Жандос Шәріпұлы: Жылылықты алдымен өз қазағымнан аламын
Жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен бес миллион қазақтың ішінде білімі, ерекше таланты мен өнерінің арқасында біздің текті халық екенімізді әйгілеген талай қандасымыз бар. Солардың бірі — Жандос Шәріпұлы. Ол Монғолия астанасы Ұлан-Батырда тұрады. Жандос ағамыз өткен жылы 33 жасында сол ел президентінің экономика және бюджет мәселелері бойынша кеңесшісі болып тағайындалды. Ол — монғол жерінде осындай үлкен қызметке қол жеткізген алғашқы қазақ баласы.
Өмірдерек:
Жандос Шәріпұлы 1984 жылы Баян-Өлгий аймағында туған. 2002 жылы аймақ орталығындағы Монғол-түрік орта мектебін бітірген соң6 арман қуып, ел астанасы Ұлан-батырға жол тартты. Монғолия мемлекеттік университетіне социолог мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2006 жылы тамамдаған. Одан кейін 2011 жылы магистрлық диссертациясын қорғады. Сонымен қатар, 2016 жылы Басқару академиясын мемлекеттік басқару менеджері мамандығы бойынша оқып бітірді. Содан бері мемлекеттік мекемелерде және түрлі ірі жеке компанияларда лауазымды қызмет атқарып, білімділігімен көзге түсті. Атап айтқанда, 2010-2012 жылдары «Мәдине» компаниясының директоры, 2013-2015 жылдары аралығында мемлекеттік Геологиялық орталық зертханасы іс басқару орнының бастығы, 2015-2017 жылдары Монғолия мемлекеті Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік, әкімшілік депертаментінің бастығы болып қызмет етті. Ал өткен жылы ғана Монғолия президентінің экономика, бюджет мәселелері бойынша кеңесшісі қызметіне тағайындалып, үлкен экономикалық-саяси «сахнада» өз бағын сынауда.
Жандос кейбір шенеуніктер секілді жасынан ақша мен атақтың буына семірген бай-бағландардың да, билікті белден ұстаған шенді-шекпенділердің де баласы емес. Ол қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, әке мен шешенің ақыл-кеңесімен және өзінің талмас еңбекқорлығының арқасында жетілген жігіт.
— Қазақ — бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін халық. Атақты болмаса да6 ақылды болуға, танымал болмаса да, тәрбиелі болуға шақыратын да біздің жұрт, яғни ата-аналарымыз. Менің әкем мен анам үлкен лауазымды қызмет атқармағанымен, балаларын жастайынан тәрбиенің уызына қандырған адамдар. Анам біреудің ала жібін аттамай адал еңбек етуді және айналама мейірімді болуды санама сіңірді. Сондай-ақ, туған елге деген сүйіспеншілік пен өз ұлтыма деген жанашырлықты үйретті. Анамның «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген ақылы мен әкемнің «Ел сенімін ақтай біл!» деген өсиеті менің ең басты ұстанымым болып табылады, әлі де ауытқымаймын деп ойлаймын. Жалпы, біздің, яғни осы елде тұратын аз қазақтың бір-біріне деген жанашырлығы мен ыстық ықыласы өте жоғары. Мен қайда және қандай қызмет атқарсам да, жылулықты алдымен өз қазағымнан сезінемін. Сондықтан қазақ болып туғанымды мақтан етемін және осындағы қандас бауырларымыздың қазақ болып қалуына бар күш-жігерімді жұмсаймын, — дейді Жандос Шәріпұлы.
Қандасымыз мемлекеттік қызметтен бөлек бірнеше үкіметтік емес ұйымды басқарған. Яғни, қоғамдық жұмыстарға да жиі араласып тұрады. Атап өтер болсақ, 2004-2006 жылдары Баян-Өлгий аймағының студенттер одағын басқарып, сол өңірдегі жастар мәселесін шешуге атсалысты. 2007-2009 жылдары сауда, өнеркәсіп палата бөлімшесінің хатшысы болып, алғаш экономика саласында бағын сынап көрді. Сондай-ақ, 2010-2011 жылдары «Алтай дэвшил хөгжил сан» қоғамдық ұйымының басшысы болса, 2011 жылдан бері Mонғолиядағы Қазақ ұлттық одағының президенті қызметін қоса атқаруда. Яғни, сол елдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен тікелей жұмыс істейді. Жандос ағамыз президент кеңесшісі ретіндегі негізгі міндетімен қатар, сол елдегі бауырластардың мәдени-рухани құндылығының сақталып қалуына да ерекше көңіл бөледі. Себебі шеттегі қазақтың жоғын қазақ жоқтамаса, басқа ешкім түгендеп бермесі анық.
Түйін: Қазақта: «Қол жұмылмай — жылынбайды» деген нақыл сөз бар. Шынымен бар қазақ бір мүдде жолында жұдырықтай жұмылып тірлік етсе, бізді ешбір жау ала алмайтыны анық. Осы ретте шетте жүрген қандастарымыздың барлығы атажұртқа оралып, Қазақ мемлекетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосса, қанеки?! Бірлігіміз бекем болса, сол күнге де жетерміз!
Тілеуберді САХАБА