Жол жүру ақысы тағы қымбаттай ма?
Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Пернебайұлының қатысуымен «Қаланың автомобиль және көлік инфрақұрылымын дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан жол жүру ақысы қымбаттай ма? – деген қала тұрғындарының басты мәселесіне айналған сұраққа басқарма басшысы: «Қазіргі тариф – 80 теңге. Ол 2012 жылдан бері еш өзгермеген», — деп жауап берді. «Тасымалдаушылармен тікелей жұмыс жасайтын адам ретінде айтсам, қазіргі 80 теңгелік тариф олардың шығынын ақтамай жатыр және 6 жылдың ішінде автобустардың бөлшек құралдарымен қатар, автобустар қымбаттады, жанар-жағармай құны күн санап өсіп келе жатыр. Жыл сайын инфляция болып жатыр. Сол себепті, жол ақысын қымбаттату мәселесі қазір талқылану үстінде», – дейді Мақсұт Исахов.
2012 жылдан бері Қазақстанның 6 қаласында жол ақысы 3 рет көтерілген болса, Алматы қаласының тарифы сол қалпы. Жолақысын қымбаттату туралы қаулы шығуына 2 айдай уақыт кетеді. Ең алдымен мәслихатқа ұсыныс берілмес бұрын бұл мәселе қоғамдық кеңес талқысына түсуі тиіс. Одан кейін қалалық кәсіпкерлер палатасында кеңестен өтеді дегендей бұл мәселе бір адамның ғана құзырында емес. Шешім әлі қабылданбады және қарастырылу үстінде. Дәл қазір қабылданғанның өзінде қаулы шығып, қолданысқа енуіне бірнеше ай уақыт өтеді», – дейді Басқарма басшысы.
2017 жылы Алматыда 184 шақырым көше жөнделген болса, 2018 жылы 89 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек және жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы көп болатын Жароков, Зорге, Марков, Мұстафин, Солтүстік айналмалы шеңбер, Абай, Мақатаев, Яссауи, Гагарин, Назарбаев, Майлин, Шәріпов, Байтұрсынов, Қабанбай батыр және Жамбыл көшелеріне жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жасалады деп жоспарлануда.
Рамзия Айман