана болғанын тарихтан жақсы білеміз.
Ал, ғасырдан-ғасырға ауысып келе жатқан осы бір жақсы қасиетіміз қазіргі кезде бояуы оңып, жойылып барады. Жасырын емес біздегі бай мен кедейдің шекарасы бәз-баяғыда-ақ сызылып қойылған. Байлардың біздің елде құрығы ұзын, баратын жеріне барады, жүретін жерінде жүреді. Бір сөзбен айтсақ ойына не келсе соны істейді.
Күні кеше ғана Шымкентте аты жер жарған үйлену тойы өтіп, құны рекордтық 179 мың АҚШ доллары тұратын, көп қабатты көкпен таласқан ішінен шамшырақ жанып, жанынан күймелі ат арбасы шапқан 2 тонналық торт ортаға әкелінгенін ғаламтор бетінен көріп жағамызды ұстадық? Аты шулы , «долларовый» асаба Тұрсынбектің өзі ауызынан суы құрып, айтатын сөзінен жаңылып қалды. Сасқаны соншалық ол « Мама не хочется, бұл тортты прокатқа беру керек»,- деп соқты. Біз оның сөзінің қисынына орай «Қара пиар удался!» дедік. Иә, той бәйгесінің жарысы қызу жалғасып жатыр. Бірақ ол жаңаша. Бұдан кейінгі байлардың тойы бұдан асып түспесе кем соқпауға тиіс.
Осындай құны Талдықорған қаласында заңғарадай үш пәтер сатып алуға болатын торт жасалмаса үйленген жастардың болашақтағы бақыты ортайып қалатын ба еді? Қазақта тіл-көз деген сөз бар? Шынымен ата-анасы балаларына бақыт тілесе неге елдің күркесінде өмір сүріп, баспанасыз жүрген жастарға, жетім балаларға садақа ретінде қайырымдылық жасамайды? Тіпті шаш етек байлықтарын көрсеткілері келмесе аттарын атап, түстерін түстемей-ақ жақсылықтарын мақтан үшін жария етпей-ақ жасауға болады ғой. Қазақта «Адамнан қайтпаса, Алладан қайтады»- дегенде жанды сөз бар. «Жақсылық жасасаң –жасыр, Жақсылық көрсең-асыр» дегенде пәлсапа қалыптасқан.
Осыны жазып отырып тағы бір жағдай есіме түсті. Өткен күзде Талдықорғанда тағы бір аты шулы той дүркіреп өтті. Той иесі қара негрлерді әкеліп, би билетіп, ән салдырды. Олар да көл-көсір табыстың иісі аңқыған шараның сыр, қырын ұғып алыпты, қазақша сөздерді шатты-бұтты айтып, аңқау елге арамза молда болып, жиналғандарды мәз қылды. Бұл да елден ерекшелену жарысының «қара пиары».
Байлардың көл-көсір той думан жасап, атын шығару бізде «модаға» айналды. Тіпті қоғамдық пікірді қаперіне ілмейтін, басында мәңгілік бағы жанып тұратындай, жүз жыл ғұмыр кешетіндей пиғылдары тарылып, кеткен кесірлі байлардан сескенетін болдық. Егерде ұрпағының бақытты болуын, өсіп-өнуін қалаған ата-ана болса көкке от шашумен байлығын бекер шашпай, әркімнің ауызына түсетін бір қасық тортты мақтан үшін жасатпай-ақ «Тәубесін» айтып , бір тұрмыс деңгейі төмен отбасына баспана алып берсе, өздерінің қатып қалған жүректері тазарып, өмірлері өзгеріп, алғыстан көңілдері шат нұрына бөленерін білер еді. Әттең… бай қазақтар осындай қайырымдылық дәстүрін елімізде қалыптастырса, бізден мықты ұлт болмас еді. Олар керісінше миллиондары мен миллиардтарын шетел асырып, жылжымайтын мүлік алып жанталасуда. Дубайға барғанымда бір орыс жөн сілтеуші жігіт «Қазақтар недеген бай, теңіз ортасындағы жасанды аралдан 200-250 миллион долларға кешенді тұрғын-жайларды ойланбай сатып алып жатыр»,-деп таңданғаны есімде. Ия, ол маңдай термен келген таза байлық емес қой. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенде мақал бар.
Тіпті, бай қазақтар кедейлерді жақтыра бермейді, Оларға титей жақсылық жасаса байлықтар кетіп қалатындай сескенеді. Алайда , көкке ұшсада жерге түсседе өзінің халықтан биік бола алмайтынын білмейді ау. Атағыңды өшіретін де, өсіретінде –халық. Ұзақ жылдары республика басшылығында болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дана ақсақалдың бір сөздері ойыма орала береді. Ол кісі «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім»-деген екен.
Нұрила Бектемірова