Жас ойыншыларға шеберлік сабағын өткізді
Облыстық «Бейбарыс» командасы жас ойыншыларға шеберлік сабағын өткізді. Бұл шараны тамашалауға мұз айдынына 400-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Облыстық «Бейбарыс» хоккей клубы жанкүйерлер қауымына жетістікті ойындарымен жақсы таныс. Мұнда сайыс додаларын қыздыратын, жеңіске үміт күттіретін шебер ойыншылар баршылық.
Жайық бойына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары жастардың ойынына жанкүйер болып, шеберлік сабағының көрігін қыздыра түсті. Команда барлық құрамымен біріге отырып, балалар мен жасөспірімдер үшін осындай игілікті іс жасады.
-Басты мақсатымыз жергілікті тұрғындар арасында хоккейді дамыту. Сонымен қатар, жастарды спортпен шұғылдануға баулып, өзіміз ісімізбен үлгі көрсету. Барлық құраммен келіп, бүгін шеберлік сағатын өткіздік. Осы тәрбиелік жұмыстарымызға өте қуаныштымыз,- дейді команданың бас жаттықтырушысы Александр Истомин.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы облыстық әкімдік пен қала әкімдігі бастамашы болып, қолдап отырған мұндай спорттық шаралар алда әлі де жалғаса береді.
Светлана Муньянова