«Мықтың үйі» мыңжылдықтар тасасынан үн қатады
Өзге өңірді білмеймін, біз шығыста «мықтың үйі» деген сөз тіркесін бала жасымыздан естіп өстік. «Мық» дегенде көз алдымызға аласа бойлы, тапалтақ келген адам елестеп, «күш» сөзінің синонимі ретінде қабылдайтынбыз. Олар осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүріп, әлдебір жағдайларға байланысты жерасты тұрғындарына айналып, соны мәңгілік мекендеріне айналдырыпты-мыс. Демек, «күшті» адамды «мықты» десеңіз болады. Түбірі бір сөз — «күш». Күшті адамды «мықтай екен» дейді. Алайда мыңжылдықтар тасасынан үн қататын аласа төбешіктер мен еңселі обаларды зерттеген ғалымдар мен археологтар қиыршық тастармен көмілген мұндай «үйлердің» астынан тек мүрделердің ғана шығатынын алға тартады.
Белгілі этнограф, шежіреші, тарихшы марқұм Жағда Бабалық атамыз өзінің бір жазбаларында 1973 жылы Мәскеудегi орталық кiтапханада Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң араб қарпiмен жазған өз қолжазбасын тауып алғандығын, онда «Арқада мық деген халық болған» деген сөздi оқығанда қатты толқығандығын келтіреді. «…Бiрден көшiрiп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдiм. Мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйi дегендi бiлемiн, бiрқаншасын қазып та көрдiм, астында адамның сүйегi жатады екен, мола екен», — дедi. Сондай ақ, Әлкей Марғұлан «Мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас зираттар Енисей өзенінен бастап Дунайға дейінгі аралықта көп екендігін айтады. «Мықтың үйі» моңғол мемлекетінің аумағында, Оңтүстiкте, Орта Азияда, яғни Тәшкен ойпатында кездесетін көрінеді. «Үй» деп шығыста зиратты да айтатыны бар. Мәселен, «Әкемнің үйін тұрғыздым», «Анамызға үй соқтық»… Демек, тарихшыларымыздың «мықтың үйін» олардың мәңгілік мекендері дейтіндері ақиқат ауылынан алыс кетпегендері десе де болады…
Жуырда дәл осындай «мықтың үйі» дейтіндей биік обаны Аягөз ауданы Бозай ауылындағы Сергиополь орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Әділбек Баймоллаев көрсетті. «Бозай жеріндегі қола дәуір ескерткіштері» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз «Ақшоқы обасының «мықтың үйі» екендігіне дау жоқтығын айтты. Сырты таудың қиыршық тастарымен жабылған бұл үйіндінің «мықтың үйі» екендігін кезінде ауылдың көнекөз қариясы Кенжеш Рақымқызы да айтқан еді. Әдетте, мұндай обаларда мәйіттер ағашқа жатқызылып, оның сырты үлкен тастармен жабылып, сосын топырақпен көміледі де, обаның үстіңгі қабатын таудың ұсақ қиыршық тастарымен үйеді», — дейді ол. Аягөз-Баршатас тас жолының он бесінші шақырымындағы үйіндіні қасынан қаншама рет өтіп жүрсек те байқамағанымызға таңғалдық. Жай ғана бір жолшылардың үйіп қойған құм тасындай қиыршық тастан құралған бұл Ақшоқы обасы — «Мықтың үйі» көп аласарған. Биіктігі 3,20 метр, табанының диаметрі 35 метр болса, төбесінің диаметрі 11 метрге жуық. «Үйдің» төбесі ішіне қарай түсіп кеткендіктен, сопақша ойық болып шұңқырланыпты.
