Бір ешкіні 500-ге жеткізген…

  Еңбек адамы

Ырғыздық отбасы бала-шағасының нәпақасын атакәсіптен айырып отыр

 Ырғыздық Сариндер отбасы 24 жылдан бері ешкі бағады. Осы уақыт аралығында бір ешкіні өсіріп, оның санын бес жүзге жеткізген  Энзензарту Сарин мен оның зайыбы Ақкенже Отаралина  —  Ырғыз ауданындағы ешкі  бағатын жалғыз шаруашылық иелері. 

 Еншіге берілген бір ешкі

Тоқсаныншы жылдардан кейінгі тоқырау Энзензарту Сарин мен Ақкенже Отаралинаның отбасына  да оңай тиген жоқ. Азық-түлік тапшы, жұмыс жоқ, барлық жерде қымбатшылық жайлап тұр. Шаңырақ құрғандарына көп болмаған жас отбасы осы қиындықтарды бірге жеңуге тырысты. Ақкенженің әкесі Жолшара мен анасы Ұлдай қызының еншісіне бір ешкі берді. Жас отбасының күнкөріс көзі  сол ешкі болды. Ешкіні сауып, сүтін ішті, жүнін кәдеге жаратты. Келер жылы ешкі егіз лақ туды. Жолшара ақсақал берген бір ешкі Сариндер отбасына құт болып келді. Екі жылдан кейін ешкінің саны жиырмадан асты. Осылайша Сексек ата тұқымының саны өсе берді. Шаңырақтан ет те, сүт те үзілмейтін болды.

— 1994 жылдардан кейінгі кезең ғой, дүкенде  азық-түлік тапшы, болса да қымбат. Жолдасым кеңшар тараған соң жұмыссыз қалды.  Сол уақыттағы қиындықтардың барлығынан жалғыз  ешкі алып шықты. Ешкінің сүтінен балаларға көже істеп беремін. Әйтеуір ақтан айырған жоқпын. Ешкі көбейген соң тұрмысымыз түзеле бастады. Күйеуім де мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін азамат. Барлық шаруаны бірлесе жүріп атқардық. Сиыр, түйе малын сатып алдық. Ешкінің санын көбейткен соң «Асылжол» шаруа қожалығын құрдық. Осы уақытқа дейін мемлекеттен бірде-бір атаулы әлеуметтік көмек немесе өзге де қаржы алып көрмеппіз. Барлығына өз еңбегімізбен, маңдай  теріміздің арқасында қол жеткізіп келеміз, — дейді Ақкенже.

Сариндер отбасы ауданның Аманкөл ауылдық округіне қарасты Әйім қыстағында тұрады. Шаруашылықты осы жерде жандандырып отыр. Ақкенже бұл қыстақты киелі санайды. Әкесі Жолшара қиын кездері осы жерге келіп, жағдайын түзеп, елге сыйлы азамат болып, өмірден өтіпті.

Табыстың көзі 

Ешкі — сезімтал әрі нәзік жануар. Қора салқын болса да күйі қашады. Ақкенже ескі қораны жаңартып, шаруашылыққа ыңғайлағысы келеді-ақ. Бірақ қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Несие алайын десе, ауылда кепілге қояр зат жоқ. Саманнан салынған үйді банктер алмайды. Дегенмен, қолдағы барын ұқсатып жүр. Ерінбей еңбек етсең ғана береке болмақ. Өткен жылы ешкінің саны бес жүзге жетіпті.

— Үйге келетін табыс көзі — тек қана ешкі. Ешкіні сойып етін, сүтін, жүнін сатамыз. Алты баламды да осы арқылы оқытып отырмыз. Былтыр ешкінің саны бес жүзге жеткен кезде оны ұстап тұру қиын болды. Ешкінің пайдасы көп болса да мемлекеттен  субсидия берілмейді. Егер мемлекет ынталандырып отырса, малдың басын көбейтіп, шаруашылықты кеңейтуге болар еді. Көмек болмаған соң ешкіні сатуды жөн көрдік. Оңтүстік өңірге сатып, азайта бастадық. Бір күні аудан әкімінің орынбасары хабарласып, «облыс әкімі ешкі шаруашылығын қолға алуды тапсырды, ешкіңді сатпа» деді. Сөйтіп, қалған екі жүз ешкіні ұстап қалдық. Қазақы сүтті ешкі сатып алдық. Күніге 15 литрге дейін сүт сауып жүрдім. Былтыр ешкінің сүтін қымыз бен шұбаттың технологиясы бойынша дайындадым. Келген адамның бәріне тегін үлестірдім. Тіпті арнайы шаралардың кезінде аудан, ауыл әкімдігіндегі  басшыларға дейін алды. Ешкінің сүтінен дайындаған сусын көпшіліктің көңілінен шықты. Бұйырса, жазда әр литрін 700 теңгеден саудаға шығармақ ойым бар, — дейді Ақкенже.

Ешкі бағу оңай емес. Жем-суынан бөлек, оны күтіп ұстаудың өзі үлкен шаруа. Ерлі-зайыптылар барлық жұмысты бірге атқарады. Балалары қолғабыс етеді.

