Орхон ескерткіштері Қыпшақ тілінде жазылған
Қаржаубай Сартқожаұлы— филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі, Ататүрік атындағы Халықаралық Түрік Тарих Құрымының (академиясының) мүшесі, түрколог, профессор. Ол 1947 жылы 21 наурызында Моңғолия Республикасы, Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1968-1973 жылдары Монғолия ұлттық университетін, 1985-1988 жылдары Шығыстану институтының Ленинград филиалының аспирантурасын тәмамдады. 1973-1975 жылдары Монғолия, Баян-өлгий аймағы (облыс) №1 орта мектебінде ұстаз; 1975-1989 жылдары Монғолия Ғылым Академиясы (ҒА) Тарих институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі; 1993-1996 жылдары Монғолия ҒА-ның Баян-Өлгий аймағындағы Қазақ-түркітану филиалының жетекші ғылыми қызметкері; 1999-2001 жылдары Монғолия ҒА-ның Баян-өлгий аймағындағы Қазақ-түркітану филиалының директоры; 1990-1993 жылдары Монғолия Республикасының Парламент депутаты; 1996-1999 жылдары Монғолия, Баян-өлгий аймағы құралының (маслихат) төрағасы; 2001жылы елге оралған ғалым ағамыз қазірге дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеулер орталығының Түркология зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері; 2010 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет атқарып келеді. 16 монография, 250 ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық мақаланың авторы. Жақында ғалым ағамызбен аздап сұхбат құрудың сәті түскен еді. Төменде сол әңгіменің ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Түркология ғымылмында айырықша орны бар құнды мұралардың бір шоғыры қазіргі Монғолия жерінде жатыр. Өзіңізде сол «ашық аспан астындағы мұражайдың» қалтарыстарынан тың дүниелер тауып жүрсіз. Жалпы осы Орхон ескерткіштері сияқты тас бітіктер өзге өңірлерден кездесеме?
Ертедегі Сақтардан, Ғұндардан тартып кешегі Қазақ хандығына дейінгі тұтас тарихымызды айғақтайтын құнды жәдігерлеріміздің көбі Монғолия жерінде сақталған. Негізі, Қытайдың шығысындағы Манчжурия жеріндегі Қадырхан тауынан(Хянған жотасы) тарытп, Еділ, Донға дейінгі алып аймақты мекен еткен көк түріктерден кейінгі дәіурлерде мол мұралар қалған. Қазіргі Қытай елі мен Монғолия жерінде, байырғы Ғұндарға тиеселі 40 тай қаланың орны табылып, тұрақтандырылып отыр. Көне Түркі дәуіріне жататын 15-16 қаланың орны анықталды. Түркі қағанатының астанасы Орда-Балық қаласы Орхонның бойында тұр. Қала қорғанының биіктігі 12 метр. Зерттеуші ғалымдар Орда Балықытң жалпы аумағы 25 ашаршы километр деп мөлшерлеп жүруші еді. Соңғы 10 жылда Гермния мен Монғолия архелогтарының біріккен зерттеулерінің нәтижесі, аталмыш қаланың аумағы 55 шаршы километр болғандығын дәлелдеп шықты. Ерте орта ғасырларда мұндай үлкен қала Еуропаның өзінде жоққа тән деуге болады. Енді осыншама жерде мемлекет құрған Түркілерден кейінгіге мұра қалмауы мүмкін емес еді. Көк түріктер мекен еткен аумақтағы ежелгі қалалардың орны, жартас суреттері, үлкен-үлкен ұстындар (тас ескерткіштер) аңыр тастар (мүсіндер) бізге жеткен. Өкініштісі осылардың көбі, кейінгілердің қолымен құртылып кетті. Орталық