Аудан әкімдеріне «емтихан» басталды

Асқар Мырзахметовтың сынағынан кім сүрінбей өтер екен?

Бүгінде Жамбыл облысына жаңа әкім Асқар Мырзахметов келгелі басқармадағылар мен басқа арнадағылардың басшылары  күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай. Олай дейтініміз, осыдан екі жеті  бұрын барлық басқарма басшыларының біліктілігін майшаммен қарап шыққан Мырзахметов мырза  ешкімнің басынан сипай қоймаған еді. Ұзын-сонар баяндаманы сағызша созғандарды бірден сабасына түсіріп, жаттанды жауапты жатқа соққандарды  сын тезіне алған-ды. Осыдан кейін, Тараз қаласының тізгінін ұстағандар «енді  кезек бізге келді» деп, жыртықты жамап, бүлінгенді бүтіндеу үшін  шаһарды шыр айналып, жер-жерді кезіп кеткен болатын. Алайда Асқар Исабекұлы  бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қала әкімдігінің актив жиынында жауаптыларға  көне Таразды көркейтуді  ғана мықтап тапсырды. Яғни, шенеуніктерге шүйліккен жоқ, «ойбой, не дейсіз анау қызметінен кетеді екен» дегендей қашпа әңгіме ешкімнің артынан ерген жоқ.

Баяндама оқылмады,

есесіне түйіндер мен түйткілдер шешілді

Облыс әкімі аудандардың тынысымен танысу үшін жолға шығып, ең алдымен Жуалы ауданына ат басын бұрды.н Асқар Исабекұлы  «Бурное Солар – 1» күн электр станциясының, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының, Алатау ауылдық  №23 орта мектептің, «Көксай» мен «Қаралма»  тау шаңғысы кешендерінің, «Бурное сүт компаниясының»  және «Ақсай 2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің  жұмысын көзбен көріп, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың арқасынан қақпаса да, тірлікке көңілі толатындай  күй танытты. Және аудандық актив жиынынан соң облыс әкімі Меркі ауданында болып, онда ең бірінші Жамбыл ауылындағы №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне аялдап, тіршіліктің тынысымен танысты. Іргетасы 1956 жылы қаланған мектеп ғимараты өткен жылы апатты деп танылып, жұмысы тоқтатылған болатын. 549 оқушының спортпен шұғылдануына жол ашқан мектеп ендігі жерде жаңа ғимаратты қажет етеді. Сәйкесінше, бүгінде жаңа спорт мектебінің құрылысына қажетті жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге аудандық бюджеттен 5,5 миллион теңге бөлініпті.

Аймақ басшысы Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығында болып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Асқар Мырзахметов  шаруаларға малды қолдан ұрықтандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу керектігін айтып, жаңа технологияның тиімділігін жіліктеп түсіндірді. Тіпті, іргелес жатқан Қытай Халық Республикасында малды қолдан ұрықтандыруға баса назар аударылатынын, бұл өз кезегінде жыл он екі ай бойы малдан өнім алуға мүмкіндік беретінін мысалға келтірді.

Мұнан соң, аймақ басшысы «Сыпатай батыр» кеден бекетіндегі құрылысы аяқталмаған қызметтік тұрғын үйдің жағдайын көзбен көрді. Кеден қызметінің тарқатылуына байланысты аяқталмай қалған нысан қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің иелігінде. Асқар Исабекұлы аудан әкімдігіне бос тұрған ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 20 жас маманға тұрғын үй ретінде беру жолдарын қарастыруды тапсырды.Келесі сәтте облыс әкімі «Орталық Азия қант бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі бөлімшесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен кәсіпорынның әлеуетімен танысты.

Жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов ет консервісін, ет және шұжық өнімдерін шығаратын «Меркі ет өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмыс жағдайын көзбен көрді.

Облыс басшысы Жамбыл ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан «Көлтоған» су қоймасының да жағдайына баса назар аударды. 2015 жылы нысанға 5,1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жасалынып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда, 200 гектар аумақтағы егіс алқабын суландыруға арналған «Көлтоған» су қоймасы қазір істен шыққан. 2016 жылы Меркі өзеніндегі су көлемінің еселеп артуынан бөгетті су шайып кеткен. Бөгетті жөндеу жұмыстары қосымша қаржыландыруды талап етіп отыр.

