Парақор, милау, мәңгүрттен қорқамын
Ассалаумағалайкүм, құрметті «QAZAQSTAN ZAMANY» редакциясы, мемлекет, ұлт мүддесін үшін тер төгіп жүрген азаматтар мен қыздар!
Біріншіден, халқымыздың аяулы тұлғасы, Ел Анасы Сәуле Мешітбайқызын Бас директор болып тағайындалуымен газет оқырманы ретінде шын жүректен құттықтаймын.
Менің айтар ойым тауық жылының 14 қыркүйегінде тілші Саятхан Сатылғановтың «Тойымыздың қадірін қашырған кім?» атты мақаласына қатысты пікір білдіру еді. Өте өзекті мәселені қозғап отырған Саятханға мың рақмет. Біздің қоғам бүгінде өліеттеніп кеткен.
Бір мезгіл екі жастың үйлену тойында жылы лебіз, болашаққа бағдар айтар ағайын-ауылдас, құда-жекжат, нағашы-жиен, қатарлардың бас қосып шүйіркелесіп жатуы ежелден бар үрдіс. Қалыбына сай болып, ол жерде біздің қазақы салт-дәстүріміз, тарихымыз, дініміз, ар-ұятымыз насихатталып жатса, құба-құп. Алайда көңіліміз толмайтыны — бақырған музыка мен асабаның «шапалақ-шапалақ» деп айқайлауы. Саятхан мақалада «Шынында қазір, қарапайым әншілерді айтпағанда, кейбір жұлдыздардың өзі тойға қалай болса солай келіп, ішімдік ішіп алып, жасанды дауыспен ән шырқаудың шебері болып алған» дейді. Расында осындай келеңсіздікті бірі жақында интернет пен телеарналардан тарап кеткен әнші Төреғали Төреәлінің ісі бәрімізді ренжітті.
Қазіргі өнер адамдары өзінің киім үлгісі мен сахнадағы жүріс-тұрысымен үлгі болуы керек. Өкінішке орай, жас қыздарымыздың шаштары жалбырап, кеуде-иықтары жалаңаш, көйлек кисе тізе-балтырларын көрсететін болды. Осының бәрі өсіп-өну демографиямызға соққы болып отыр. Ал біздің ардан безген жауапты орындардағы атқамінерлеріміз осы қасіретті көрмей, бастарында дәстүрімізге сай орамалы бар оқушылардың ата-аналарын жазаламақшы. Олардың өздері паранжының не екенін білмейді. «Шаш ал десе, бас алудың» пиғылы осы емес пе?
«Жаппай тойқұмарлық, астамшылдық, ысырапшылдық әдетіміз қоғамдағы қайшылықтың айнасы тәрізді. Озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түсу ойымызға келе бермейді. Ал тойға келсек, бәсекеге бел шешіп түсетініміз неліктен?» — дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің мерейтойларын өткізбеу үшін шыққан жері Аралға, Шалқарға кетіп қалады екен. Аралға барғанда ең шалғайда жатқан екі ауылға өз қаржысы есебінен автобустар алып беріп, «Менің қолымнан келген мерейтойым осы» деген екен. Міне, адамгершілік!
Орыстың халық, ел болуына өлшеусіз үлес қосқан Петр І-да «ойын-той — бәле-жаланың басы» деп, әрдайым Парижге жұмыс сапарымен кетіп қалатынын тарих беттері айтады.
Басқа ұлт пен ұлыстарда үйлену тойы ғана болады. Оның өзі түс ауа бітіп кетеді. «Гулянка», ысырапшылдық, даңғазалық жоқ мүлде. Той алдындағы серуен құруға шығып, жол апатына ұшырап, ажал құшып жатқан да өз қандастарымыз. Бұл — ұлттық трагедия, қала берді қылмыс.
Бүгінде алып тойханалардың санынан сөз сүрінгенімен, сәулет келіскен намазханаларды қаладан таппайсың.
Қазір ХХІ ғасырдың төріне оздық. «Салты мықты елдің халқы да мықты», «Дос жылатып айтады, дос күлдіріп айтады» деген қазақ даналығын еске түсіре отырып, ойымды өлең жолдарыммен аяқтағым келеді.
Отанын сатқан жауыздан қорқам,
Сыбайлас жемқор обырдан қорқам,
Дін-дәстүр, тарих тілінен безген
Парақор милау мәңгүрттен қорқам!
Әбітбек Жамбыршиев,
Жамбыл облысы, Талас ауданы