— Балаларым екі шақырым жердегі Құтикөл ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Электр жарығы болмаған соң былтырға дейін сабақты шаммен оқыды. Сауған сүтті жер қазып, соған сақтаймын. Жертөле тоңазытқыштай болмайды, сүт тез ашып кетеді. Сөйтіп, осы кезге дейін қиындық көріп келдім. Электр сымын тартуға күшіміз келмеді. Алты баланы тек қана ешкіден түскен табыспен асырап отырмыз. Артық қаржы жоқ. Әбден қиындық көрген соң, былтыр «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы  миллион теңге несие алып, жел мен күннен қуат алатын қондырғы сатып алдық. Қазір мұздатқышқа дейін қосамын. Күні-түні жарығымыз сөнбейді. Балаларым да мәз. Аллаға шүкір. Осы ретте аудан әкімі Мәди Елеусізовке, орынбасары Нұрлан Қызбергенов пен ауыл әкімі Абат Баймұхановқа алғысымды айтамын. Әсіресе, ауыл әкімі Абатқа  алғысым шексіз. Отын, жанармай таусылып қалса, көмегін береді. Қыста балаларымды өз көлігімен жеткізіп тастайды. Қиын кезде осындай азаматтардың қолдауы бізге демеу болады,  — дейді Ақкенже ағынан жарылып.

Қазір қыстақтағы  жалғыз үйдің айналасында тіршілік қайнап жатыр. Әрине, проблема да жоқ емес. Ауыз суды қысы-жазы Құтикөлден тасып, ішеді. Іргеден өтіп жатқан құбырды тартуға отбасының күші жетпейді. Бірнеше рет аудан әкімдігіне де айтып көріпті. Бірақ нәтиже жоқ. Мемлекетке масыл болмай, өз күшімен шаруашылығын дөңгелентіп, бала-шағасын асырап отырған отбасыға аудан әкімдігінің көмегі қажет.  Ауызсудан бөлек малға беретін де су тапшы.

— Ауыл маңындағы Құтикөл өзенінің сағасы Қаралыққа шлюз салынса,  малға су болар еді. Су бар жерде береке бар. Егін де егуге мүмкіндік болады. Ауылдықтар кәсіп бастар еді. Ілгеріде ауыл тұрғындарының бәрі бақша егетін. Қазір су жоқ, айдалаға кетіп жатыр. Ешкілер жазда шалшық су ішеді. «Сиырдың сүті тілінде» демекші, таза су ішсе, сүтті де мол алуға болады. Жалпы ешкінің сүті балаларға өте пайдалы, дәруменге  бай. Ешкінің сүтін ішкен бала ауырмайды. Егер сүтті мол алсам, ауылдағы, аудандағы балабақшаларға өткізгім келеді, — дейді Ақкенже.

Бар бақыты — балалары

Барлық қиындықты бірге жеңіп келе жатқан Энзензарту мен Ақкенженің бар бақыты — балалары. Балаларын еңбекке баулып, дұрыс тәлім-тәрбие беруге тырысады. Қазір үлкен ұлы Самалбек Алматыдағы №55-71 әскери бөлімде еңбек етіп жатыр. Ерлігімен көзге түскен сарбазды «Бүркіт» арнайы жасағының құрамына қабылдапты. Ал екі қызы Гүлсезім мен Айым Алматыдағы С. Назарбаева атындағы колледжде ағылшын тілінің маманы бойынша білім алуда. Ортаншы ұлы Айдынбек — шаруашылықтың иесі. Қазір әке-шешесіне қолғабыс етіп,  мал жайлап, бар шаруаны өзі атқарады. Бастауыш сыныпта оқитын ұлы Дарын мен қызы Ханым —  Ақкенженің қолғанаты. Дарын анасына ешкі сауысып, мал қайырады. Қорадағы сиыр мен түйені де қарап келу, жемін салу —  Дарынның міндеті. Энзензарту  балаларын жазда арбамен, қыста атшанамен тасып, оқытты. Олар да әке-шешенің еңбегін ақтауға тырысып жүр. Үлкендері мектепте үздік оқыды. Қазіргі кейбір отбасының балалары тәрізді ата-анасына «интернет жоқ», «жарық жоқ» деп өкпе айтпады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

— Балаларымызға жақсы тәрбие беруге тырысамыз. Адал, еңбекқор, білімді болып өссе деймін.  Аллаға шүкір, өзге балалар секілді емес, еңбектің қадірін түсінеді. Табыстың оңайлықпен келмейтінін көріп жүр. Үлкен ұлым қандай қиындықпен оқытқанымызды  біледі ғой, былтыр әкесіне  «Нива» көлігін алып берді. Ұлымыздың алғашқы сыйлығына қатты қуандық. Қазір күйеуім екі баламды мектепке машинамен алып барады, — дейді Ақкенже.

P.S.

Ауданнан шалғайдағы жалғыз ауылда ешкімнің көмегінсіз шаруасын дөңгелентіп отырған Энзензарту мен Ақкенженің еңбекқорлығына ел-жұрт сүйсіне қарайды. Аяқ-қолы сау бола тұра, «жұмыс жоқ» деп, мемлекеттен көмек күтіп отырған кейбір жандарға Сариндер отбасы үлгі.  Ақкенжемен әңгімелесіп отырып, адал еңбектің адамы екенін байқадық. Айтпақшы, күйеуінің ерекше есімі туралы да сұрадық. Энзензартудың атасы аян бойынша қойыпты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА