Шымкентте пәкістандық тауар өндірушілерінің көрмесі өтпек

 Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдул Салик Ханмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен өзара әріптестікті талқылап, екі жақты қарым-қатынасты дамыту жөнінде пікір алмасты.

 

Қазақстан Пәкістан мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнап, дипломатиялық қатынастар саяси өзара әрекеттесудің жоғары деңгейі бар достық пен серіктестік бағытында дамып келеді. 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналым 54,5 млн. АҚШ долларын құрады. Пәкістанның Қазақстанға жөнелтетін экспорт көлемі 52,2 млн. АҚШ долларын құраса, Қазақстаннан Пәкістанға жеткізілетін импорттық тауарлардың көлемі 2,3 млн. АҚШ долларын құрап отыр.

Ж.Түймебаев Оңтүстік өңіріне қызығушылық танытқан елшіге алғысын білдіре отырып, облыстың жоғары инвестициялық әлеуетіне тоқталып өтті. Пәкістан Ислам мемлекеті индустриялық-аграрлы ел саналатынына көңіл бөліп, осы бағыттағы жобаларды бірлесе іске асырудың тиімділігіне тоқталды.

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қазіргі таңда әкімдік әлеуетті инвесторлар үшін барлық жағдайларды жасап, қолайлы инвестициялық климат құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде облыстың қалалары мен аудандарында 11 индустриалды аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы жобаларды іске асырушы инвесторлар үшін біз аталған аймақтан жер учаскелерін бөліп беруге әзірміз. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта салық пен кедендік режимді енгізуге байланысты жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінде облыстың эскпорт көлемі 1 млрд. АҚШ долларына жетіп, импорты 1,5 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Бұдан бөлек, өңір қой еті мен сиыр етін  Иран мен Қытай  елдеріне және Біріккен Араб Әмірліктеріне шығарып келеді», -деді әкім.

Сондай-ақ аймақ басшысы гуманитарлық  және мәдени ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін жеткізіп, Пәкістанда Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндерін өткізуді ұсынып, осындағы жоғарғы оқу орындарынан білім алуға жастарды шақырды.

Өз кезінде елші Абдул Салик мырза Оңтүстік Қазақстан облысымен ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін айтып,  әкім айтқан ұсынысты құптады.

«Сіз облыстың инвестициялық мүмкіндіктері мен тыныс-тіршілігін өте жақсы баян еттіңіз. Бұл іскерлігіңіз, өз ісіңіздің маманы екенін айғақтайды. Сіз айтқан барлық ұсынысты қолдаймын және бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқаратын боламын. Бүгінде екі еле арасындағы тауар айналымы 54,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр, ол өте аз. Бұл тауар айналым көлемі Пәкістан мен Оңтүстік Қазақстан облысының арасында ғана болатын жайт. Сондықтан да экономикалық қарым-қатынасты дамытуымыз қажет. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргізетін бірлескен жұмысшы топ құрып, бизнестің жол картасын әзірлеген дұрыс»,-деді Абдул Салик.

Мұнан бөлек, мәртебелі мейман қос елдің кәсіпкерлеріне тиімді ету үшін Оңтүстік Қазақстанмен тікелей әуе қатынасы байланысын орнату мүмкіндігі мен визалық тәртіпті жеңілдету мәселесін  қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, ол осы жылдың мамыр айында Шымкент қаласында пәкістандық тауар өндірушілерінің көрмесін ұйымдастыруға қолдау білдіруін сұрады.

Осы ретте, өңір басшысы барлық айтылған ұсыныстарды қолдайтынын айтып, тауар өндірушілер көрмесін өткізуге дайын екенін  жеткізді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі