Әкім халқына жақын ба?
Бұрынғы сценарий қайта қолға алынды ма?..
Кейінгі кезде Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауовтың қызметі мен жеке басына байланысты қазақ, орыс тілдеріндегі сын материалдар түрлі порталдарда үсті-үстіне жарық көруде. Кейбір авторлар әкімнің жұмысы мен іс-әрекеттерін әр қырынан талдап, ақ-қарасын көрсетуді мақсат етпегендіктен болар, тек бірыңғай қара бояумен сипаттапты. Мәселен, «Абай кз» порталында Шәріпхан Қайсардың «Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?» деп атауын айқайлатып қойған мақаласы әлгіндей жарияланымдардың бірі десем, қателесе қоймаспын.
Мақала авторы Болат Бақауовтың тегін, әуелде, «Боқауов» деп бұрмалап жазған еді. Журналистік әдеп аясына сыймайтын мұндай мәдениетсіздікке оқырмандар наразылығын білдірген соң, түзетіпті. Мүмкін автор менің де пікірімді ескерер деген үмітпен: «Шәріпхан Қайсар мырза, былтыр Болат Бақауов аруақтарға құран бағыштатпады деген сөзіңіз шындықпен мүлде сәйкеспейді. Шындығында, былтыр облыс имамы Нариман қажы және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ОҚА-дан Керекуге арнайы келген Құрбанәлі сопы аруақтарға құран бағыштады, мұны сіз білмейтін шығарсыз. Одан арғы жылы облыстың орталық мешітінде аруақтарға құран оқылып, ас берілгенінен де хабарсыз боларсыз. Кезінде бұл жөніндегі ақпараттар фейсбукте жарияланды. Қажет етсеңіз, сонда түсірілген фотоларды сізге жіберейін» деген жазба қалдырдым. Бірақ ештеңе өзгертілген жоқ. Сондықтан, жауап мақала жазуға бел будым.
Шәріпхан Қайсардың пайымдауынша, Павлодар облысының әкімі лауазымына тек министрліктерде жоғары қызмет атқарғандар ғана тағайындалуы керек екен. Осы пайымын негіздеу үшін жергілікті жерде істеп әкім болған Даниал Ахметовты ауызға алыпты да, ел игілігін «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» жіберген ысырапқор басшы кейпінде сипаттапты… Ал еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Жұмабек Бақауовтың ауыл шаруашылығы саласы дамыған аудандардың бірі Қашырда, одан соң еліміздегі ірі өндіріс орындары орналасқан Ақсу, Павлодар қалаларында әкім болып істеп, мол тәжірибе жинағаны жөнінде тіс жармапты…
Егер Шәріпхан Қайсар дер кезінде әлгі мәселені көтерсе, Ақ ордадағы ұлықтар Бақауовтың кандидатурасы жөнінде ойланып, басқадай шешім қабылдар ма еді, кім білсін… Енді жүріп кеткеніне екі жылдай болып қалған поездың соңынан жүгіргені несі, мақсаты не?..
Ал әкімдер рейтінгісіне келетін болсақ, осы қызметке тағайындалғанына сонша көп уақыт өтпеген Болат Бақауовты қанша жылдан бері аймақ басшысы болып келе жатқан тәжірибесі де мол, жасы да үлкен Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев секілді есімдері елге танымал әкімдердің деңгейінен көрінбеді деп күстаналасақ, орынсыз болар еді. Ескерерлік жайт, «Sayasat.org» ақпараттық порталы жасаған рейтинг қорытындысы бойынша Б.Ж. Бақауовтың жұмысына қатысты сын пікірлер айтылумен қатар, оң өзгерістердің бар екені де келтірілген.
Болат Жұмабекұлы өзіне дейінгі басшылар қолға алмаған ауылдық аймақтардың кем дегенде 50 пайызын сапалы ауыз сумен қамту, жаңа диагносткиалық орталық ашу, онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратын салу мәселелерінің оң шешімін тапты. Әкім оңтүстіктегі ағайындарды Павлодар облысына көшіру мәселесіне де мән берді. Соның нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда сияқты тұрғындар тығыз орналасқан өңірлерден облысқа 292 адам көшірілді. Сондай-ақ, өткен жылы Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Ресейден, Қытайдан, Украинадан 349 адам көшіріліп, олардың бәрі оралман мәртебесіне ие болды; мектеп жасындағы балалары түгелдей оқуға қабылданды, мектеп жасына дейінгі балалар бала-бақшалармен қамтылды. Тұрғылықты жерлеріне жылдамырақ бейімделіп кетулеріне жан-жақты көмек көрсетіліп, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер төленуде.
Болат Жұмабекұлы ұлттық рухты көтеріп, жастардың санасына отандық патриотизм сезімдерін сіңіру мақсатында Ертіс өзенінің жағасындағы көкорай алқаптарда этнофествиаль өткізуді дәстүрге айналдырды. Өткен жылы «Ұлы Дала елі» фестивалінде 100-ден аса киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз насихатталды.
Облыста соңғы жылдары іске қосылған мектептердің бәрі де мемлекеттік тілде білім береді. 2015 жылы Павлодар қаласында ашылған №37 заманауи мектеп пен 2016 жылы Екібастұз қаласында ашылған 1200 орындық №36 мектеп-лицей те мемлекеттік тілде оқытады. Сондай-ақ, 2016 жылы Ақсу қаласының №9 шағын ауданында пайдалануға берілген 280 орындық «Айналайын» бала бақшасы бүлдіршіндерге мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беруде.
