Алдымнан «Қаза тапқан сиыр» қайдан шықты?
Әдебиет — сөз өнері. Кешегі Кеңес кезінде «цензура болды, жазарымызды жаза алмадық» деп тұсаулы аттай кібіртіктегеніміз рас. Ал кеңестік цензура құрдымға кеткенде, жүгенін сыпырған аттай болып шыға келдік. Оған көптеген дәлел келтіруге болады.
Әдебиетті тұп-тұнық, мөлдір бұлақ десек, сумақы сөз бен кесірлі ойлар оған лақтырылған кесек тәрізді. Осы тұста «Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиеттің сайқалының зияны мыңға тиеді» деген Бауыржан Момышұлының өткір пікірі ойға оралады. «Сайқал әдебиет» оқыған адамды теріс түсінікке, оралымсыз ойға, тұрпайы тілге әкеп соқтырады. Ал әдебиет әманда тек қана оң тәрбиеші болуы шарт.
Қазір әдебиетіміз тек жазбаша сипатта дамып келе жатыр. Осы тұста жазба әдебиет тілінің қандай болуы керек деген мәселе туындайды. Оның жауабын ұлыларымыз әлдеқашан беріп қойыпты. Ақын Олжас Сүлейменов: «Жазба әдебиет тілі — мемлекеттілігіміздің бірінші зайырлы белгісі», — депті. Енді қайсыбір әдеби шығармалардың тіліне, көркемдік сипатына назар аударайық. Айта кететін басты жайт — мысалға алынған қаламгерлер қарабайыр біреулер емес, қазіргі қазақ әдебиеті кеңінен мойындаған жаңа ғасыр өкілдері.
Есімі сөз өнерін сый тұтатын көпке мәшһүр журналист, жазушы, аудармашы, зерттеуші Думан Рамазан ағамыз — тарихи тақырыптарға қарымды қалам сілтеп келе жатқан қаламгер. Бірақ ағымдағы жылдың желтоқсан айында қорытындыланған «Ауылым — алтын тұғырым» әдеби жүлдесінде үздік болып танылған «Тасмаңдай» трагедиясы автордың тұрпайы сөздерді қолданысына жиі енгізуімен «теріс» айшықталды. Трагедиядағы қым-қиғаш оқиға желісі, қалың оқырманға түсінікті жатық тіл мына тұстарда ақсап-ақ тұр. Үзінді келтірейін.Трагедияның басты кейіпкері Қайырбектің әйелі Дәмежанға қарата әлденеше жерде айтқан сөздері: «Осы уақытқа дейін не істегенің белгілі ғой, жәлап. Астында күшік құсап қыңсылап жаттың ғой» немесе «Енді өзім де көрінгеннің астында қыңсылап жататын сендей бұралқы қаншықпен бірге тұра алмаспын». «Жәлап» сөзі қолданылған тағы да бір үзінділер мынадай: «Мен саған бөтен еркекпен қыдырғанды көрсетейін, жәләп!» және «Жәлап, көрсетейін мен саған көзге шөп салғанның қалай боларын!» Трагедияны сүйсіне оқып отырып, дәл осы тұста омақаса құлағандай жағымсыз әсер алдым. Автор бірде жәләп деп, енді бірде жәлап деп құбылта берген бұл сөз қазақ әдеби тілінде бар болар. Бірақ қайта-қайта қолдану көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Ақ некесін лайлаған әйелі Дәмежанға күйеуі Қайырбек ашу-ызасын осындай бейәдеп сөздермен төккен. Оқиғаның шиеленісті шағына жеткенде, автордың не себепті көркем тілінің тізгінін тартып, көше тіліне ауып кету себебі белгісіз. Дисфемизмдер мен диалектілерді қаптата өргізіп жібергенде оқырманына жақын бола түсем деді ме, әлде отбасылық кикілжіңді боямасыз түрде бермек болды ма? Ол жағы бір ғана Думан ағамызға ғана аян.
