Табалдырықты баспа, босағада тұрма!
Қазақстың әр сөзі ақыл, тұнған даналық. Әр тыйымы мен ырымы да бекерге емес. «Отбасы хрестоматиясы» кітабында халқымыздың ырым-тыйымдары кеңінен түсіндірілген. Соның бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбада құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті.
Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен.
Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш:
— Қалаған жеріңнен қоныс ал! — дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты.
Артынша Шиштің үйіне Бақыт келіп бас сұғады. Ол төрден орын беруін сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі.
Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарқанынан орын алыпты. «Дастарханда береке бар» деген түсінік осыдан қалыпты.
Көп ұзамай ынтымақ келіп, пайғамбардың қонысынан жай сұрайды. Ол босағаға орналасады. Қазақта «босағаң мықты болсын» деген сөз «ынтымағың мықты болсын» деген тілек екен. Ал «босағада тұрма» дейтіні «ынтымақты бұзасың» деген ырымы деседі.
Шиш ізгі амал, қасиеттерді орналастырып жатқанда үйдің бір саңылауынан жын-перілер жасырынып келіп, үйдің бұрыштарына тығылады.
Кім бұрышқа отырса, соның арқасына мініп, кеудесін басады екен. Қазақта «қара басты», «еңсені езді» деген тіркестер осыған орай айтылған деседі. Ырым білетін есті кісілер жастарға «бұрышқа отырма» деп тәрбиелейді екен. Үйдің ішін адыраспан не аршамен аластағанда жын-перілер жоғалады деген де түсінік бар.
Дайындаған Жұлдыз Әбіл