Аудандағы ахуалмен толық танысып шыққаннан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданы активімен қорытынды жиын өткізді. Негізі  соңғы кездері аймақ басшысының қатысуымен өткізілетін барлық жиындардың форматы өзгерді. Бұрынғыдай сала-құлаш баяндама оқып, елдің есін шығармай, нақты мәселелер мен түйіні тарқамаған түйткілдердің шешілу жолдары айтылуда. Әсіресе, салалық басқармалардың басшылары аудандағы олқылықтарды жасырмай, кеткен кемшіліктерді ортаға салуда. Меркі ауданындағы  басқосуда да бірқатар мәселелер  күн тәртібіне көтеріліп, облыс әкімі тарапынан нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық сметалық құжаттардың құны адам санасына сыймайтын соманы құрайтыны айрықша айтылды.

«Қара тізімге» кімдер ілінді?

Елден естуімізше облыс әкімі Меркі ауданының  басшысы  Мейірхан Өмірбековтың  жұмысына аса риза болмай кеткен көрінеді.  Осыған қарағанда, Мейірхан Азатұлы  «қара тізімге» қылы ілінген аудандар арасындағы алғашқы әкім секілді. Әрине, тасада тұрып  тон пішуден аулақпыз. Байыбына бармай байбалам да салмаймыз.  Бірақ, Меркінің әкімі облыстың бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевқа да көп ұнай бермейтін. «Сен әкім болмай жүр екенсің. Әкімдік қызметке тағайындалып едің, жұлдыз болып кеттің. Көктен жерге түс» деген Кәрім Нәсбекұлының  сынын  құлағымыз сан мәрте естіген. Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай.

Мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешкен жөн

Меркінің мәселесі мәз емес екеніне аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көз жеткізгеннен кейін  Шу мен Қордай аудандарында да болды.

Шу ауданындағы жұмыс сапарын өңір басшысы әуелі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Жобалық құны 2,28 миллиард долларды құрайтын химиялық паркте келешекте химия өнімдерінің 16 түрін өндіретін өндіріс ошақтары бой көтереді. Биыл арнайы экономикалық аймақта каустикалық сода және хлор өндіретін «Хим-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іске қосу жоспарланған. Алайда кәсіпорын басшылығы химиялық парктегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының аяқталмауына байланысты өндірістік үрдістің бір жылға кешігіп басталуы мүмкін екендігін айтып отыр. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта кәсіпорын шығаратын өнімдерінің өнімділігін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ауданға инвестиция тарту, өндірісті өрістете дамыту мәселесін шегелеп тапсырды.
Мұнан соң, Асқар Исабекұлы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында болып, ондағы қазандықтарды газбен жылытуға көшіру жұмыстарының барысымен таныс болды. Мұндағы мәселемен танысқан соң өңір басшысы таяу уақытта осы төңіректен жылыжай салу қажеттігін назарға салды.
Келесі сәтте облыс әкімі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебіне барып, білім ошағының ахуалын көрді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Шу қаласындағы «Жайсаң» тұрғын алабына инфрақұрылым тарту және «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысты.Қазіргі таңда «Жайсаң» тұрғын алабында инфрақұрылым тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Себебі тиісті жұмыстарға жауапты «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысына салғырттық танытқан. Жүрісінен жаңылған мердігерге миллиондап айыппұл салынғанымен, істің алға жылжитын түрі көрінбейді.Ал «Жетісу» тұрғын алабындағы 4 көп пәтерлі үй толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілсе, 350 отбасын баспанамен қамту мүмкін болмақ. Бірақ мұнда да тірліктің берекесі қашып тұр. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға жоғарыда көтерілген мәселелерді реттеп, «Жетісу» тұрғын алабындағы көп пәтерлі үйлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, А.Мырзахметов «Жамбыл жол құрылысы» кәсіпорнының меншігіндегі «СПТУ-24» техникалық колледжі ғимаратының жағдайын көзбен көрді. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын ғимарат қазір «Қазкоммерцбанкте» кепілде тұр. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ғимаратты мемлекет меншігіне қайтарып, оны 600 орындық мектеп-интернаты етіп пайдалану жайын ойластыру қажет екендігін айтты.
Ауданға жұмыс сапары кезінде Асқар Мырзахметов мақсары майы мен майлы, дәнді дақылдар өнімдерін өндіретін «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысымен танысты. «Kaz-Ir-Agro»-ның шығарған өніміне нарықта сұраныс өте аз. Сұраныс аз болған соң өндіріс ошағының табатын пайдасы да аз болатыны бесенеден белгілі. Бұлай дейтін себебіміз, облыс орталығындағы үлкен супермаркеттерде, үлкенді-кіші дүкендерде бұл өндіріс ошақтарының өнімдері кездесе бермейді. Жарнамасы жұпыны. Сондықтан сапасы жоғары өнім тек аудан орталығынан ұзаққа өткерілмей жатыр. Дегенмен, аудан әкімдері жергілікті жерде шығарылып жатқан өнімді қолдап, оның өткерілуіне мұрындық болғаны абзал. Себебі  Шуда өндірілген «Kaz-Ir-Agro»-ның өнімі облысты былай қойып, сапасы жөнінен шет мемлекеттерді таңғалдыра алатыны анық.
Негізі Шу ауданы ауыл шаруашылығымен аты алысқа кеткен өңір. Облыс бойынша агроөнімдердің 40 пайызын осы аудан береді.

Айтпақшы, тоғыз жолдың торабында орналасқан құтты мекенде бір көңілге қонғаны аудан бойынша қанша жер пайдаланусыз жатыр, кімге тиесілі екенін білу үшін ғарыштан бақылау жасауға мүмкіндік туыпты.

Облыс әкімінің жұмыс сапары келесі күні Қордай ауданында жалғасын тапты. Өңір басшысы аудандағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысуды «Куликово сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. А.Мырзахметов «Қордай» шекара-өткізу және «Қарасу» бақылау-өткізу бекеттерінде болды.

«Қордай» шекара-өткізу бекетін кеңейту және қайта жаңғырту қажет. Сондай-ақ «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінің өткізу қабілеттілігін арттыру және қазақ-қырғыз шекарасында жаңа көпір құрылысын жүргізуді талап етіп отыр. Содан соң, өңір басшысы «Георгиевский» магистральды канал су бөлу гидроқұрылымында болды.Гидроқұрылымдағы су «Георгиевский», «Атбашинский» магистральды каналдарына түседі. Су шаруашылығы жүйелері мен барлық құрылымдар Қырғыз Республикасының су шаруашылығы департаментіне тиесілі. Диспетчерлік пункт пен өзге шаруашылық нысандар Қордай ауданында орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары іске қосылған гидроқұрылым жөндеуді қажет етіп тұр.
Мұнан соң, өңір басшысы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде құрылып, 60 шаруа қожалығының басын біріктірген «Қарасу – Өтеген» кооперативіндегі ахуалмен танысты.

Сонымен бірге, А.Мырзахметов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Бүгінде ХҚКО 726 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады.

Орталық қызметіне тәулігіне 700-1000 мың адам жүгінеді. Алайда орталыққа бөлінген 1 қабатты ғимараттың іргетасы 1969 жылы қаланған. Әрі ескі, әрі тар ғимарат орталық жұмысын жүйелі жүргізуге кері әсерін тигізуде. Осы

орайда, ХҚКО жаңа ғимаратты қажет етуде.
Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру және апатты-құтқару қызметтерінің де жұмысымен танысты. А.Мырзахметов материалдық-техникалық база мен арнайы қызметтің техникалық әлеуетін жетілдіре түсу жайына баса назар аударды.

Жалпы, Қордай жерінде жасалған тірлік ұшан-теңіз. Дегенмен әттеген-ай дейтін тұстары да аз емес. Әсіресе аудандағы білім көрсеткішінің сапасы көңіл көншітпейді. Соңғы үш жылда Ұлттық Бірыңғай тестілеуден облыс бойынша ең соңғы орынды иеленуде. Мүмкіндігі көп ауданның бұлай білім бәйгесінде сүрінуі көпшілік көкейінде сұрақ күйінде қалды. Сонымен қатар, ауданда құрылыс саласында қордаланған проблемалар жетіп артылады. Әсіресе құрылыс нысандарын салу бойынша алдын ала дайындалатын жобалық-сметалық құжаттардағы құрылыс құны адам сенгісіз соманы құрайды. Бұл өте күрделі мәселе . Сондықтан мұндай мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешкен абзал болар.
Түйін

Осылайша облыс әкімі Асқар Мырзахметов апта ішінде төрт бірдей ауданды аралап, қызметінде қалғып отырғандарды тікесінен тік тұрғызып келді.  Және жанына салалық басқарма басшыларын ерте барып, «ертем істеймінге» салғандардың есін бір жидырды. Бұл «емтиханнан»   кім «екілік», ал кім «бестік» баға алғаны әзірге белгісіз. Енді осы аптада Асқар Исабекұлы Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм сынды бірқатар аудандарды аралауды жоспарлап отыр. Онда қандай мәселелер көтеріліп, кімдер сын тезіне алынғанын  газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз. Әзірге аудан әкімдеріне бекем болыңдар демекпіз…

Саятхан Сатылғанов