Азия аймағына ислам діні келгеннен кейін, дін таратушылар ондай тірі тарихты біртіндеп жоғалтып жібрді. Ал енді Монғолия жерінде аман сақталып қалуының бір себебі, ондағы халықытң түсінігімен байланысты деуге болады. Монғолдар ондай көне дүниелерді «киесі бар» деп, аса құрметпен қарайды. Бізге келген ислам дінін таратушылар ол өңірге бара алған жоқ. Осындай себептерге байланысты, ол жақтағы ескерткіштер бізге аман жетті. Жаңа өзің сөз етіп отырған Орхон жеріндегі ескерткіштер осылайша ғылымға танылып кетті. Былайғы жұрт осы тас жазбалар төңірегінде сөз болғанда тек Орхон бойында ғана орналасқан көне жәдігерлер деп ойлауы мүмкін. Бұған қоса Кеңестік саясаттың ықпалы да аз болған жоқ тарих пен түркологияға. Соның кесірінен көк түріктердің мекенін Манчжуриямен Алтайдың арасында ғана болған деген көзқарас бертінге дейін сақтаылп келді. Яғни Алтайдан батысқа қарай асырғысы келген жоқ. Мен бұл жағына күдіктеніп жүруші едім. 2003 жылы Шығыс Қазақстан өңіріне экспедиция жүргіздік. Тарбағатай, Қотанқарағай жерлерін аралағанда көп нарсеге көзіміз жетті. Осы аумақтардың өзінен көне түркі қағанаты дәуіріне тиеселі 34 қоныстың орны анықталды. Қытай деректерінде жоғарыда аталған Қадырхан тауынан Донға дейінгі аралықты мекен еткен 300 дей тайпаның аты жазбаға түскені тағы бар. Мыңдаған жылғы тарих барысында ол тайпалардың біразы қытайларға сіңіп кетті. Тұқымымен құрыды. Сонан бертінге аман жеткені, көне түркінің жұрнағын сақтап қалғаны Сібірдегі түркі текті халықтар мен қазақтар ғана. Жоғарыда шолып өткен, тас бітіктегі жазуларды маған дейінгі ғалымдар «Көне ұйғыр тілінде жазылған» деп топышалып келген еді. Мен ұзақ жылғы зерттеулеріме сүйене отырып, ежелгі ескерткіштер тілінің «Қыпшақ тіліне жататындығын» дәлелдеп шықтым. Бұл туралы «Тас кітаптың құпиясы» атты кітапта кеңінен баяндалады. Қыпшақтар «Ж» диялектмен сөйлеген ғой. Орхон, Енисей ескерткіштерін оқыған Томсон, Радлов секілді ғалымдар осы «Ж» -ны жоғалтып жіберген.
«Көне түркі тілі», «Көне ұйғыр тілі» атаулары солардан бастау алған ғой. Сіз «Қыпшақ тілінде» деген қорындыға келген екенсіз. Бұл ғылымдағы жаңсақтық па әлде саясаттың әсерінен болған ба?
Басында жаңсақтық болған. Олар орта ғасырдағы ұйғыр тілінің әсерімен осылай қортынды жасаған. Кейін саясаттың да ықпалы болған. Ұзақ жылғы зерттеулерден кейін, кең-байтақ даламыздағы тас ескерткіштер Қыпшақ тілінде жазылғандығын дәлелдеп шықтым. І, ІІ түрік қағанатын құрушылар да Қыпшақтар болған. Яғни Көк Түрік империясының билеуші тобы қыпшақ тайпалық одағы (конфедерация) екенін анықтап, ғылыми тұрғыда дәлелдедім. Бұл түркология тарихындағы үлкен жаңалық деуге болады. Осы жерде ерекше айтатын бір нарсе, көне түркі тілдерін зерттеуде, оның әрпін білу бір бөлек, тілін білу бір бөлек. Сосын сол дәуірдегі адамдардың дүние танымын, дәстүр-салтын да білу керек. Онсыз түрколог бола алмайсың. Ежелгі сақтар (скифтер) мен ертеорта ғасырда еуразия құрлығында империя орнатқан Көк Түріктердің тарихи сабақтастығы анықталды. Ал, бұл тұтасымен зерттелмей жатқан телегей теңіз деуге болады. Келешекте оны да зерттейтін ғалымдар шығады деп ойлаймын. Өйткені осында айтылған дүниелер 1500-2000 жылдың алдындағы біздің мәдени тарихымыз болып есептеледі. Мен 30 жылдан артық экспедицияларға қатынастым. Тас бетіндегі әрбір таңбаны қалдырмай зерттеуге тырыстым. Батыс Қытайды да араладым. Монғолия жерін әлі күнге ақтарып жүрмін. Сосын өзіміздің қазақ даласынан Донға дейінгі аралықтағы ғылымға белгілі жәдігерлерді, жартастағы суреттерді, таңбалардың көбін тексеріп көрген адаммын. Олардың қайсы дәуірге жататындығын зерттей келе көне түркі жазуының шығу тегін тұрақтандырдық. Маған дейін мұны әркім әр түрлі айтты. Біреулер көне соғды жазуы деді, енді біреулері арамей жазуы деді. Зерттей келе көзім жеткені, көне түркі жазулары, адамдар арасында жеке меншік пайда болған кезден бастау алады екен. Яғни малға салатын ен, таңбалардан басталады. Ол дами келе буындық жазуға, онан грамматикасыз жазуға айналған. 552-565 жылдар аралығында Мұқан қағанның кезінде грамматикасы жасалған. Осы жерде ерекше ауызға алуға татитыны, Мұқан қағанның жүргізген реформалары деуге болады. Оның біріншісі- Дін реформасы. Яғни тәңірлік діндегі дәстүр, салттарға өзгерістер енгізген. Бүгінге жеткен тас ескерткіштер мен ғибадатханалардың қалдық -қирандылары сол дәуірден басталады. Осы кезден бастап арнаулы тәу ететін орын «Барық» пайда болды. Келесі реформа- Салық жинаудың барлыққа келуі еді. Үшінші үлкен реформасы- Әкімшілік бөліністерді тұрақтандырды. Осы қатарда жазу реформасы бар. Жоғарыда айтып өткен алып аймақта жасап жатқан көп халықты ортақ фонетикалық әріпке үйлестіру оңай емес еді. Мұқан қаған осы жаңалығы арқылы түрік халқының ортақ дүние танымын, дәстүр-салтын қалыптастырып кетті. Жазу дегеніміз үлкен идеология ғой. Соның арқасында біз түрік болып қалдық. Бүгінге жеттік. Сондықтан Елбасымыздың «Латынға көшуды» қолға алып жатуының астарында да үлкен мән жатыр.
Томсон ашқан жаңалықты ары қарай дамытқан қаншама ғалым болды. Мәтіндерді оқыды, транскрипциясын жасады. Осылар туралы не айтасыз? Оқуда, аударма жасауда кеткен қателіктер барма?
Өте көп қателіктер кеткен. Орхон, Енисей ескерткіштердің мәтіндерін оқыуда, тарнскрипцялауда, аударуда талай қателіктер орын алған. Кейбір ескерткіштердің сынып қалған паршаларындағы сөздер, алдындағы жолдармен дұрыс байланыстырылмаудан, жолдардың ауысып кетуінен кеткен қателіктер бар. Сосын қағазға көшіргенде де жаңсақтықтар жіберіп алған. Біздің заманымызыдң VII-VIII ғасырлар аралығында жазылып бізге жеткен түркі этносының алғашқы жазба деректері
Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Тұй-ұқұқ, Күүлі-чор, Селенгі тасы (МШУ), Теркін, Тэс мәтіндерін түпнұсқадан жаңалап көшіріп, этнолингвистикалық, когнитивтік әдістемелер мен тарихи-фонологиялық, грамматологиялық, тарихи-типологиялық, диахронды, синхронды салыстырмаларды пайдалана отырып, қайта қараудың нәтижесінде 500-ге жуық қателерді анықтап, жоғарыдағы мәтіндердің жаңа оқылымын жсап шықтым.
Енді осы түзетулеріңіздің, сонымен қоса өзгеде зерттеулеріңіздің ғылыми айналысқа түсуі қаншалық деңгейде?
Мен шамамның жеткенінше, әрбір тастың әрбір белгісіне дейін қалдырмай зерттеуге тырыстым. Ең алғаш Ғұбайдолла Айдаровтың «Білім және еңбек» журналына басылған бір мақаласын оқып, түркологияға деген қызығушылығым басталған еді. Ұмытпасам 8 сыныптағы кезім болатын.Сол мақалаға қарап отырып, Орхон ескерткіштерінің әріптерін үйреніп алдым. Кейін университетке түскеннен кейін ары қарай жалғастырғым келді. Әрпін білгеннен кейін ары қарай архелогиямен айналыстық. Көп уақытым кетті. Өзгелермен салыстырғанда менің бір артықшылығым, сол ескерткіштерге еш кедергісіз бара алатыным, жергілікті ғалымдармен бірлесе жұмыс жасай алатындығым еді. Монғолия үкіметі бұл жәдігерлерді ескерусіз қалдырып отырған жоқ. Шетелден баратын ғалымдар жергілікті орыннан рұқсат алады. Олардың қасына үкіметтің «сенімді» кісілері еріп жүреді. Баяғдан бері солай. Әйтпегенде, тас бітіктер ұстағанның қолында кетер еді ғой. Радловтардың өзі сол ескерткіштердің сынықтарын киізге орап ұрлап әкеткен. Мен сол елде туып-өстім. Үлкен ғылыми орталықтарда жұмыс істедім. Сондықтан көп нарсе «қолжетімді» болды деуге болады. Ұзақ жылдық зерттеулер нәтижесінде 16 монография, 250 ден астам ғылыми және ғылыми-танымдық мақала жаздым. Жоғарымда айтылған ескерткіштер тілі туралы соңғы жылдары «Тас кітаптің құпиясы», «Таста қалған тағылым» қатарлы 3 еңбекті жарыққа шығарып үлгердім. В.В.Радловтан соң 110 жылдан кейін «Орхон ескерткіштерінің толық Атласын» қазақ, орыс тілдерінде басып шығардым. Әлемде тұңғыш рет «Байырғы түрік жазуының генезисі» туралы ғылыми монография жазып, байырғы түрік бітіг жазуы түрік этносының өзінің творчестволық өнімі екенін дәлелдедім. Орхон мәтіндерінен бұрынғы майда жазулардың жасын анықтау ғылымға белгісіз еді. Мәтіндердің грамматикалық таңбалану ерекшелігі арқылы б.з. І-VІ ғасырлар аралығында жазылғанын анықтадық. Сөйтіп, байырғы түрік бітіг (рун) жазуының кезеңдеріне өзгеріс енгізіп Алтай-Саян варианты деген жаңа тұжырым енгіздім. Байырғы түркі жазуының бастаулары фразограмма, логограмма, силлабограммалар мен фонемограммаларын алғаш рет ғылыми айналымға шығардық. 2011-2012 жылдары ашқан Майхан-уул (Шатыр-тау) жерасты кесенесін (мавзолей) Dromos (дәліз) әдістемесін қолдана отырып ашып, ежелгі Сақ (Скиф), Ғұн (Сюнну), байырға түріктердің көшбасшыларын жерлеу ерекшелігі, жерасты мавзолей орнатудағы дәстүрлік сабақтастығын әлем археологиясында алғаш рет нақты дәлелдермен көрсеттік. Бұл еңбек ЮНЕСКО-да 2011 жылы археологиялық жаңалық ретінде тіркелді. Осылайша шамамыздың келгенінше еңбек етіп жүрген жайымыз бар. «Еңбектеріңіз ғылыми айналысқа енді ме» -деп сұрап жатырсыз. Тәуелсіз Қазақстандағы Түркология ғылымының дамуына аздап болса да үлесімді қосқан шығармын деп ойлаймын. Қаншама ғалымдар менің жазған дүниелерімнен өз зерттеулеріне сілтеме алып жатады. Оларыдың арасында Қытайлар, Жапониялықтар, Түркиялықтар да бар. Бағасын халық берер. Кейбіреудің еңбегі еленіп, ұлықтанып жатады. Кейбір адамдар өлгеннен кейін бағаланып, еңбектері ескеріліп жатады дегендей….
