Ақтауда алғаш рет ішекті аспаптар квартетінің концерті өтті.

Қарт Каспийдің жағасында ұмсынған ару қала Ақтауда алғаш рет Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің концерті өтті. Өнерпаздар Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің сахнасында әлем классигі Людвиг Ван Бетховеннің Квартет N 2 опус 59 шығармасы мен Ғазиза Жұбанованың квартет N 1, Әбдімомын Желдiбаевтың «Ерке Сылқым»,  Махамбеттің «Жұмыр Қылыш» және Құрманғазының «Адай» сынды шығармаларын орындады.

18 жылдық тарихы бар Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті Қазақстанның ең үздік камералы ансамбльдерінің бірі. Бүгінде квартет қорында қазақ музыкасынан бастап, әлемдік классикалық музыка мен батыс еуропалық шығармалар бар.

IMG_0955Тәуелсіздіктің 25 жылдығына Маңғыстау жеріне арнайы келген өнерпаздар маңғыстаулықтарды өз шеберліктерімен тәнті етті. Сахнада Құрманғазының «Адай» күйі орындалғанда халық орнынан атып тұрып, қол шапалақтап, өнерпаздарға деген құрметін білдірді.

Біз үшін ең бастысы халықтың разылығы дейді, квартеттің негізін салушы, әрі көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.

-Біз осы уақытқа дейін Қазақстанның бірнеше қалалары мен шет елдерде болдық. Киелі Маңғыстау жеріне алғаш қадам басып жатырмыз. Шыны керек, мұндағы көрермен бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Әсіресе біздің орындауымыздағы Құрманғазының «Адай» күйі оларға қатты ұнады. Маңғаз өлкеге тағы да келу жоспарымызда бар. Жалпы, бізді қай жерге барсақ та тыңдармандарымыз жылы қабылдайды. Бүгінде концерттерімізді асыға күтетіндер де бар. Квартет репертуарында әлем классиктері мен қатар, қазақ халқының біртуар композиторларының да шығармалары да бар. Сонымен қатар, қазір  күйлерді де орындап жүрміз. Атап айтар болсам, «Жұмыр Қылыш», «Адай», «Ерке сылқым» сынды күйлер бар. Қазақстанның қай жеріне барсақ та, осы күйлерді орындағанда халық керемет әсер алады. Сондай-ақ, Ғазиза Жұбанованың екі квартетін біз әлемнің барлық елінде орындадық десек болады. Қазіргі таңда Мәскеуде жаңа альбомымызды жазып жатырмыз. Бұл альбом біздің тыңдармандарымыз үшін ерекше жаңалық болайын деп тұр.

12049413_731342086969975_3578024286350902600_nТалай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған квартет құрамында төрт өнерпаз бар. Солардың бірі, альт Бекзат Сайлаубайұлы.

— Жалпы, мені өнерге ата-анам әкелді десем болады. 6 жасымда олар мені музыкалық мектепке берді. Содан бері, музыка менің өміріме айналды. Консераторияны бітірген соң, квартет жетекшісі Ернар Мыңтаевтан шақырту алдым. Содан бері, квартет құрамындамын. Бүгінде өнерді таңдағаныма еш өкінбеймін.

IMG_1061Ал, скрипкада ойнайтын Айдар Тоқталиев мектеп жасынан бері осы квартет құрамында екен.

-Мен бұл квартетке 2002 жылы келдім. Ол кезде әрине мектеп оқушысымын. Іріктеуден өттім. Содан соң, бір айдан кейін Мәскеуге барып, концерт қойдық. Қазір қарасам, содан бері 14 жыл өтіпті. Классикалық музыканы таңдағаныма қуанамын, дейді скрипкашы Айдар Тоқталиев.

IMG_0994Квартет құрамында тағы бір скрипкашы бар.  Ол Алексей Лебедев. Оның айтуынша, әр баланың музыкаға деген қабілеті болады. Ата-ана соны оята білу керек.

-Мен Марий Эль республикасынанмын. Музыкаға жәй келген жоқпын. Мен мектепте оқып жүрген кезімде біздің республикаға талантты балаларды іздеу үшін арнайы музыканттар келді. Мен солардың іріктеуінен өтіп, музыкалық интернатта тәрбиелендім. Бүгінде осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Менің ойымша, баланы музыкаға беру үшін оны сол бағыттаға мектептерге беріп тәрбиелеу керек.

 

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысынан