«Алтын белгіні» Сиви не үшін алды?

Адамзат   тарихына    үңілсек, небір атаққұмар-даңққұмар  адамдар  болған. Атақ  алу  үшін  жоғары  жаққа  жалған  ақпарат беру  немесе қолдан атақты адам жасау қаншама  империялардың  түбіне  жеткенін  біреу  білсе, біреу  білмес. Кезінде  КСРО-ның  1-хатшысы  Леонид  Ильич Брежнев  кез келген  елдің  басшысын  қабылдағанда  ернімен  ерін  сүйістіретін. Өзінің де  кеудесі  сыңғырлаған  орден, медальдардан  бос  емес еді, соған  балаша  қуанып,  мәз  болатын  жарықтық. Бүгінде сол  Л.И.Брежневтің  өзін  шаң  қаптырып  кететіндер  пайда болды.

Қазіргі  таңда Қазақстан  деген елде таңның  атысынан  күннің  батысына  дейін  телеарналар  мен радиолар, одан  қала  берді  әлеуметтік  желілерде  құдай  басқа  салмасын, ұшы-қиыры жоқ  марапат, одан естімеген атақ-даңқ  алып жатқан  жеңімпаздар, лауреаттар  қаптады. Өткен Тәуелсіздік күні де небір орден, медальдар, ойдан шығарылған атақтар, наградалар шүлен таратқандай үлестірілді.

«Алтын белгі» деген  атақты Сиви Махмуди деген  қарындас  не үшін алғаны  белгісіз. Өйткені ол қарындас  әнші ме, актриса ма, продюсер ме, сазгер ме, соның қайсысы екенін түсіну оңайға соқпайды.

Баян-өлке  тумасы Дәулеткерей Кәпұлы жақында  «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген  мәдениет қайраткері» деген  атақ алыпты. Бұл да небір  жезтаңдай әншілер мен күйшілер, Дәулеткерейді он орап алатын ақындар ала алмаған  атақ. Айтыскер болып оншама қарық қылмағаны былай тұрсын, бұл Дәулеткерей қазақтың кешелі-бүгінгі мәдениетінің не тарихы, не болашағы туралы бір ауыз мақала жазған адам емес. Ендеше, онікі қандай «еңбек сіңіру»?

«Биыл  мен  алайын, келесі жолы  сен  аласың»  дейтін  секілді. Республикалық  байқау  дегенде  қалған  14 облыстан  бірде-бір  адам шықпайтынына  таңым  бар. Қайта-қайта  белгілі топ мүшелері марапатты  ала  береді, ала береді. Бұларды  қазақтың жер  мәселесі, көшедегі  орысша  шүлдірлеп  жүрген  орысқұлдардың ана  тілін  білмеуі,  Торғай өңірінің 76 мың гектары  Ресей  полигонына  айналып кеткені, Қарағанды  шахталарындағы  шахтерлердің  жанайқайы, Ата-анасын  қарттар  үйіне  апарып  тастап  жатқандардың  күрт көбеюі, ауылдардың  қаңырап  қалуы  мен  маскүнемдік, жезөкшелік сияқты қоғамдағы  өзге де ушығып тұрған,  қордаланған  мәселелер  дым  қызықтырмайтын, керісінше, кеудеге  медаль  тағып, сыйлықтан сыйлық алып жүре берсе болатын сияқты ма деп қорқамыз.

Кең ойлы кеңес айтар  жөн  жоғынан.

Жүк жұртта қалды, имесең Ием Өзің,

Берікбел бүтін  туған нар  жоғынан.

Көп үшін көбелектей  болсам деймін,

Есімнің  хабарым  жоқ  бар-жоғынан.

Ақылды  ер айтқанымды  абайлайды,

Ақылсыз  ақымақ  күлер ар жағынан, — деген қайран Тұрмағамбет  Ізтілеуовтің  өлеңі  осындайда ойға оралады.

«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, мен бұл  мақаланы  олардан  орден, медальді, жүлдені  қызғанғаннан  жазып отырғаным  жоқ. Тек, елімізде әлсін-әлсін жүздеп, мыңдап орден, медаль, сыйлық, жалған атақ беру үлкен бір үрдіске (дәстүрге) айналып, соның салдарынан «парасатты», «құрметті», «даңқты», «жүлдегер», «жеңімпаз» деген сөздердің әбден қасиеті қалмай бара жатқаны жаныңа батады екен.

 Жұмамұрат  Шәмші,

  тарих   ғылымдарының  кандидаты