Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудағы 6 кедергі

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты азаматтардың үлкен қызығушылығын және жоғары дәрежеде сенімін тудырғаны рас. Бірақ бір атым насыбайдан көңілі қалатын қазаққа тиімсіз тұстары да көп болғалы тұр. Оны төменде тарқатамыз.  Депутаттардың өңірлерге сапары және халықпен кездесуі көп мәселенің түйінін шешіп, проблемалардың да аз еместігін көрсетіп бергенін қадап айтқымыз келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығы тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адамға өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығы туралы атап өткені белгілі. Экономикалық өсу резерві өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар болып табылатынын ескеру қажеттігі де айтылған.

Өткен жылы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 15 000 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыса, осы жылдан бастап бұл сан 30 000-ға дейін ұлғаймақшы. Алдағы бес жыл ішінде бұл бағдарлама бүкіл ел бойынша 135 мың адамды қамтуды жоспарлап отырғанын айтсақ, қаншалықты жауапкершілігі барын пайымдай беріңіз.

Мемлекеттік  бағдарламаға қатысушылар күрделі кедергілерге неліктен ұшырайды? Оның себеп-салдары қандай? Кедергілердің өте көп екендігі жиі айтылуда, оны шешудің жолдары бар ма?

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнара Бижанова ҚР Премьер-министрі Б. Ә. Сағынтаевқа депутаттық сауалында біз сөз еткен стартап жобалардың неліктен жүйткіп кетпейтінін саралап, аяғы кеткен аттай кібіртіктей беретін  тұстарды жіліктеп берді.

Біріншіден, қаржы институттарының стартап жобалармен жұмыс істеуге құлқы жоқ. Себебі стартап жобалар тәуекелдерінің жоғары болуы себебінен қаржы ұйымдарына қызық емес. Сондай-ақ  МҚҰ (Мемлекеттік қаржы ұйымдары) және кредиттік серіктестіктер мемлекет тарапынан кепілдік берілетін кепілзатты пайдаланғысы келмейді, оларға теріс сценарий орын алған жағдайда тез өткізуге болатын, «тірі» кепілзатпен жұмыс істеген қолайлы.

Екіншіден, бизнес жобаларды қаржыландыру мерзімінің шектеулілігі және МҚҰ қызығушылығы жоқ. «Бизнес Бастау» жобасына қатысушыларды қаржыландыру мүмкіндігі мынадай себептермен төмендейді. Басқа мемлекеттік оқыту бағдарламалары бойынша сертификаттар санының көптігі. Сонымен қатар, бұл бағдарламалар ұзақ емес, қаржыландыру элементтерін және бизнес жоспарды бірлесіп дайындауды көздемейді, тиісінше, оларға қатысушылар құзыретінің деңгейі «Бизнес Бастау» жобасына қатысушылардан төмен.

Қаржыландыруды іс жүзінде аяқтау сәтінде (15 тамыз) алты топтың тек үш тобы ғана оқуды аяқтады. Қатысушылардың жартысы микрокредит ала алмады, —  дейді мәжілісмен.

Сараптап көрсек, бағдарлама  шеңберінде барлығы 26 607,4 млн. теңге сомаға 5706 микрокредит берілген, оның ішінде 1664-і жалпы сомасы 5,2 млрд. теңгеден жоғары «Бизнес Бастау» бизнес жобаларын қаржыландыруға бөлінген.  «Бизнес Бастау» жобасына қатысушыларға берілген жалпы сома  19,5 пайызды құрайды, барлық стартап жобаларды есепке алсақ, бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Бірақ бұл бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатына сәйкес келмейді. Егер бағдарламаның миссиясы жұмыс орындарын құру болса, онда жұмыс орындарын бизнесті жаңадан бастаушылар немесе қолданыстағы бизнес субъектілері құрайтынында еш айырмашылығы жоқ.

Үшіншіден, АШМ/ «ҚазАгро» АҚ қаржыландыруындағы теңгерімсіздік; «Бизнес Бастау» жобасына қатысушылардың мүмкіндіктерін түбегейлі төмендететін бірқатар шектеу индикативтерінің болуы; АӨК саласындағы бизнес жобаларды басымдылықпен қаржыландыру бойынша индикатив (жобалардың жалпы санының кемінде 80 %), стартап жобаларды «20 пайыздан астам» деңгейде қаржыландыру бойынша индикатив, аудандық мамандандыру карталарының болуы.  Бұл  индикативтер Ауыл шаруашылығы министрлігінің нақты KPI орындауға бағытталған, бағдарламаның жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығы немесе бағыттағы жобаларды дамыту міндеттерін ескермейді.

