Н.Ноғаев: Бизнес оқулары нәтиже беретіндей тиімді болсын
Облыстағы шағын және орта бизнестің даму мәселелері Исатай ауданында өткізілген көшпелі мәжілісте айтылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ауданға жұмыс сапары барысында болған бұл жиында өзекті ойлар ортаға салынды. Өткен жылы облыста 750 адам кәсіпкерлікке бағдар беретін арнаулы оқуларға қатысқан. Солардың 130-ы ғана өз істерін ашып, кәсіпкерлік жұмыстарын бастапты.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Атырау облысында 2017 жылы несиелеуге — 927 млн. теңге, кепілдік қамтамасыз етуге — 97,6 млн. теңге, «Бастау Бизнес» бағдарламасын жүзеге асыруға — 51 млн. теңге бөлінген.
— Өз кәсібін ашқан 130 адамның 77-сі несие алу арқылы, 54-і өз қаражатына жеке істерін бастады. Жас кәсіпкерлер мектебінде 40 адам оқыды, бизнестегі сауаттылықтарын жетілдіруге 110 кәсіпкер оқытылды, — дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.
Аймақ басшысы бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде оқытылған адамдардың санына емес, оның нәтижесіне, тиімділігіне назар аудару керек екендігін айтты.
– 750 ауыл тұрғынының бизнес туралы білім алғаны жақсы, бірақ солардың ішінен тек 130-ы ғана кәсіп ашқаны оның тиімділігі төмен болғанын көрсетеді. Адамдардың ынтасын, бизнеске бейімділігін ескеру керек. Қызылқоға ауданында 253 адам оқытудан өткен, солардың нақты іс бастағаны 22 адам. Қалғандары неліктен тыс қалып қойды? Кәсіпкер болғысы келетін тағы да 231 адамға қандай көмек көрсете аламыз? Барлық жауапты органдар осы бағытта жұмыстанулары қажет, — деді Нұрлан Ноғаев.
– Біз цифрландыру ғасырында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан оқыту процессі барлық тараптарды қамтуы тиіс – дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу, БАҚ-қа, әлеуметтік желілерге мақалалар шығару. Адамдар шағын және орта бизнесті қолдауға арналған мемлекетік бағдарламалардың бар екенін, оның жеңілдіктерін білулері тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутив ауылдық жерлердегі кәсіпшіліктің түрлеріне қатысты мониторинг пен алдын ала талдау жүргізу арқылы проблеманы шешуге болатынын айтты. Кәсіпкерлікке бағдар беретін оқыту семинарларының тақырыбы мен жоспары осыған орай таңдалып алынса, нәтижелі болары анық,- деді ол.
-Жаңадан іс бастаймын деген ынталы кәсіпкерлердің жобаларына көмектесуге тиіспіз, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Өз тарапымыздан қызықты бизнес жобалар мен стартаптарды әрдайым қолдаймыз, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Светлана Муньянова