Қазірге дейінгі зерттеулеріңізде «Дүнхуаң жазбаларымен» айналысып көрдіңізбе? Ол да түркологияда айырықша маңызы бар, нақты жазба деректері сақталған құнды дүниелер ғой.
Бұл өте үлкен дүние. Соғды жазуын танимын, қадым жазуды білген адамға оны игеру қиын емес. Ал, ол саланы зерттеумен айналысу үшін маған тағы бір 70 жыл керек шығар. Менің негізгі шұғылданған бағытым, жоғарыдағы Орхн, Енисей ескерткіштері төңірегінде болды. «Дүнхуаң жазбаларын» Германия ғалымдары жақсы зерттеген. Онан қалса Жапония, Ресей, Қытай ғалымдары әлі күнге зерттеп келе жатыр. Германиялық түрколог Габайынның «Көне түркі тілі грамматикасы» аты әйгілі еңбегі, Қытайдан барымталанып Еуропаға апарылған жазбаларды зерттеу нәтижесінде шыққан. Бұл саламен арнаулы айналысып жүрген қазақ ғалымдары жоққа тән.
Соңғы бір сұрақ, Қазақстандағы Түркі танудың болашағы туралы не айтасыз?
Қазіргі таңдағы рулық, тайпалық мафиялық көзқарастардан арылмай тұрған жағдай астында, Түркі тану ғылымы онан ары дамиды, тарау-тарауға бөлініп зерттеледі деп айта алмаймын. Олай дейтінім ғылым саласына да жемқорлық, атаққұмарлық, тамыр-таныстар арқылы ұпай жинаушылық сияқты сұрқиялық жайылып кеткен. Мысал үшін айтсақ, бір ғылыми орталыққа әлдебір жобаны қаржыландыру үшін мемлекеттен қаржы бөлінді дейік. Тура осы жерде, ортадан өздеріне «үлес» алғысы келетін адамдар шыға келеді. Ашық шықпайды, түрлі кедергілер жасап, кейінге шегеріп, сүйретіп қояды. Түпкі мақсаты «маған қанша пайызын бересіңдер?»- екендігі анық. Мемлекеттен қаржы бөлінді деген күннің өзінде онысы мардымсыз болып жатады. Кеңінен айналысуға мүмкіндіктеріміз шектеліп қалатыны бар. Сосын қолында билігі бар адамдар өз ру-тайпасының атын шығаруды ойлайды. Бұл жағымсыз жәйіттер тарих ғылымы, тұлға тану сияқты салаларда айқын көрніс беріп жатады. Мұны әкеліп Түркітануға да енгізгісі келетін ықпалды адамдар бар. Сонан кейінгі бір мәселе мамандардың тапшылығы болып тұр. Жұрттың бәрі ақша табудың соңына кетіп барады. Бір саланы жеріне жеткізе зерттейтін, онысынан айқын дәлелі бар ғылыми қортынды жасайтын адамдар аз. Шетелдерде Түркологияның бір саласымен неше ондаған ғалымдар айналысып жатады. Соңында барлығы өз зерттеулерін ортақтастыра отырып, жүйелі шешім шығарады. Ал бізде «әр шөптің басын бір шалып жүрген» ғалымсымақтар көп. Бүгін түрколог, ертең филолог, бүрсүгүні тарихшы, онан ары шығыс танушы, арасында жазушы дегендей кете береді. Гуманитарлық ғылымдардың ішінде тұмсығын тықпайтын саласы болмайды. Тарихшылардың өзі бүгін Көк Түріктерді зерттеп жүрсе, ертең Алтын орданы, арасында Алашты зерттеп жүре береді. Ондай «көбелек ғалымдардан» не шығады? Сөйте түра өздеріне жарнама жасайды. Ғылым бұлай дамымайды ғой. Ғылым табандылықты қажет етеді. Әркім өзінің бастаған саласын індете, жеріне жеткізе зерттесе, оған мемлекеттен лайықты қолдау болып отырса жарасар еді. Өкінішке қарай бізде олай болмай тұр. Сондықтан Түркі танудың да болашағы бұлыңғыр дер едім…
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхатты жүргізген Ерқазы Сейтқали