Батаменен көгерген Энвер Өрен
Энвер Өрен кім? Мұны менің де білгім келеді. Әркім менен «Сен кімсің?» деп сұрайды.
«Мұғалімсің. Журналист емессің. Бірақ неге газеттерге мақала жазасың?» Немесе «Ассистент едің, өндірісші емес едің. Зауытты қалай дөңгелетіп кеттің?». Бұның бір сыры бар. Бұл сыр мынау, әуелі әкемнің, содан кейін анамның берген батасының шарапаты бұлар.
Әкем мен анамның батасы.
Он бес жасқа келгенде әкем дүние салды. Маған екі өсиет қалдырып кетті:
Біріншісі, «Ажал сағатың соқпаса немесе ақыл-есің аумаса, Құдайға құлшылық етуге салғырт қарама. Әкелік хақым үшін айтып отырған өсиетім бұл. Құрлықта, әуеде, теңізде, қайда болсаң, онда бол. Алланың әміріне бейғам болма».
Аллаға шүкір, бір рет Кулели Әскери лицейінің соңғы сыныбында физика емтиханында намаз оқуды ұмыттым. Оным есімде. Бірақ одан кейін қашан ұмытқаным есімде жоқ. Соған қарамастан, отыз жыл бойы қаза намазын оқып келемін.
Екіншісі, әкем жарықтық куәлігімнің артына: «Ұлым! Егер бір факультетті бітіріп, мамандық алып шыға алмасаң, онда әкелік хақымды кешпеймін!»
Енді мына кереметке қараңыз.
1954 жыл болатын. Әкем енді қайтыс болған. Өте қатты қайғырып жүргенмін. Лицейдің бірінші сыныбында қарашаның үшінде жетім қалдым. Үйдің бас көтерер үлкені менмін. Басқалары кішкентай әлі. Төрт ағам да дүниеден өткен.
Анам маған: «Ұлым, сен мектептен шық. Бір банкке қызметкер болып жұмысқа тұр» деді.
Мен күнде сабақтан қаша бастадым. Он бес жасар баламын. Ойлап көріңіз, ұлым Мүжахидті он бес жасында еш жерге жібере алмас едім. Сонымен… Мектептен қашып жүрміз. Бірде тағы бір досыммен бірге қаштық. Мен жылап келемін.
— Неге жылайсың?
— Әкем соңғы демін алып жатқанда мені қасына шақырып: «Ұлым, кітаптарыңды қолыңа ұстап, алдымнан өт. Мен ақыретке кетіп бара жатырмын. Алланың құзырына барғанда «Иә, Раббым, мен ұлымды білім алуға жіберіп жатып жанымды саған тапсырдым деймін» деді». Міне, осыларды ойлап, оқи алмайтын болдым деп күйзелемін. Сол үшін жылаймын.
— Онда сен Кулели лицейіне бар.
— Кулели не ол?
— Бір әскери лицей.
— Қайда?
— Ыстамбұлда.
— Құдайым-ау. Оған қалай барамын?
— Бірақ емтихан уақыты өтіп кеткен шығар.
— Жүр, — дедім. — Поштаға барып телеграмма жіберейік.
Поштаға дереу барып, бір телеграмма жібердік. «Әкем өлді. Оқығым келеді. Мені лицейге қабылдайсыздар ма?» деген сарында. Үш-төрт күннен кейін жауап келді: «Бағаларыңызды жазып жіберіңіз».
Мектептен жиі қашатын болғандықтан, тарихтан төрт шыққанмын. Нашар баға. Беске жетпейді. Сонда да жібердік.
Кулелиден жауап жетті. «Бағаңыз нашар болғаны үшін алмауымыз керек еді, бірақ сізге жеңілдік жасап қабылдадық».
Міне, әкенің батасы!
Сонымен Кулеліге келдім. Оның өзі бір хикая. Түнгі саған он бірде түстім. Шеңгелкөйді білмеймін. Он бес жастамын. Қолымда бір қағаз, тек мекен-жай ғана жазылған.
Пойызда орамал таққан алпыс бес жастар шамасындағы әйел менің абыржыңқы және қайғылы түріме қарап, «Балам, сен қайда бара жатырсың?» деді.
Мен «Апатай, мен Кулелиге бара жатыр едім, бірақ қайда екенін білмеймін. Тек қолымда мекен-жайы ғана бар» дедім.
— Жай бара жатырсың ба онда?
— Оқуға.
— Жарайды, мен онда сені апарып тастаймын» деді. Сағат он бір. Такси ұстады. Бірге Кулеліге келдік. «Қош-сау бол, ұлым. Алла жәрдем берсін» деді.
Міне, әке батасы!
1953 жылы өзімнен де үлкен бір шамаданмен мұз қатқан баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатыр едім. Аяғым тайып кетіп, домалап жерге бір-ақ түстім. Шамадан бір жақта, мен бір жақта… Қолымды жырып алдым. Қолымнан қан тамып тұрса да, қайтадан жоғарыға шықтым. Кезекші офицер бөлмесіне кіргізді. Әрине, жұдырығымды жұмып алғанмын. Ол:
— Балам, сен жараланып қалғансың ба? — деді.
— Жоқ, мырзам.
— Қолыңды аш.
Аштым, бір уыс қан.
— Бұл не?
— Құлап қалдым.
Шыдай алмай, жылап жібердім. Жүзбасы «Кел, құлыным» деді. Құшақтай алды, содан бастап ең жақын досыма айналды. Алғашқы көріскен күннен.
