Ахмет байтұрсынов – ұлт руханиятының көсемі
Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ақыны, әдебиет зерттеушісі, ғалым А.Байтұрсыновтың 145 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынов – қазақ руханиятының көсемі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ұйымдастырылды. Әдебиет зерттеушісі А.Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін, рухани мұрасын кең көлемде дәріптеу арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық болмысты қалыптастыру, елі мен жерін сүюді, қорған болуды, мемлекеттің дамуына қызмет етуді қалыптастыру мақсаты көзделді.
Ахмет Байтұрсыновтың сан қырлы еңбегі бүгінде кең насихатталуда. Ол қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, жаңашыл ағартушы, араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы. Қазақ тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеуші тұңғыш филолог, тарихшы ғалым, қоғам қайраткері.
Ахмет Байтұрсынов – қыры мен сыры мейлінше мол адам. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын А.Байтұрсыновтың «Әліп-биімен» ашып, ана тілін «Тіл құралы» арқылы оқып үйренген. А.Байтұрсыновтың жас қазақ ғылымына еткен қызметі тіл білімі саласында емес, әдебиеттану саласында да айтарлықтай болды.
Дөңгелек үстел барысында «Қазақ тілінің негізін қалаушы — А.Байтұрсынов», «А.Байтұрсынов туралы айшықты ойлар», «Қазақ әліпбиінің жүйелері, қазақ әліпбиін латын әріптерімен таңбалаудағы ерекшеліктері» бағыттары бойынша баяндамалар жасалды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті, Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, Журналистика кафедрасының профессоры А.Қ.Қыдырбаева «А.Байтұрсынұлы зерттеулеріндегі ауыз әдебиетінің тіл тақырыбы», филология ғылымдарының магистрі, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім-модераторы Б.З.Джумагалиева «Байтұрсынов емлесі және латын әліпбиіндегі сабақтастық», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті, Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Ф.М.Балғожиев «А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінің негізін қалаушы» деген тақырыптарда қызғылықты баяндады. Мұнан басқа да тақырыптық сөз алушылар өз зерттеулерімен бөлісті.
Дөңгелек үстелге ғалымдармен бірге Атырау облысының белгілі зерттеуші өлкетанушылары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің және колледж оқытушылары мен студенттері, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және музей мамандары қатысты.
Шараның болашақ ұрпақ үшін берер тәлімі мол болды.
Светлана Муньянова