«Мықтың үйі» дегеніміз не, ол өзі бір дәуірдің адамдары ма деген сауалдар көкірегінде саңылауы бар, халқының өткенінен бейхабар болғысы келмейтін арда азаматтарымыздың көпшілігіне тыным бермеген сыңайлы. Жерлес жазушымыз, марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыз осындай зираттардың жаугершілік заманынан қалғандығын тілге тиек етеді. Ол кісі «Бастырма» деген мақаласында: «Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естiгенiмiз. Адамдардың мәйiтiн, мысалы, бiрнеше мың мәйiттi әуелi бiр-бiрiне сүйеп отырғызады. Содан кейiн екiншi қабат тағы бiрнеше мың адам алдыңғылардың үстiне отырғызылады. Содан кейiн тағы бiрнеше мың. Тiрi қалғандар шәйiт болғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүрiп, даланың төсiнде осындай бiрнеше, кейде он-жиырма, кейде отыз-қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл жерде бiз әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлердi елге алып қайтудың мүмкiндiгi болса, алып қайтады. Елге келгеннен кейiн арулап көмедi. Далада қалған, шала-шарпы көмiлген сүйек уақыт өте шаң, топырақ үйiрiлiп, ақырындап төбеге айналады». Ежелден аруақты құрметтеп, сыйлайтын, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қағиданы берік ұстанған халқымыздың шынында да мәйітті табан астында қалдырмай, қабірдің үстіне оба тастар қоятыны шындық.
Жалпы, Таласбек аға «мықтың үйі» дегенді мүк басып жататын төбешіктер болғандықтан, «мүктің үйі» деген ұғым «мықтың үйі» деп фонетикалық өзгеріске ұшырауы мүмкін екендігін де алға тартады. Ал қазақтың біртуар ұлы, этнограф-ғалым Жағда Бабалық қазақ мемлекеттілігінің тарихы сақтардан арғы дәуірлерге апаратынын жиі айтатын. Оның пікірінше қазақтың сақтардан да бұрынғы арғы бабалары ежелден «Мықтың елі» болып табылады. Осылайша «Мықтың елінің» тарихы біздің дәуірімізге дейінгі он мыңжылдықтан ары болып отыр. Жағда Бабалық атамыз бұл тақырыпты едәуір бойлап, ежелгі қазақ елінің арғы бабаларын мықтың еліне апарып тірейді. Тарихымызды әлденеше ғасырларға ары апаруға күш салған атамыздың ізгі ниетіне бас ұрамыз. Әрине, бүгінгі ұрпаққа «Мықтың үйі» болжамы әлі де көмескі. Яғни, археологиялық-антропологиялық, кешенді тарихи зерттеуді қажет ететін, жұмбағын ішіне бүккен тақырып десе болады. Дейтұрғанмен, ғылымда нақты заттай айғақтар арқылы гипотезалық қорытынды жасауға болады.
Аягөз маңында туып, өскен өңірдің өткеніне көз жіберіп өмір сүріп жатқан тарихшы Әділбек Құрманғалиұлының да негізгі мақсаты осыған келіп саятындай. «Өткенге көз жібермей, болашақты болжау жоқ» дейтін қарапайым ғана тәмсілді ұстаздық ғұмырына арқау еткен Әдекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өйткені оның мыңжылдықтар тасасында қалған бабалар үйін зерттеп, балаларға жеткізуде оның еңбегі ұшан- теңіз. Ғұндар мен сақтардан бұрынғы ежелгі дәуірлерде өмір сүрген «мықтардың» бүгінгі ұрпаққа қалдырған «мұрасы» бабаларымыздың нақты өмір сүргендігінің айғағы деуге болатындай.
Ғұндар мен сақтардан ары асып, «мықтың еліне» сапар шеккен археолог ғалымдарымыздың зерттеулері мен ой-тұжырымдары қазақ мемлекеттілігінің тарихы үшін өте маңызды. Демек, бабалар тарихын ғұндар мен сақтардан да бұрын өмір сүрген мықтар дәуіріне апарып тіреудің арғы жағын тамырымыздың тереңге кеткендігімен байланыстыруға болады.
Берікхан Тайжігіт