Тараз қаласы түрленбек…

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен қалалық кеңестің кезекті басқосуында Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жайы талқыланды.

Таяу арада аумағы 15 гектар болатын саябақтың кейпі адам танымастай өзгеретін болады. Саябақты жаңғырту жобасын Алматы қаласынан арнайы келген «Арыстан– Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таныстырды. Жоба авторлары мұнда Ұлы Отан және ауған соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған музей бой көтеретіндігін атап өтті. Сондай-ақ, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан 68 мыңға жуық жамбылдықтың аты қашалған «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы пайда болады. Сәйкесінше, сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрген жамбылдық жауынгерлердің тізімі жергілікті басылымдарға жарияланып, олар жайындағы тың деректерді іздестіру, аталмыш тізімді толықтыру жұмыстары жалғасын таппақ. Сонымен бірге, саябақ аумағын Жеңіс күніне арналған шаралардың бастысы саналатын «Мәңгілік полктің» жүруіне ыңғайлы етіп жасауға басымдық беріледі. Аталмыш жұмыстардың барлығы қаланың әр жерінде орналасқан «Мәңгілік алау» мен Б.Момышұлы ескерткішін саябақ аумағына көшіріп әкелуден басталмақ. Саябаққа қала тұрғындары мен қонақтарын қарбалас тірліктен бір сәт серігіп, бой жазуына бар жағдай жасаудан бөлек оны эстетикалық, патриоттық тәрбиенің ордасы ету де басты назарда.
Бұл орайда, саябақ аумағына Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, жазушы Бауыржан Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайларша орнату жайы жан-жақты ойластырылатын болады. Одан бөлек, қауіпсіздікті сақтау мақсатында саябақ аумағына толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіп, қосымша полиция пунктерін ашу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, қалалық кеңестің кезекті отырысына облыстағы салалық басқарма басшылары мен мүдделі мекеме жетекшілерінен бөлек ҚР Сәулеткерлер одағының Президенті Ақмырза Рүстембеков пен «Күмбез» компаниясының президенті -Сәулетшілер одағының вице-президенті Болат Мұсылманбеков қатысып, Тараз қаласының кескін-келбетін өзгертуге қатысты өз ойларымен бөлісті.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі