Қазақстанда бір жасқа дейінгі бала күтіміне 74 млрд теңге жәрдемақы төленді

АСТАНА. ҚазАқпарат — 2017 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан Қазақстанның 772 мыңнан астам азаматы төлем алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2017 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемі 157 млрд теңгені құрады. Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша әлеуметтік төлем шығындары 62,6 млрд теңге болса, бір жасқа дейінгі бала күтіміне — 74 млрд теңгеден астам, еңбекке жарамдылықты жоғалту бойынша — 9,9 млрд теңге, асыраушысынан айырылу бойынша — 7,8 млрд теңге, жұмыстан айырылу бойынша 2,1 млрд теңге төленген.

Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемінің орташа көлемі шамамен 370 мың теңгені құрады, мұндай төлемді 180 мыңнан астам қазақстандық алды.

Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 26 мың теңгеден асты, мұндай төлем 435 мыңнан астам азаматқа берілді.

Жұмыстан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем 36 мың адамға берілді, оның орташа көлемі 21 мың теңгені құрады.

42 мыңнан астам қазақстандық асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлеммен қамтылды, оның орташа көлемі 15 мың теңгені құрады. Тағы 79 мың тұрғын еңбекке жарамдылықты жоғалту бойынша 12 мың теңгеден әлеуметтік төлем алды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке жарамды халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша формасы ретінде енгізілді.