«Жәләп» сөзін жек көріп отырғанымда, алдымнан «қаза тапқан қасқа сиыр» шықты. Иә, қателеспедіңіз. Мен оқыған әңгіменің атауы — «Қасқа сиырдың қазасы». Автор Ерсін Мұсабеков бұл әңгімесін «Ауылым — алтын тұғырым» әдеби бәйгесіне қосыпты. Ерсін ағамыз — «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің «Тіл майталманы», «Алтын сұңқар» сыйлықтарының иегері екен. Тіл майталманы болып танылған Ерсін ағамыздың сиырды қаза таптырғаны естіген құлаққа түрпідей тиеді. Сол әңгімеден үзінді келтірейін: «…Ауыл үсті гу-гу әңгіме. «Жаппарханның қорасында қайнағасының сиыры жарылып қалыпты». «Сиырдың қорада жарылып қалуы» тіркесі лексикалық нормаға сай емес. Және бір мысал: «Бекбайдың қорасында көршісінің дөнен өгізі өлім құшыпты». «Өлім құшу» тіркесі тек адамға ғана тән екенін автор осы тұста есінен шығарып алған тәрізді. Саналы ғұмыр сүру, сосын өлім құшу — малға бітпеген қасиет. Әңгіменің соңғы сөйлемдерінің бірі мынадай: …зеңгі бабаның бірнеше ұрпағының абыройы осылайша алақандай ауылда зеңгір көкке көтеріліп, асқақтап тұрды». О заманда бұ заман, малда абырой болушы ма еді? Абырой, атақ — тек адамға қатысты ұғым. Малда қасиет, кие болмайтын ба еді? «Абыройы асқақтаған сиырлар» мен автор өзі «рухани мәстек» деп атаған әңгіме кейіпкерлері бүгінгі ауыл болмысын оқиға тұрғысында аша алса да, тілдік сипатта кекештеніп тұр. Ұсақ тірлікті адамды «рухани мәстек» деп диалектінің қатысында бермей, ең қарапайым «рухани төмен» деген әдеби тіркесті қолданса, сөз тұнығы лайланбас еді-ау. Дәл осы орайда Ғабит Мүсіреповтың «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» деген қылыштай пікірі атойлап тіл ұшына келеді.
«Мемлекеттік тілде сөйлеушілер аз» деп ширек ғасыр жыламсырап жүргенімізде, жазушыларымыздың қайсыбірі өз шығармасына орыс сөзін тұздық етіп қосудан жалықпай-ақ келеді. Таза қазақтілді туынды ғана оң тәрбие беріп жарылқайтынын ескерсек, көзге сүйелдей басылатын мұндай орысша сөздердің ұшырасуы тілдік саясаттың салқындылығынан ба, әлде жеке қаламгерлердің сөздік қорының жұтаңдығынан ба? Түсініп болмайды. Жас жазушы Қанат Әбілқайырдың «Дыбыс» әңгімесінде кейіпкерін «тірі склет» деп жарым-жартылай қазақша сипаттайды. Қазақша баламасы «тірі қаңқа» немесе көркемдеп «тірі аруақ» десе, әрі қашып кете ме? Тағы бірде «давай» деп даңғазалайды. «Жүр, кеттік» деп таза қазақша тіл бітірсе қайтер еді?
Қорыта келгенде, әдебиет бар жерде ұлт бар. Ал бүгінгі әдебиет қазақ ұлты үшін шырқау биік деңгейде болып, ұлт ұрпағын да ұлы етіп тәрбиелеуі тиіс. Олай болса, әдебиетіміздің әрін дөрекі диалектілермен қашырып, еңсесін орыс сөздерімен түсірмейік! Әдебиет тұнығын ластанудан сақтайық! Бауыржан Момышұлы айтқан «әдебиеттің сайқалын» «байқамай» жасап қойып, оның зардабын күллі қазақ тартып жүрмесін.
Айзат Рақыш
жазушы