Міне, әке батасы!
Сонымен Кулелиге кірдік. Ақша жоқ, пұл жоқ, кітаптар басқа. Климат басқа, жүректі сыздатқан сағыныш бар.
Түнде жастықты төсегіме қойып, адам жатқан сияқты етіп кетемін. Өйткені тексеріп кетеді. Кітапханаға барып, кітап алып оқимын. Бастықтың есігінің алдында жиырма бес балауыздық шырағдан бар. Өйткені электр жарығын жағуға рұқсат жоқ. Шырағданның түбінде суықта, пальто жамылып, сабақ оқимын. Қысқасы, осы жағдайда бірінші сыныптан екінші сыныпқа сегіз адам ғана өттік.
Міне, әке батасы!
Кулелиді де бітірдік. Әкемнің куәлігіме жазған жазуына қараймын. «Ұлым, сен университетті бітіріп шығасың».
Құжат тапсырдық. Мен «Мұғалім болсам да, университетте оқимын» дедім.
Сол жылы әскери мектептен, яғни Кулелиден бітірген түлектерге университетке тапсыруға болмайтын болды.
Маған «әскери училищеге ғана барасың» деді.
— Оллаһи, бара алмаймын.
— Барасың.
— Бармаймын.
— Неге?
— Әкем университет бітіруің керек деген.
— Онда екі мың лира тауып алып кел, — деді.
Анам жарықтық сырғаларын сатты, көкемнен қарызға ақша сұрап жинадық. Сөйтіп екі мың лираны Кулелиге апарып бердім.
Университетке тапсырдым. Қайда шәкіртақы беретін жер бар екен деп қарап жүрмін. Қарасам, «Ет Балық Бірлестігі» зоология-ботаник студенттеріне және су ғылымдары бөлімі «гидробиология» саласында білім алу үшін стипендия төлейді екен. Бірден жазылдым. Стипендия емтиханына кіріп, оны да ұтып алдым. Құдайға шүкір, солай өмір жолын бастадық.
Анам қиналып жүр. Бауырларым бар. Сөйтіп университетке түскен жылы анамды Денизлиден алдырттым. Үйге ай сайын сексен лира төлейміз.
Жұмысым университетте биология бөліміндегі тышқандарға қараймын. Және көкемнің дәріханасында кезекшімін. Әрі екі бауырымды оқытамын. Бірде Өмер Өзтүркімен ағама жалынып, Сабах газетіне корректор болып жұмысқа тұрдым. Тілшілік кезім осыдан басталды. Алғашқы сия иісін сонда жұттым. Өмер аға, Ирфан аға менің бастықтарым, ағаларым. Алла оларға риза болсын. Бізге айлық төледі. Осылай төрт-бес істі бір жерге тығылыстырып, сабақ оқуға да уақыт таптық.
Үйде қам жоқ…
Пароходпен ерсілі-қарсылы өтіп жүріп, сабақ оқыдық. Төрт жылдық факультетті Құдайдың қалауымен үш жылда тамамдадық. Газет оқуға, киноға баруға, футбол қарауға уақыт жоқ.
Бір хадис шәріпте айтылған: «Ата-ананың дұғасы Пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты. Бірден қабыл болады». Мен сондықтан ата-анам туралы айтуым қажет. Өйткені, олар барлық нығметтерге жетуімен себепкер жандар еді.
Анам келді, бауырларым да бар. Жұмыс істеп, қарызымызды төлеп жүрміз. Бауырымды үйлендіріп, оқыттым. Алла деп. Әркімнің тартқан азабы өзіне аян. Анам былай деуші еді: «Балам, мен күндіз намаз оқып тұрғанда, саған қайта-қайта дұға қыламын. Саған риза болғаным сонша, тек саған дұға қылу үшін намаз оқимын».
Қазір Энвер Өрен осы жетістіктерге қалай жетті деп сұрап жатады. Энвер Өренде жұмыс жоқ. Бірақ алған батасы көп.
Бір күні анам: «Балам, мен саған қатты ризамын. Алладан тілейтінім, сен тасты ұста, ол алтынға айналсын» деді.
Иә, дәл солай болды. Қалай? Қараңыз. Ақшадан қатты қиналдық. Фирманың осы жағдайға жетуі бірден бола салған жоқ. Тас түскен жеріне ауыр. Тартқан азабымды тілмен айтып жеткізу қиын. Мен негізі мұғаліммін. Жиырма бес жыл мұғалім болып жұмыс істедім.
Бір күн отырып, мынадай ой басыма сап ете қалды. «Бор жасайық, бор!»
Достарымды шақырдым. Бор жасайық, бірақ біздің борымыздың бір ерекшелігі болсын. Шаң шықпайтын болсын.
Сонымен. Химия мамандарын шақырдық. «Шаң шықпайтын бор шығарайық» дедік. Жасады.
— Мырзам, атын не деп қояйық? — деді.
— Алтын бор болсын, — дедім мен. Әдейі емес, әрине.
Алтын борларды сатып, ақша таптық. Экспортқа да шығардық, ақшаның астында қалдық.
Неге біз бұған «алтын» дедік? Достарымнан «бордың негізгі көзі не?» деп сұрадым. «Тас» деді олар. Міне, анамның батасындағы тас осылайша алтынға айналды.
Ана батасы, әке батасы – барлық ісімнің темірқазығы болды.
Түрік тілінен аударып, ықшамдаған Мұхит Төлеген