Павлодар қаласында кеңестік кезеңде чекистің атына қойылған Дерибас көшесі мен пролетариаттың көсемінің құрметіне қойылған Ленин көшесінің атаулары тікелей Б. Ж. Бақауовтың қолдауымен өзгертілді! Бұл – бұрынғы әкімдердің ешқайсы жүзеге асыра алмаған үлкен жетістік! Патшашыл-кеңесшіл топтар мен орыстілді тәуелсіз басылымдар нешеме жылдар бойы жан-тәнімен қорғап келе жатқан идеологиялық жағынан мәні елеулі нысан – орталық көше атауын әкімнің қажырлығы арқасында «Астана» деп өзгертуге қол жеткіздік! Амалы таусылған әлгілер аймақ басшысының сайқымазақ суретін салып, әлеуметтік желілер арқылы таратты. Онда Болат Жұмабекұлы телефон арқылы «Бәке, қайдасыз?» деген сауалға: «Астанада жүрмін…» – деп жауап қайтарып тұр…
Солай айтқанымызбен, өңірімізде мемлекеттік, ұлттық мұрат-мүдде сынға түскен шақтарда империяшыл тәуелсіз орыстілді журналистермен, шовинистік, нигилистік ұстанымдағы белсенділермен ымырасыз күреске түсе кететін жергілікті қазақ азаматтары әкімге қолдау көрсететінін де атап өтуіміз керек. Бұлар – қызыл империя заманында отарлау саясатына қарсы шыққаны үшін қудалауға ұшыраған, бас бостандығынан айрылған және егемендік кезеңінде жез кернейдің өңешінен өткен ұлтшыл қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері. Рас, бұлар көпшілік орындар мен көліктерде қызмет көрсетушілердің мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етіп жанжал шығарған емес және трамвай жүргізушісінің я сатушысының өрескел қылығы үшін облыс әкімін айыптаған жоқ.
Егер бұл азаматтар істеген әрбір ісін әлеуметтік желілерде «мен өйттім, мен бүйттім, мен сөйттім, анау өйткен жоқ, мынау бүйткен жоқ!» деген сықылды арзан сөздермен әйгілесе немесе құқық қорғау органдарынан жазықсыз жапа шеккен мүсәпірдің кейпіне еніп көпшіліктен көмек сұраса – әлдеқашан танымалдылыққа ие болар еді! Бірақ мұндай іс-әрекеттерге олардың ар-ожданы жібермейді. Өйткені олар – демократия мен жариялылық заманының еркетотайлары емес, кеңестік кезеңнен бері саяси күресте жүріп егемен елдігіміздің нығаюына шама-шарқынша үлес қосқан нағыз патриоттар!
Әйтсе де, облыста еліміздің өзге солтүстік өңірлеріндегі сияқты тіл, ономастика салаларында проблемалар аз емес екенін айтуға тиістіміз! Бұларды Болат Бақауовқа дейінгі әкімдер де түбегейлі шеше алған жоқ, Болат Бақауов та шеше алмайды, одан кейін әкім болатындар да бәрін бірден шешуі неғайбіл. Үш жүз жылдық бодандық дәуірінен түйінделіп қалған мәселелердің шешілуі әлі ондаған жылдарға созылатынына күман келтірмеймін. Өйткені, еліміздің мемлекеттік тіл саясаты мен ономастика саясаты жұмсақ, ҚР Тіл туралы Заңы да босаң. Сонымен қатар, біздің облыстың өзіндік ерекшелігі бар – қандастарымыздың үлес салмағы елеулі басымдыққа ие емес, әрі сапа жағынан бәрі бірдей жоғары деңгейге көтерілген жоқ.
Оның үстіне, өңірдегі тәуелсіз орыстілді басылымдар журналистері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ республикалық порталдар тілшілері әлі де мықты: онамастика мен тіл саясатын жүргізуге ниетті әкімдердің іс-әрекеттерін жұртшылыққа теріс түсіндіріп, өзін құбыжық кейпінде көрсетуге тас-түйін дайын отыр! Олар Ерлан Арынның кезінде әлгіндей істерді жүзеге асырып ысылды, төселді, машықтанды.
Сол кезде басқа күштер де астыртын қимылдап, әкімді барынша қаралаудың сценарийін жасаған секілді және басты рөлдерді ойнауға жергілікті қазақ журналистері мен тіл жанашырларын тартқан сияқты. Мәселен, қазіргі кезде облыстық «Ertis» телеарнасының басшысы міндетін атқарып жүрген қазақтілді тележурналист Болат Аманбаевтың республикалық арнадан Павлодар облысын жұт жайлады деген сарында шындықпен сәйкеспейтін хабар таратуына біреулер ықпал еткен тәрізденеді. Сондай-ақ енді патриот есебінде танылып жүрген біреудің атышулы Александр Вервекин деген журналиске мемлекетшіл, ұлтшыл әкім Ерлан Арынды қазақ тілінің қас жауы сияқты сипаттап сұхбат беруінде де гәп бар сияқтанады. Айта кететін жайт, А. Вервекин болса, Ертістің Кереку өңірін жаулаған патша әскерлерін дәріптеу мақсатында Ресейдің Омбы қаласынан Павлодар облысына «Дорогами Бухгольца» атты экспедицияның келуіне бастамашылық танытты және «Иртыш и его крепости» атты документалды фильм түсірді…
Қазіргі жағдай сол оқиғаның жалғасы сияқты ма, қалай өзі?.. Бір журналистердің жазғанына зер салсақ, Болат Бақауовтың тұсында Павлодар облысы барлық көрсеткіштері бойынша құлдырап, апатты жағдай шегіне жетіпті… Бір тіл жанашырының сөзіне құлақ түрсек, Болат Бақауов қазақ тілінің қас жауы екен…
Сонымен, бұрынғы сценарий қайтадан қолға алынды ма?.. Дәл қазір тап басу айту қиын. Тек соңы қайырлы болғай!
Арман Қанидың фб парақшасынан
Павлодар қаласы.