Асылы Осман: «Қазағым барда мен бармын»

Асылы Осман қызының мерейтойына арналған мақала

                             «Қазағым барда мен бармын»

                     Қазаққа қымбат дара қыз

«Қазағым барда мен бармын» деп, жүрген жерінде мақтанышын жасырмай төгіле білетін, өзіде қазақтың ерке қызының біріне айналған Асылы Османда жетпіске иек артыпты. Саналы ғұмырында салихалы ой айтып, тынымсыз ізденіспен, ер азаматқа бергісіз іс тындырғанның бір Асылы ханым екені даусыз.  Оны барша қазақ мақтанышпен айтсада артық емес. Жасандылықтан ада, жан дүниесі тазалыққа толы Асылы Османның тектілігіне, қайсарлығына, қазақ ұлтына деген  риясыз көңіліне, махаббатына сүйсінбеу мүмкін емес.

Асылы Әлиқызы  жайлы не айтсақта жарасады. Бірақ мынаны есте ұстағанымыз абзал. Ол мақтауға зәру емес. Құлай сенген адамына құрметі шексіз халқымыз оны ақ періштедей ардақтап келеді. Оның әр адымы жұртына жақсы таныс. Ақ жүрегімен ақтарыла сөйлегенде қазақтың қара сөзі жанданып жүре беретіні бар. Қасиетті қазақ тілінің қаймағынан қалқып алып, алқалы топта арқаланып, адуынды ойын ашық айтып милиондардың жүрегіне жол тапты. Турашылдығымен туғанына жақпай мыңдарды өкпелетіп алғаныда жасырын емес. Бастау алған бұлағының тұнығын лайлап, Қазақтың шалқар көңіл  айдынына тас атқандармен ымырасыз майданда жүріп есейді. Еткен еңбегі сатулы балмасада, атаулы болып дер шағында бағалана білді.  Жер бетінде бір қазақ қалғанша есімі қызға үлгі, ұлға құнды бола бермек.

Ендеше елдің ерекше ықылас пейілімен қанаттанып, қияларға қанат қағып, қарымды қайраткерлігімен танылған Асылы Осман қандай мақтауғада лайық жан. «Қаным қазақ болмасада жаным қазақ», деп ерге бергісіз қажыр-қайратпен, тілдің жырын жырлап, алаштың мұңын арқалап келе жатқан аяулы апайымызда жетпіске қадам басыпты. «Дирменнің тасындай зыр айналған дүние-ай» демеске шараң жоқ осындайда. Әлі күнге шыққан биігінен төмендемеген асыл текті Асылы апайдың асқаралы алпысында аспандатып ой айтқанымыз кеше ғана секілді еді. Шашасына шаң жұқпас  уақыттың арғымағы тағы бір белестің қырқасынан қылаң берді. Дүйім қазақтың делебесін қоздырып, дүбірлі додаларда түйінді ойын түйреп айтқан, салқам ойларын сарқып айтқан сүйікті қызына алаш баласының тілегі таудай болмақ әрдайым. Тәуелсіздік алғалы мәрт қазақтың нәрлі тілінің жоғын жоқтап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргеніне көкірегінде көзі, санасында сәулесі бар салихалы жұрттың баршасы куә. Талайлар өткенін ұмытып, мысық тілеу пиғылмен сырын ішке бүгіп, тасаға жасырынып қалып жатқанда, «Ақиқатты айтқан емес, оны көріп тұрып, көзін жұмып, айналып өткен адам айыпты» деп жаһанға жар салғанда Асылы Осман болатын. Биікте жүрседе басы айналмай, «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайынан кетпей» , қысылтаяң уақытта қазақтан көрген рақымын күні бүгінге дейін жыр етуден талмай, өзгелерге үлгі өнеге көрсетіп жүргеніне қалай риза болмассың.

Еңселі ел болуды көксеген шақта тағылымды ой, тартымды тілек айтып,  «Тіл-халықтың жаны әрі ары. Сондай-ақ ол- достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің ал­ды. Қазақ елі деген қарашаңырақтың астын­да тату-тәтті ғұмыр кешсек, ол – ең алдымен, осы қазақ халқының меймандостығы мен құ­нар­лы да бай тілінің арқасы» деп тереңнен тербегенде  тебіренбеген қазақ бар ма  тегінде. Әйтпесе қазақтың атынан билікке жетіп, жіліктің майлы басын мүжіп отырғандардың аузынан неге естімейміз осындай ақ тілекті.   Дүйім елдің атынан елді шулатқан доктринағада қарсы шығып, өзінің өжет көзқарасын алғашқылардың бірі болып айтқанын есті қазақ ұмыта қоймас.

Зобалаң жылдары Қазақстаннан тұрақ тапқан халықтардың бүгінгі ұрпағы қиналғанда қасынан табылып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына Асылы ханымның көзімен қарап, жомартта байтақ даланың киесін ұғынып, иесінің ығына жығылса бүгінгідей тілдің мұңын шертерме едік. Ендеше тумасада туғандай болған, берісі қазақтың арысы түркінің бағына туған қайсар қыздың мерейтойына мейірленіп тілек айтпасақ кім болғанымыз. Қазақтың жоғына мұңданып, барына нұрланып кемел келешектің құнарлы топырағына ізгіліктің ұрығын сепкен жан ештемесіз қалсада, ескерусіз қалмасы анық. Жүректе жатқан көп ойды қағазға түсірмек болсамда, өзгелер шиырлап кеткен соқпаққа түсіп кетуден сақтанып отырмын. Өйткені қолына қалам ұстаған қазақтың Асылы апайды аттап өткені жоқ. Өзі құлай берілген Қалың қазақтың ақтарылған ақ батасы оны үнемі қолдапта, қорғапта жүр деп ойлаймын. 2004 жылы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институты Асылы Әлиқызына «Әлемдегі 2004 жылдың ең таңдаулы әйелі» деген атақ бергенде бөркімді аспанға атып қуанған қазақтың бірі  мен едім.  Сондықтан ол кісінің толағай табыстарына толқып толғанып жатырмын. Бүгінде Тілдің жанашыры Асылы Осман, «Мемлекеттік тілге- құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Алда әлі алынбаған асулар, қақпасы берік қамалдар тұр. Жарқын күндердің алтын беттерінен Асылы Әли қызын әлі талай  көретініме бек сенімдімін.

 

Сәуле Мешітбайқызы