«Бағдарламаны қадағалайтын ведомствоаралық жұмыс тобын құру қажет»

Төртіншіден, декларацияланатын қаржы құралдарының (микрокредиттеу) қолжетімділігі төмен. Атап айтқанда, кірістілігінің төмен болуы (Бағдарлама шарты МҚҰ операциялық шығыстарын 10 пайыз мөлшерінде субсидиялауды көздейді, бұл нарық бойынша орташа кірістіліктен едәуір төмен), бюджет қаражатының  тартылуына байланысты мемлекеттік органдар тарапынан тексерудің ықтимал тәуекелдерінің болуы себебінен МҚҰ бағдарламаға қатысуға қызығушылықтары төмен. Кредиттік серіктестікке (бұдан әрі — КС) кіру кезеңінде қаржы шығындарының болуы себебінен (кемінде 100 мың теңге) КС арқылы қаржыландыру қолжетімділігі өте төмен, бұл стартап жобалар үшін ауыр жағдай. Бұдан басқа КС стартап бизнес жобаларды тәуекелдері жоғары болғандықтан, өз құрылымына тартуға құлқы жоқ. Стартап жобаларды қаржыландыруға қызықпау осы бағдарламаның барлық қаржылық ұйымдарына (МҚҰ, КС, АШҚҚҚ) тән.

Бесіншіден,  декларациялайтын қаржы құралдарының (кепілдендіру) қолжетімділігі төмен. Микрокредиттеуге бөлінген соманың 60 пайызы  «АШҚҚҚ» АҚ арқылы игерілді  (16 096 млн. теңге). Бұл ретте бұл сомаға кепілдендіру құралдары қолданылмайды. «ҚазАгроГарант» және «АШҚҚҚ» АҚ «ҚазАгро» АҚ-ның еншілес компаниялары болып табылады. Іс жүзінде «Бизнес Бастау» шеңберінде 1321 бизнес жоба кепілдендіру құралдарын пайдалана алмады. Бұл  ретте қарау мерзімінің ұзақтығы 14 жұмыс күні (20 күнтізбелік күн). Сондай-ақ, қаржы ұйымдарының кепілдендіру құралдарына қызықпаушылығы бұл құралды стартап жобалар үшін тартымсыз етеді.

Алтыншыдан, маркетингтік зерттеулердің жоқтығы. Көрсетілген 2460 бизнес жобаның көбісі (85 пайызы) АӨК саласына жатады. Осы жобалардың ықтимал  тиімділігіне қандай да бір терең маркетингтік зерттеу жүргізілмеген. АӨК саласына қарай жобалардың «ығысуы» мынадай бірнеше факторларға сүйенеді: 1) ауылдағы тыныс-тіршіліктің тарихи қалыптасқан ахуалы, тиісті құзыреттердің болуы; 2) ҚР АШМ-нің индикативтерінің болуы; 3) бизнес жүргізу үшін ықтимал тауашалар туралы мәліметтің жоқтығы.

Депутат Гүлнара Қадыржанқызы айтса айтқандай, «Бизнес Бастау» қатысушыларының бизнес жобаларын барынша терең қолдау аса маңызды мәселе. Әйтпесе, стартап бизнес жобалардың әдеттегідей тез жабылып қалуы бек мүмкін. «Бүгінгі таңда жоғарыда аталған кедергілерді болдырмауға мүмкіндік беретін нақты шешімдердің жоқтығын ескере отырып, жобаны одан әрі іске асыру тиімсіз және бұл мемлекеттік қолдау шаралары ауылдық және қалалық қарапайым тұрғындардың көңілін қалдырады», — деген депутат пікірімен де келіспеске шамамыз жоқ. Осы ретте депутат сөзінен көңілге тағы бір түйгеніміз мынау: жоба бойынша оқытуды бастау сәтінде (2018 жылғы ақпан айының соңы) қаржыландыру мәселелері және бірқатар құралдарды жетілдіру немесе қайта қарастыру бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажет. 2018 жылға арналған бағдарлама бойынша көзделген микрокредиттеуге бөлінген қаражат көлемі (шамамен 31 млрд. теңге) мүлдем жеткіліксіз көрінеді. Сондай-ақ, бизнеске оқытатын барлық бағдарламаларға тексеру жүргізу қажет, өйткені әртүрлі бағдарламалар бойынша оқитындар саны стартап жобаларды қаржыландыруға бөлінген қолжетімді қаражаттан бірнеше есе көп.

Депутат мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған бағдарламаның бір бағыты 2018 жылы толыққанды жұмыс істеуі үшін қысқа мерзімде ведомствоаралық жұмыс тобын құру қажет деп санайды.

Нағашыбай Қабылбек