Индерлік оқушылар олимпиадашыларды қолдады

Биыл Атырауда ауа райы аязды, қарлы болып, қысқы спорт түрлерімен айналысатындарға қолайлы жағдай туды. Табиғаттың осы кезеңін сәтті пайдаланған Индер ауданының әкімдігі мектеп оқушылары арасында жас шаңғышылар сайысын ұйымдастырып, балалардың дене шынықтыру тәрбиесімен шындап айналысуына бастамашы болды. Жарысқа  аудандағы барлық мектептерден 145 оқушы қатысты.

Аудандағы шаңғышылар сайысының негізгі мақсаты – Оңтүстік Кореядағы қысқы олимпиада ойындарына қатысып жатқан қазақстандық спортшыларға қолдау білдіру болатын. Индер ауданының әкімі Серік Арыстанның айтуынша, балалардың спортқа деген ұмтылысы жақсы. Сондықтан да жергілікті оқушылардың біразы аймақаралық жарыстарда үнемі жүлделі орындардан көрініп, мектептерінің мақтаныштарына, қатарластарының өнеге тұтар үлгілі спортшы, жеңімпаздарына айналды.

— Өткен жылы барлық мектептерге шаңғы мен коньки алынды. Басты мақсат – ауданда қысқы спорт түрлерін дамыту. Қар жаумаған күндерде балалардың жаттығуына мүмкіндік болмады. Қолайлы сәт келгенде жіберіп алмай, жаппай қысқы спортпен айналысуды қолға алудамыз. Бүгінде барлық мектептің өз спорт командалары бар. Енді міне, аудан тарихында алғаш рет қазақстандық олимпиадашыларды қолдау мақсатында сайыс өткізудеміз, — дейді аудан басшысы Серік Арыстан.

Таза ауадағы қызықты өткен шаңғышылар жарысы ешкімді бей-жай қалдырмады.

— Осындай спорттық шаралардың жиі өтіп тұрғанын қалаймын. Біз көрші облыстарда өткен осындай жарыстарға қатысып, екінші орынмен оралдық. Енді ылғи жаттығып, келесі жарыстарда міндетті түрде жүлделі орын аламыз, — дейді шаңғышылардың бірі Сұлтанбек Рахметов.

Айта кетейік, өңірде жазғы спорт түрлері айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Өткен жылдан бастап қысқы спорт түрлеріне де ден қойылып, барынша жетілдіру қолға алынды. Тек бір ғана Индер ауданының өзінде барлық мектептерге 49 миллион теңгеге  дене шынықтыру мен спортқа қажетті құралдар мен жабдықтар алынып, балалар оларды қуанышпен пайдалануда.

 

     Светлана Муньянова